«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЗҒАН ҮЙЛЕР ТҮРЛЕНІП ШЫҒА КЕЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл қаласының жайлы тұрғын үй қоры 1036 көппәтерлі тұрғын үйден тұрады. Олардың көпшілігі алпысыншы жылдары салынған, солай бола тұра, бұл үйлерде осы күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмей келді. Жылыту маусымы басталғаннан бері қалалық әкімдіктің атына пәтерлеріндегі температуралық режімнің төмендігін айтқан шағым-арыздар түсуде, алайда оның негізгі себептері жылыту маусымына дайындық шараларын уақтылы жасамайтын және тұрғын үйді қымтап, жылу беру желісіне жөндеу жүргізбейтін үй иелерінің өздерінің бейжайлығында екенін екінің бірі түсіне бермейді.

 

Тұрғындар ақшаларын желге шашып, ашық-тесік ортақ дәлізден, үй шатырлары мен жертөлелерінен, ескі есік-терезесінен, жарылып кеткен қабырғаларынан және ақаулы жылу желілерінен сыртқа кетіп жатқан жылу шығындарына ақы төлейді. Қазіргідей тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің отбасы бюджетіне түсер салмағы артып отырған жағдайда, әрине, оған жол беруге болмайды.

Осы келеңсіз жағдайдан шығудың бір жолы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына қатысу. Бағдарламаға қатысушы бола отырып, тұрғындар өздері тұратын үйлеріне қуат үнемдеу материалдары мен әдістері қолданылатын кешенді жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Соның арқасында тозығы жеткен үй шатырын, өңіп кеткен үйдің қасбеттерін, шіріген жылу желілерін және панельаралық жіктерін жаңғыртуға, сондай-ақ жылу қуатын есептегіш құралдарын орнатуға болады.

ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы іске қосылған 2011 жылдың тамызынан бастап, 2012 жылдың мамыр айына дейін 46 үй жөндеуден өтті. Осы мақсатқа өткен жылы бөлінген 812,5 миллион теңгеге және 2011 жылдың 118,2 миллион теңге қайтарылған қаржылары есебінен облыс бойынша 55 көппәтерлі тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстары жүргізілді, соның ішінде Петропавл қаласы бойынша жөндеуден өткені – 47 үй.

Биылғы 2013 жылғы бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1,625 миллиард теңгенің қаржысын бөлу жоспарлануда. Оған 60 тұрғын үйді жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Өткен жылы тұрғын үйлерді күтіп ұстау шығындарын өтеу үшін 1383 пәтер иесіне жалпы сомасы 103,3 миллион теңгенің тұрғын үй көмегі көрсетілді, ол 2011 жылғы берілген 37 миллион теңгеден 64 пайызға жоғары. Аз қамтылған отбасыларына тұрғын үй көмегін көрсету үшін биылғы жылы бюджеттен 82,2 миллион теңге қарастырылып отыр.

2013 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша бағдарламаға бөлінген ақшалай қаржылардың қайтарымдылығы қала бойынша 221,8 миллион теңгені құрады, яғни 67,9 миллион теңгенің жоспары 327 пайызға асыра орындалды. Ақшалай қаржылар қайтарымының негізгі сомасы аз қамтылған отбасыларына тұрғын үй көмегі төлемі түріндегі республикалық және жергілікті бюджет дотацияларынан түсті. Ол 140,3 миллион теңге құрайды, ал қайтарылған қаржының қалған 81,5 миллион теңге сомасы тұрғын үйлер пәтерлері иелерінің қаржылары есебінен түсті.

Міне, осы игі істің нәтижесінде қаладағы ескірген тұрғын үй қорларын тұрмыстық талаптарға сай жаңғырту жұмыстары сәтті жүріп жатыр. Ал пәтерлердегі төменгі температуралық режім мәселесін шешуге пәтер иелерінің өздері белсене атсалысулары қажет. Әркім жеке өз пәтеріне жасағаны сияқты, тұрғындар бүтіндей тұрғын үйдегі қуат үнемділігіне қол жеткізетіндей лайықты күтім шараларын бірлесіп атқаруға жұмылуы тиіс.

СУРЕТТЕ: қаланың жаңғыртылған үйлері.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp