«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӘУЕЛІ ӨНЕР ІЗДЕЛІК, ҚОЛДАН КЕЛСЕ!”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әдия АХМЕТОВА,

облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Мақаламның тақырыбы айғақтап тұрғанындай, мен оны ұлы Абайдың “Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық” деген жыр жолдарына сүйеніп, қоғамдағы еңбектің қадір-қасиетін арттыруға оқталып отырмын. Еліміз әлемдік қауымдастықпен бірге жаңа – жиырма бірінші ғасырдың алғашқы он екі жылын еңсеріп тастады. Жаңа жүзжылдық әлем жұртшылығының алдына үлкен асулар белгілеп, бұлардан әр мемлекеттің өз пайым, таңдауына орай өту мақсатын қойды. Осы орайда әлем мойындаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қауымының алдына әлемнің бәсекеге ең қабілетті отыз елінің қатарына енуді тапсырма етіп жүктеді. Бұл негізсіз міндет емес. Бәсекеге қабілеттілік – табанды еңбекпен, жүкті жұмыла көтерумен қол жететін игілік.

 

Қазақстан тәуелсіз мемлекет мәртебесін иеленгелі 20 жылдық шепті еңсерді. Осы қас пен көздің арасындай ғана уақыттың ішінде еліміздің ғасырға бергісіз жолдан өткені әлемге аян. Көреген де кемеңгер Елбасымыз таңғаларлық бастамаларды көтеріп, халқымыз оларды ұйымшылдықпен жүзеге асырып келе жатқаны ақиқат.

Президентіміздің жаңа бастамасы – Қазақстанды әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” деген бағдарлама. Мұнда ел азаматтарының еңбек үдерісіне қатысуы, сол адал еңбектен алатын игілігі барынша егжей-тегжейлі қамтылған. Осы орайда Елбасымыз Үкіметке 20 тапсырма жүктеді. Еңбек мектебінен өткен ардагер болғандықтан, осы нұсқаулардың әр жолы өз өміріме қатысты екенін айрықша сезінемін.

Сондықтан қоғамдық пайдалы еңбекке араласқан өткен күндер ойға оралмай қоймайды. Мен көрші Ресейдің Түмен облысында туып-өскенмін. Біздің отбасымызда еңбек ерекше құрметке бөленді. Масылдық, өзгеге иек арту, өзіңе жүктелген істі өзгенің қолымен істету мен өскен ортада ұят саналатын. Әке-шешем бізді осылай тәрбиеледі. Оқуға, білім алуға баулыды. Соның арқасында мен 1962 жылы Петропавлдың педагогика училищесін тамамдап, Щучье қаласындағы педагогикалық училищеде ұстаздық еттім. Бірақ бұл білімімнің болашағымда аздық етерін сезгендіктен, 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тауыстым.

Осы жерде бір айта кетерім, менің өмірімде еңбек сабағы шамшырақ сынды болды десем, артық емес. Оған партия қызметін атқарған жылдарым арқау болды. Оның тағылымын жоққа шығару мүмкін емес. Бұл арада мен идеологияны емес, анық еңбекқорлықты басшылыққа алғанымызды айтқым келеді. Өйткені, мақсаткерлік, алға қойған іске жеке басыңмен жауапкершілік, көпшілікпен еңбек ете білу, әріптестік, кәсібилік қатаң талап етілетін. Бұл міндеттер өз бойыңнан табылмайынша, ешкімге өнеге көрсете алмайсың. Сондықтан бұл қызметтегі әр адам осы талаптар үдесінен табылуға тырысты.

Бұл тәжірибе менің 1993-95 жылдары облыстық тіл комитетін басқарған кезімде кәдеге асты. Бұл жылдары буыны бекімеген мемлекеттік тілдің мәртебесін жүзеге асыру оңай болған жоқ. Соған қарамастан, осы істе жұмсаған күш-жігерімді туған тілдің төске өрлеуіне қосқан үлесім деп білемін.

1996-2006 жылдары Петропавлда алғаш шаңырақ көтерген ұлт тіліндегі оқу орындарының бірі – №6 қазақ орта мектебін басқаруым тіл үшін күрестің заңды жалғасы болып табылды. Жаңадан қолға алынған істе қиындық болмай тұрмайды ғой. Ұстаздар ұжымы қалыптасып үлгермеген, көбі жастар. Оның үстіне тәжірибелері аз, бірақ бәрінің ұйысқан, ұйымдасқан жері – туған тілге деген құрмет. Ата-аналармен ынтымақты жұмыстың арқасында, мұғалімдердің жемісті еңбегінің нәтижесінде туған тілде білім алған алғашқы қарлығаштар ұшырылды. Осы он жылдық еңбек менің өмірімнің бір ұмытылмас белесі екені даусыз.

Мектебіммен байланысым әлі күнге үзілер емес. Кездесулерге жиі қатысамын. Әріптестеріммен, шәкірттермен әңгіме үстінде елімізде сүттей ұйыған бейбіт тұрмыстың негізі еңбекте екендігін айтудан жалықпаймын. Бұл – әлем таныған Елбасымыздың жасампаздық еңбегінің жемісі. Өйткені, қоғамды осылайша басқару, ең биік мақсаттарды жүзеге асыру нағыз көреген, ел-жұрт мойындаған басшының ғана қолынан келеді. Мысалы, Абай айтқан “Қолдан келе бере ме жұрт билемек?!” деген лебіз біздің Президентімізге арналғандай. Ол осы ел басқару, тағылымын өзінің біліктілігімен, кемеңгерлігімен айғақтады. Мен аталған құжаттың маңызын осылайша бағалаймын.

Қол жеткенді місе тұтпай, өмірлік тәжірибеңді жастарға дарыта білу де – ғанибет. Сол себепті бойда күш-қуат барында еңбектен тартынбауды ұйғардым. Осы оймен облыстық ардагерлер кеңесінде қызмет атқарып келемін. Өмірінің көбі өтіп, азы қалған қариялардың қоғамға берері әлі де аз емес. Сондықтан қоян-қолтық жұмыс атқарып, қолдан келгенімізді қоғамның игілігіне асыруға дайынбыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp