«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНІМІ ӨТІМДІ “КАЗМЯСОПРОДУКТ” өңіріміздің сапалы шикізатын пайдаланады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Казмясопродукт” ЖШС-і 2012 жылғы “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесінің жеңімпазы атанған болатын. Кәсіпорын шығаратын өнімдер бүгінде облыс сауда орындарында зор сұранысқа ие болып отыр. Ет өнімдерін өндірумен айналысатын осы саладағы өңірдің мықты өндіріс орындарымен қаймықпай бәсекеге түскен кәсіпорын шаңырақ көтерген сегіз жылдың ішінде нарықтағы өз орнын ойып тұрып алды деуге болады. Нәтижесінде қала мен облыс аудандарының тұрғындары кәсіпорын маркасымен шығарылған өнімдерді іздеп жүріп алатын дәрежеге жетті. Өндіруші үшін тұтынушыларының мұндай ыстық ықыласынан асқан құрмет болмаса керек.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қаланың Омбыға шығар жақтағы солтүстік қиыр шетінде қоныс тепкен кәсіпорынның орнында бұрын мал сою цехы болды дегенге қазірде ешкім сенбес. Қаңырап қалған ғимарат толық қайта жаңғыртылып, қосымша өндіріс алаңдарымен толықтырылған, әкімшілік-тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты қайта жарақтандыру жұмысы жүргізілген. Сөйтіп, кәсіпорынның іші-сырты көз тартарлықтай қалыпқа келтіріліпті. Алайда, әзірге одан артыққа мүмкіндігі жоқтықтан, кәсіпорын кеңсесі өндірістік цехтармен бірге бір шатырдың астында орналасқан екен. Серіктестік директоры Аркадий Вознюкті осындағы өз кабинетінде жолықтырдық.

 

– Өздеріңіз көріп отырған бұл кәсіпорын бизнес серіктесім Серік Ілиясов екеуміздің бірлесіп құрған кәсіпкерлік ісіміз болып табылады. Екеуміз де оның тең дәрежелі құрылтайшыларымыз. Серік өндірістің шикізат базасы учаскесіне жетекшілік етеді, атап айтқанда, кәсіпорынды сойыстық малмен қамтамасыз ету және өндірістік әдіспен мал союды жүргізу, тағы басқа да жабдықтау жұмыстарына ол жауапты. Ал кәсіпорынның директорлық қызметін атқарып отырған менің міндетіме өндірістің технологиялық жұмыстары, ет өнімдерін тереңдете, сапалы өңдеуді ұйымдастыру, кадр мәселелерін шешу және әкімшілік басқару жұмыстарын жүргізу жатады. “Келісіп пішкен тон келте болмас” дегендей, бір-бірімізбен ұғыса жұмыс жүргізуіміздің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде өндіріс аяғынан нық тұрып, бізден бұрын жұмыс істеп келе жатқан қуатты кәсіпорындармен тайсалмай бәсекелесе алар дәрежеге жеттік. Тақыр жерден бастаған ісіміздің осындай өрге басуы, әрине, біз үшін зор мерей. Енді табыс кілтін қолдан шығармауға тырысып бағамыз, – дейді Аркадий Дмитриевич.

Иә, серіктестік басшысы айтса айтқандайын, “Казмясопродукт” ЖШС-і – бүгінде өз өнімінің өте жоғары сапасына кепілдік бере алатын, облыстың дамып келе жатқан ет өнімдері нарығында тұрақтылығымен танылған кәсіпорын. Ол осызаманғы озық құрал-жабдықтармен және прогрессивтік технологиялар бойынша жұмыс істейді. Жоғары сапа көрсеткішін мақсат еткен кәсіпорын өнімнің 70-тен астам түрін шығарады. Олары талғампаз тұтынушыларының көңілінен шығатындықтан, сатып алушылар мен тапсырыс берушілер қатары арта түсуде. Өндірілетін өнімнің өтімділігіне оң әсерін тигізіп отырғаны оның жоғары талапқа сай келетін жергілікті шикізатты ғана пайдаланатынында болса керек. Бұл жайында директордың бизнес серігін сөзге тарттық.

– Бізде шикізаттың мол қорын жасау мүмкіндігі бар. Сыйымдылығы 150 тонналық мұздатқыш камерамызға қыруар ет сыяды. Өндірістің үзілмейтін айналымын қамтамасыз ету үшін мұздатқышта үнемі кем дегенде 50 тоннадай ет жатуын көздейміз. Өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету үдерісінде іркіліске жол бермеу мақсатында мал тапсырушы кәсіпорындармен тура делдалсыз байланыс орнатылған. Өңіріміздің іргелі мал шаруашылықтары өндірістік сұранысымызды толық өтеп келеді. Комбинатымызға негізгі мал өткізуші шаруашылықтар қатарында “Зенченко және К” КС-ін, “Алабота”, “Столыпинское”, “Заградовское”, “Петерфельд-Агро” ЖШС-лерін, “Леонов” шаруа қожалығын және тағы басқаларын атауға болады. Шұжық өндірісіне қажетті шошқа етін мамандандырылған арнайы шаруашылықтардан аламыз. Әсіресе, Мамлют ауданындағы “Союз” шаруа қожалығымен тығыз байланысымыз бар.

Сойыс малын тек ірі тауар өндірушілерден қабылдап, өндірістік әдіспен ғана соятындықтан, шикізат сапасында кемшілік болмайды. Әрі оған осында тәуелсіз сараптама жүргізетін екі ветеринарлық дәрігер де жол бермейді. Олар облыстық ветеринарлық станцияның және аумақтық инспекцияның атынан жұмыс істейді. Кәсіпорында шаруашылықтардан жеткізілетін малды уақытша ұстай тұратын орын да бар. Мал сою жұмысы жақсы ұйымдастырылған, тәжірибелі маман Людмила Кенибас жетекшілік ететін бұл цехта 15 адам еңбек етеді. Өндірістің осы ең бір ауыр буынында бригадир Владимир Фоминых және тәжірибелі мал союшылар Байбол Кәрімов пен Александр Котанеевичке зор сенім артамыз, – дейді Серік Ескендірұлы.

Міне, осылардың бәрін басшылардың өз аузынан есту бар да, көзбен көру де бар. Кәсіпорын басшыларымен өндірістік цехтарды аралағанымызда естігенімізден ешқандай алшақтық жоқтығын байқадық. Айталық, әлгі мал сою цехында қазқатар ілінген мал етінің біркелкі қоңдылығы байқалады. Қайсыбір шағын шұжық цехтарына жекеменшіктен түсіп жататын адалдығы сенімсіздеу арық-тұрақ етке мүлде ұқсамайды. Көргеннен-ақ көз тоятын нағыз өндірістік таза сойыс өнімі екенін жазбай танисың. Бұл ретте осы жерде кездескен облыстық ветеринарлық зертхананың қызметкері, тәуелсіз сарапшы Қайыржан Исақовтың да ет сапасына өте жоғары баға беріп отырғанын айтпасқа болмайды. “Қанша кәсіпорында бола жүріп, мұндай сапалы етті көргенім осы, ешқандай бактериялық талшық жоқ, қоңдылығы тіпті тамаша”, – дейді ол.

Кәсіпорын басшысы Аркадий Вознюк цехтарды аралата жүріп, олардағы жұмыс жайымен таныстырып отырды. Жуырда кәсіпорынның екінші қабатындағы бұрынғы асхана орналасқан жерде жартылай фабрикаттар өндіретін цех ашыпты. Жұмысын жаңа жолға қойған бұл цехта әзірге 5-6 адам еңбек етеді. Қазір онда тұшпараның бес түрі өндіріледі. Директор оған автоматты қондырғы орнатып, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты.

Комбинаттың беткеұстар брендтік өнімдері – түрлі шұжық шығаратын цехы өндірістің негізгі буыны болып саналады. Наталья Шабалина басқаратын бұл цехтың өндіріс үдерісіне технолог Салтанат Орынбекова жетекшілік етеді. Ол – бұрын Көкшетау қаласындағы ет комбинатында еңбек еткен білікті маман. Оның осында ауысып, тұрмыс жағдайын келтіруіне кәсіпорын басшылығы көмек жасаған. Технолог өзіне көрсетілген осы сенімді ақтап, жоғары өнім сапасын өз уысында ұстап отыр. Бұл ретте өндірістік ортақ істе еселі еңбектерімен көзге түсіп жүрген Анна Рыжкова, Ғалия Жақыпова, Дмитрий Пермяков және Андрей Ершов сияқты цехтың озат жұмысшыларымен бірге жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Кәсіпорын өткен жылы жалпы сомасы 401,5 миллион теңгенің 504 тонна ет өнімдерін өндіріп, бұрнағы жылмен салыстырғанда өнім өндіру көлемін 146,7 пайызға ұлғайтқан болса, оған осы цех еңбеккерлерінің қосып отырған үлесі зор екені сөзсіз.

Серіктестіктің дайын өнімдері негізінен 9 сауда орны бар қаладағы фирмалық өз желілері арқылы өткізіледі. Сондай-ақ өнім өткізу желілерін одан әрі дамыта отырып, қаланың басқа сауда ұйымдарымен де ынтымақтастықта жұмыс жүргізеді. Өнімді сауда орындарына жеткізу үшін 5 автокөлікті пайдаланады. Қазақстандық ИСО-9001 стандарттау сертификатына сәйкес комбинат өнімдеріне облыс тұрғындарынан басқа Астана қаласының және республиканың көршілес өңірлерінің тұтынушылары да қызығушылық танытуда.

Экспедиторлық бөлімде дайын өнімдерді де көрдік. Онда пісірілген, ысталған, сүрленген шұжықтың неше түрі бар, сондай-ақ сүрленген бройлер құс етін де байқадық. Оны көршілес бройлерлік құс фабрикасының өнімдерінен дайындайды екен. Осы сүрленген және ысталған дайын өнімдерді тұтынушыларына ыңғайлы әрі көркем шағын орамаларда ұсыну үшін вакуумдық орама аппаратын іске қосқан. Онда жұмыс істейтін оператор Олег Азмұхаметовтың шапшаң қимылына тәнті боласың.

– Шамамыз жеткенше өндірісті жаңа техникалық қондырғылармен жарақтандыруға тырысып жатырмыз. Соңғы орнатқандарымыздың бірі – осы вакуумдық орама аппараты. Өндіріс мәдениетінің артқаны осындай істен көрінеді, тұтынушылардың өскелең талаптарына сай жұмыс істеуіміз керек. Мұндай орамадағы тұтынысқа дайын өнімдер әрі ұзақ сақталады. Сол сияқты техникалық қуатымызды арттыру мақсатында Германиядан шұжыққа фарш нығарлаушы бесінші шприц алғалы отырмыз. Ал шұжық сыртын Дондағы Ростовтың “Атлантис-Пак” фирмасынан аламыз және өзімізде өндірілетін мал ішегін пайдаланамыз. Кәсіпорында ішек-қарын өңдейтін шағын цех іске қосылған. Жалпы комбинат қалдықсыз өндіріс жүйесі бойынша жұмыс істейді. Енді жетіспей отырғаны ет қалдықтарын өңдейтін шағын цех ұйымдастыру ғана. Мал сүйегін “СБИ-Агро” ЖШС-нің сүйек-ұн зауытына тапсырамыз. Өндірісті кеңейту жөніндегі ойға алған жоспарларымызды жүзеге асыру үшін ұзақмерзімдік жалға жер қосып алып, кәсіпорын ғимаратын жаңғыртуды көздеп отырмыз, – деді Аркадий Дмитриевич.

Серіктестік басшысы сонымен бірге кәсіпорында әлеуметтік мәселелерге де жете көңіл бөлінетініне тоқталды. Мысалы, бұрынғы жылу қазандығы ғимаратын қайта жаңғыртып, жақсы асхана жасапты. Онда комбинат жұмысшылары арзанға тамақтанады. Кәсіпорынның қалалық көлік бармайтын шалғайда орналасуы себепті қиындықты өз күштерімен шешіп, жұмысшыларының қатынап тұруы үшін арнайы автобус шығарған.

Өндірісі өрге басып, тауар нарығында үздік жетістіктерімен танылған “Казмясопродукт” ЖШС-і бүгінде, міне, осындай биіктерден көрініп отыр. Өте сапалы өнімдерімен еліміздің басты байқауларына қатыса бастаған оның нарық бәсекесінде олар асулары әлі де алда.

СУРЕТТЕРДЕ: серіктестік басшылары Аркадий Вознюк пен Серік Ілиясов өндірістік мәселені талқылауда; зертхана қызметкері Қайыржан Исақов сараптама жасауда; ет сылушы Юлия Гриценко; вакуумдық орама аппаратының операторы Олег Азмұхаметов жұмыс үстінде; кәсіпорынның жөнелтуге әзір өнімдері.

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp