«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР – БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күлпаш ҚАЛҒОЖИНА,

облыстық білім басқармасының

мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бастығы.

 

Білім басқармасы таяуда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңін өткізді. Осының негізінде оқушылардың облыстық олимпиадасының қорытындысына талдау жасауға болады. Олимпиадаға қатысушылардың психологиялық-физиологиялық қобалжуы жауапты жарыстар алдындағы спортшылардан кем емес. Зияткерлік турнирлердің спорттан айырмашылығы – онда кездейсоқтық пен жол болғыштық жоқ. Мұндағы жалғыз өлшем білікті комиссия алдында біліміңді көрсету болып табылады. Біліміңді іс жүзінде көрсету мәселесі оңай емес екендігі аян.

 

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөнінде 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуі кездейсоқтық емес.

Егер олимпиада қорытындысын функционалдық сауаттылық призмасы арқылы қарастыратын болсақ, онда жағымды ілгерілеушілік барын атап айтуға болады. 9-11-сыныптардан 469 оқушы қатысып, олардың 183-і (39%) түрлі дәрежедегі дипломдарға ие болды. Оның 34-і – бірінші, 60-ы – екінші, 89-ы үшінші орындарды алды. Сонымен бірге қол жеткізген нәтижелері үшін 14 оқушыға облыстық білім басқармасының грамоталары табысталды. Ауылдық мектептердің жетістіктері де жаман емес. Есіл ауданынан – 5, Айыртау, Жамбыл және Шал ақын аудандарының әрқайсысынан 4 жүлдегерден шықты. Шал ақын ауданындағы Сергеевка №3 орта мектебінің оқушысы Виктория Матвейчук орыс тілінде оқытатын мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен, М.Ахметбеков атындағы орта мектептің оқушысы Айсұлу Қасым қазақ тілінде оқытатын мектептің қазақ тілі мен әдебиетінен бірінші орындарды жеңіп алды. Есіл ауданындағы Корнеевка орта мектебінің оқушысы Айсұлу Есімова неміс тілінен үздік шықты. Жамбыл ауданындағы Рождественский шағын жинақты негізгі мектебінің 9-сынып оқушысы Әлібек Бөкенов географиядан терең білімімен көзге түсіп, бірінші орынды еншіледі.

Жоғары білім деңгейлерін дәлелдеген инновациялық мектептер: қазақ-түрік лицейі – 30, “ЛОРД” лицейі – 29, “БЭСТ” гимназиясы – 28, Бірінші лицей – 16, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернат оқушылары 15 дипломды жеңіп алды.

Алдыңғы жылдарға қарағанда, биыл ауылдық оқушылар 34 дипломға (4 – бірінші, 10 – екінші, 20 – үшінші) қол жеткізіп, нәтижесінде барлық аудандардан олимпиада жеңімпазы болмаса да, жүлдегерлер шықты. Бұрын кемінде 3-4 аудандық команда құр алақан қайтатын.

Петропавл қаласы мектептерінің нәтижелері де жаман емес. Олардың қоржынына 75 (40%) диплом түсті. Олардың 15-і – бірінші, 30-ы – екінші, тағы соншасы үшінші орындарды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасында: №1, 6, 7, 10, 13, 17, 21, 26, 32 жалпы білім беретін орта мектептер бар. Соның ішінде №10 және №21 орта мектептердің әрқайсысынан 3 оқушыдан дипломдарға ие болды.

Білім сапасын арттыру – шығармашылықпен жұмыс істейтін педагогтердің білім беру үдерісіндегі қол жеткізетін басты нәтижесі және соңғы мақсаты. Осындай шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдер қатарына қазақ-түрік лицейінен – А.Рамазанова, А.Дәуітәлиева, Шал ақын ауданындағы М.Ахметбеков атындағы орта мектептен – З.Баяхметова, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттан – К.Әбдірашева, “БЭСТ” гимназиясынан – В.Коршен, Л.Трифонова, “ЛОРД” лицейінен – Н.Побежук, С.Кревсун, Л.Чернявская, бірінші гимназиядан – А.Леваш, А.Голодова, жалпы білім беретін бірінші лицейден О.Русакова, Рождественский орта мектебінен Е.Киряшты және тағы басқаларын жатқызуға болады.

Қазіргі кезде мектеп басшысының рөлі де айтарлықтай артып отыр. Ол педагогикалық үдерістің режиссері мен дирижері ғана емес. Білім беру менеджментінің жеделдігі мен қарқындылығы білім саласын реформалау мен жаңғырту жағдайында оқу әрекеттерін басқарудың түбегейлі жаңа талаптары туындап отыр.

Бүгінгі күні оқушылардың білім жетістіктерін қорытындылай отырып, бұл іс мына басшылардың қолынан жақсы келетінін аңғардық. Олар: қазақ-түрік лицейі (Б.Омаров), “ЛОРД” лицейі (К.Рыб), жалпы білім беретін бірінші лицей (Е.Коноплева), Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат (К.Төкенова) және басқалары.

Облыстық олимпиаданың негізгі мақсаты – жаратылыстану-математика пәндері бойынша Жамбыл облысының орталығы Тараз шаһарында, гуманитарлық бағытта Алматы облысының Талдықорған қаласында өтетін республикалық қорытынды кезеңге қатысу үшін ең дарынды және даярланған оқушыларды анықтап, іріктеп алу.

Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы біздің өңірде талантты да дарынды жастар бар екенін көрсетті. Облыстық команданың құрамына ең алдымен барлық жеңімпаздар алынды және жүлдегерлердің айтарлықтай бөлігі іріктелді. Өңірлік команданың 73 үміткерінің 75%-ы инновациялық үлгідегі мектептердің оқушылары: “ЛОРД” лицейі – 13, жалпы білім беретін бірінші лицей – 12, “БЭСТ” гимназиясы – 12, қазақ-түрік лицейі – 9, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат – 6 және тағы басқалар екенін атап өткім келеді.

Былтырғы жылы біздің команда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық оқушылар олимпиадасында 25 медальға (4 алтын, 8 күміс, 13 қола) ие болған еді. Бұл жаман көрсеткіш емес. Салыстырмалы түрде айтар болсақ: 2010 жылы – 3, 2011 жылы – 9. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада жоғары нәтижелерге қол жеткізген “ЛОРД” лицейінің командасына 1-орын тағайындалды және “Ең үздік олимпиадалық мектеп – 2012” атағы берілді. Құрама команда мүшелеріне облысымыздың намысын табыспен қорғап, халықаралық олимпиадаға қатысу үшін республика командасының құрамына өтулеріне тілектеспіз. Облыстық олимпиададағы оқушылардың жетістіктерін атай отырып, біздің тоқмейілсуімізге әлі ерте. Зияткерлік конкурстың деңгейін көтеру мақсатында айтпаса болмайтын, ескерілмей қалған кемшіліктер де бар екенін жасырмаймыз. Олимпиада қорытындысына талдау жасай отырып, ауылдық мектептердің басым көпшілігі гуманитарлық бағыттағы пәндерді таңдайтынына көз жеткіздік. Физика-математикалық және ғылыми-жаратылыстану бағытындағы пәндердің жүгін негізінен инновациялық мектептердің оқушылары көтереді. Оның өзінде барлық мектептерден емес. Бұл пәндер бойынша көшбасшылыққа талас бірінші лицей, “ЛОРД” лицейі, қазақ-түрік лицейі, “БЭСТ” гимназиясы, бірінші гимназия, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушыларының арасында өтті. Комиссия мүшелері қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен жоғары білім деңгейін көрсеткен оқушы болмағандықтан, бұл пәннен бірінші орын бермеді. Сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі мен әдебиетінен – 10- сынып оқушылары, математикадан – 9-сынып, информатикадан – 9 және 10-сыныптар оқушылары арасында жеңімпаз шыққан жоқ. Құқықтану негіздері бойынша да осындай жағдай болды.

Кейбір аудандық білім бөлімдері өз командаларын іріктеу кезінде немқұрайдылық танытады. Соның салдарынан пәндік конкурстарда 1-2 ұпай ғана жинап, қанағаттанғысыз баға алады. Айтылған келеңсіз жағдайлар білім беру ұйымдары мен бөлім басшыларының ғана емес, сондай-ақ педагогтер, оқушылар және ата-аналардың да назарында болуы керек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp