«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІ АТА YСТАНЫМЫН ЕСКЕРЕСІЗ БЕ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Адамзаттың геномы”. Бұл – өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қазақ ұлтына берген атағы. Ғалымдардың жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде әлем қазақ ұлтының генетикалық жағынан таза халық екенін мойындаған. Бұл жеті атаға дейін үйленбеу заңының жемісі болса керек. Дала заңымен өмір сүрген қазақ халқы осылайша қанның тазалығын, ұрпақтың тектілігін сақтап келген. Желдің бағыты өзгергендей, заман да өзгерді. Жеті атаны білмек түгіл, әз аталарының есімін, тіпті, қай елден шыққанына мән бермейтін қазақтар кездеседі арамызда. Десек те, еліміз Тәуелсіздік алғалы ұлттың беті бері қарап, түп-тамырын іздеушілер де бар. Бұл да қаннан берілген этникалық түйсіктің көрінісі болса керек.

 

Дәстен Смағұлов, Троицк орта мектебінің мұғалімі:

– Жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б. жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Жеті атаға толмай, бір-бірінен қыз алыспайды. Бұл заңдылықты әрбір қазақ білуі тиіс болатын. Бірақ қазіргі уақытта жеті атасын түгелдей жатқа білетін қазақтар бірен-саран. Бұған көптеген сыртқы факторлар әсерін тигізді. Ұлы Отан соғысы, халықтың нәубетіне айналған ашаршылық, осы тектес тарихи оқиғалар ұрпақтың жеті атасын түгіл, елін ұмыттырды. Осылайша бір жіпке ғасырлар бойы тізілген маржандар үзіліп, тарыдай шашырады. Сондықтан жеті атасын білмейтіндерге кінә арту да дұрыс емес. Дегенмен, жеті ата ұстанымы – рухани бірлік пен этникалық тұтастықтың қуатты арқауынан бұрын ұлттың генетикалық тазалығын сақтаушы дәстүр. Ендеше отбасын құрар алдында әр жұп өзінің жеті атасына мән беруі керек.

Лариса Баранова, облыстық перинаталдық орталықтың генетик-дәрігері:

– Шаңырақ көтергелі жатқан жұптың туыстық байланысының алшақтығы дүниеге келген сәбидің денсаулығының мықты болуына әсер етеді. Бұл – өмір заңдылығы. Ал басқа ұлттарға қарағанда, қазақ халқы осы ұстанымды дала заңы етіп бекітіп, халық та әлі күнге дейін осы заңдылықты сақтауға тырысады. “Махаббат жасқа қарамайды” демекші, ол сезім руды да таңдамаса керек. Себебі, орталыққа келіп, кеңес алып жатқан отбасылардың тең жартысы – бір-бірімен туыстас жұптар. Оларға: Бала сүю Сіздер үшін қауіпті немесе баланың болашағына балта шабуы мүмкін десек те, өздерінше шешім қабылдайды. Біз оларға тыйым сала алмаймыз. Тәжірибеде ондай жұптар көп кездеседі. Тіпті, оларда дені сау бала туған жағдайда да, түбінде баланың денсаулығында ауытқушылық бәрібір байқалады. Бұл медицинада дәлелденген. Бір-біріне жақын туыс болып келетін бір отбасы 7 бала дүниеге әкеліп, соның жетеуі де 3 жасқа келгенде өкпе ауруынан шетінеп кете берді. Осыған ұқсас мысалдар қазіргі таңда өте көп. Әсіресе, қазақ отбасылары арасында жиілеп барады. Ақырсоңында бұл үрдіс қазақ ұлтының генетикалық тектілігінің жойылуына әкеп соқтыруы мүмкін.

Мәдина мен Ардақ Айдаровтар, жас отбасы, Қызылжар қаласы:

– Шаңырақ көтермес бұрын мен Мәдинаның қай елден екендігін біліп алдым. Екеуміздің руымыз бір болғанымен, әртүрлі аталардан тарағанбыз. Өз басым жеті атамды жатқа білмесем де, әйелімнің менің атамнан тарамайтындығын білемін. Бірақ қазіргі жастарға қарасаң, қыздың не болмаса жігіттің дәулеттілігіне мән беріп, жеті ата мәселесі қыз балаға сырға салып, екі жақ құдандалы болған уақытта ғана сұралып жатады. Оның өзі әңгіме болу үшін ғана. Бір таныстарымыз дәл осылай арғы аталарында жақын туыс болып келіп, әкешешесі қарсылық білдіріп, ақырында екі жастың да өмірлері күлталқан болған. Сондықтан менің ойымша, қазіргі жастар болашақ серігімен таныспас бұрын оның атын емес, руын біліп алғаны жөн.

Сабина Зайырова, 20 жаста:

– Өз басым ру дегенді мектепте біле бастадым. Мен тек әке-шешемнің ата-анасын, яғни өз атам мен әжемді білемін. Ал жеті атаның есімдерін білмек түгіл, ататек атауларын енді біліп жатырмын. Жеті атамды қазір білгім келсе де, ол мүмкін емес. Тұрмысқа шығар алдында өмірлік серігімді өз руымнан емес, басқа жүзден таңдағаным бәрінен дұрыс шығар.

Қайрат Молдағожин, 27 жаста:

– Сүйгенім маған жақын болмаса да, туыс болып келетіндігін құда түсу рәсімінде бір-ақ білдік. Өзім жеті атамды білмей өстім. Болашақ жарымның туған жері бөлек әрі әке-шешелеріміз бір-бірін танымайтындығын білу бізге жеткілікті көрінді. Рулас әрі алыс туыс болып келетін атадан тарайтындығымыз, тіпті, білмек түгілі, ойымызға да келмеді. Ақыр аяғында арғы атам мен әйелімнің алыс туысы бізге де туыс болып келетіндігін кеш білдік. Ол уақытта әке-шешеміз құдандалы болып, тойға дайындалып жатқан едік. Үлкен аталарымыз қарсылық білдіргенімен, алыс туыс болғандықтан, ештеңеге қарамастан отбасын құрдық. Ә дегеннен отбасымызда қандай да бір өзгеріс байқалады деп айта алмаймын. Дүниеге сәби әкелмес бұрын дәрігерлермен кеңестік, олардың айтуынша, барлығы ойдағыдай болуы тиіс. Бәлкім, ұлымыздың денсаулығында ешқандай ауытқушылық байқалмағанының себебі алыс туыс болғаннан болар? Қалай дегенмен, болашақ жардың білімі мен тәрбиесіне ғана емес, тегіне де мән берген дұрыс.

Жолдас Жабайұлы, 60 жаста:

  • Әкемнің әкесі, яғни менің атамның қандас бауырлары сұрапыл соғыстың алдында “халық жауы” деп айыпталып, түгелдей абақтыға қамалды. Жеті ағайындының ішінде менің атам жасы кіші болғандықтан, аман қалып, ай жарығымен туған елден Қызылжар өңіріне жөнелтілген еді. Үлкен ағалары інісін аман алып қалу үшін атамның атын өзгертіп, қай тектен екендігін ешқашан атама деген екен. Атам да балаларының “халық жауының” ұрпағы атанбас үшін өле-өлгенше ата-бабасының есімдерін құпия сақтап, зират басындағы тасқа тек өз руы мен шынайы есімін айтып, жазып кетті. Сондықтан менен тараған ұрпақ жеті атасын түгел білмесе де, өз руын біледі. Және де ұлыма болашақ келінді басқа рудан таңдасын деп айтқан болатынбыз. Келінім – өзге рудың қызы. Сондықтан да қанның тазалығын сақтап, тектіліктің жалғасуы үшін ата-аналар балаларына жеті ата ұстанымының қадір-қасиетін, оның маңыздылығын жете түсіндіріп, тәрбиелеулері тиіс. Сонда ғана ұлттың келбеті сақталып, тектіліктің тамырына балта шабылмайды.

Түйін сөз: “Адам арасындағы сұлулықты сақтаудың ең басты жолы – қандасына үйленбеу”, – деген екен даңқты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы. Бірде КазNet-тің әлеуметтік желілерін ақтара келе, аты-жөннен басқа тіркелу үшін руың мен жүзің міндетті ақпараттардың қатарына кіретін “Елім-ай” дүниежүзі қазақтарына арналған интернет-ресурсын көзім шалды. Онда әлемнің әр түкпірінен тіркелген қазақ жастары рулары мен жүздерін жазып, ақпарат алмасудың жаңа түріне көшкен. Бұл да жастар арасында ұмыт қалған жеті ата ұстанымын қайта тірілтудің бір жолы болса керек.

Сауалнаманы жүргізген

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp