Бүгінгі біздің ұрпақ үшін Тәуелсіздіктің арманнан ақиқатқа айналғанын көзімізбен көріп отырғанымыз – бақыт. Осы бақытты күніміздің шарықтау шыңы – 1991 жылғы 16 желтоқсан. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сол күні “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Жарлыққа қолын қойып, қазақ жұртының сан ғасырлық арманын баянды етті.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сол сәттен бері бар болғаны жиырма бір жыл кезең артта қалса да, бұл уақыт ғасырдан да ардақты. Біз ғана емес, төрткіл дүниені түгел танитын небір сұңғыла саясаткерлер Тәуелсіздіктің Қазақстанды өрге көтеріп, өзгелерге өнеге танытарлықтай деңгейге жеткізгенін жаңылмай да, жалықпай да айтты, айтып та келеді.
Расында да, жас мемлекетіміз Елбасымыздың кемеңгерлігі мен көрегендігінің арқасында алыптың адымымен қарыштап қадам басып, әуелі – экономикада, содан соң – саясатта, осыларға ілестіре отырып, әлеуметтік тұрмыста таңғажайып биікке көтерілді. Соның нәтижесі – аяғынан қаз тұрған сарғалдақ өңді сәбидей ғана Қазақстан әлемдегі ең бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енуді алдына міндет етіп қойғаны еді. Бұл – сол жылдардағы әлі де бұғанасы бекіп, қанаты қатая қоймаған елдің кескін-кейпі. Осыларды айта отырғанда, Тәуелсіздіктің алғашқы бір жылының өзіндегі ең бір мықты жетістіктеріміз есімізге орала береді.
Иә, бір жыл өткенде АҚШ пен Қытайдан бастап, төрткіл дүние мемлекеттерінің басшылары Қазақстан Тәуелсіздігінің біржылдығына орай Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтау жедел-хаттарын жолдады. Бір қызығы, нақ сол 1992 жылдың 16 желтоқсанында Елбасымыздың Ресейдің “Останкино” сияқты бұқаралық ақпараттың көшбасшы телекомпаниясы арқылы сөйлеп, сол әйгілі хабарда біздің бүгінгі алға шыққан абыройлы тұрмысымыздың нобайын сызып бергені санамнан өше қойған жоқ.
“Алдымен – экономика, сосын – саясат” деген қағиданы берік ұстанатын көреген Елбасымыздың бұл ұмтылысын тәуелсіз еліміздің алғашқы қадамдары айғақтады. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту арқылы Қазақстан әлем елдері басшыларының бойында бейбітшілікке деген сенімімізді ұялатты. Осының өзі еліміздің экономикалық өрлеуіне жол салып бергенін бүгінде барша мойындайды.
1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясында дауысқа салынбай-ақ, осы Бүкілдүниежүзілік ұйымға мүше болып қабылданса, сол жылдың 5 қазанында Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мінберінен тұңғыш рет тарихи сөз сөйлеп, мемлекеттердің әскери бюджеттерін жыл сайын қысқарту идеясын ұсынды. Сондай-ақ ол “Әлемдік теңгерімсіздік формуласына” тоқталғанын да білеміз. Бақсақ, Солтүстік пен Батыс елдерінің ең бай адамдарының 20 пайыздайы әлемдік өркениеттің жалпы кірісінің 83 пайызын пайдаланады, ал Оңтүстік пен Шығыстың пешенесіне жазылғаны кедейлік қана және де олардағы жалпы кіріс бар болғаны 1,4 пайыз екен.
Сол жолғы сессияда Елбасымыз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары бойынша кеңес құру идеясын да алға тартқанды. Бас Ассамблея өзінің қарарымен құптаған бұл ұсыныс қабылданып, 2012 жылы қозғалыс өзінің жиырма жылдығын атап өтті. Оған Азия құрлығының 24 елі мүше болып енді.
Тәуелсіздіктің елең-алаңынан-ақ әлемдік қоғамдастықтың қолдауына ие болған бастамашылықпен Елбасымыз мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуды басты мақсат етіп қойды. Осыдан кейін ол 1992 жылдың мамырында ТМД-дағы елдермен қорғаныс жөніндегі шартты бекітіп, АҚШ-тың және НАТО-ның тарапынан қауіпсіздік туралы кепілдеме алуға қол жеткізді.
Кейін жақын және алыс шетелдердің көрнекті саясаткерлері Қазақстанның өзінің 14 мың шақырымдық шекарасын мықтап бекітіп алғанын атап көрсетті. Осыған қол жеткізгеннен кейін еліміз сыртқы экономикалық байланыстарды нығайтуды, алыс шетелдермен жан-жақты қарым-қатынастарды және азиялық шоғырлануды жүзеге асырды.
Табиғи байлықтарымызды игеруге дәрменіміз жетпей тұрған алғашқы жылдары сыртқы экономикалық байланыстар тарапында инвесторлар тарту елдегі кейбір оппоненттерді үркітсе, Тәуелсіздіктің өткен жиырма бір жылы бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көрегендігі, болашақты болжай білу қабілеті екенін көрсетті.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіріп, Астана сынды мүлде жаңа әрі ғалам таңғаларлық қала тұрғызу, 1997 жылы “Қазақстан – 2030” Стратегиясын бекіту арқылы берекелі, игілікті тұрмыстың іргесін қалау, ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету Ислам ынтымақтастығы ұйымына басшылық жасау, 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс өктемдігіне төтеп беру, тіпті, осының өзінде ел қуатын нығайтуға қол жеткізу мемлекетіміздің іргетасы берік екенін дәлелдеді. Ал кеңестен кейінгі кезеңдегі бүкіл кеңістікте бірінші ел болып “ЕХРО – 2017” Халықаралық көрмесін өткізу құқығына ие болуымыз – Қазақстанның әлемдік жетістігінің тағы бір көрінісі.
Бұл жетістіктердің бәрі бір ғана ұлттың емес, 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұратын елдің ішкі саяси тұрақтылығының және бірліктің сақталуының, мемлекеттегі қоғамдық келісімнің жемісі екені даусыз. “Бөлінгенді бөрі жейді” деп бабаларымыз бекер ескертпегенін білетін қазақ халқы табиғат дарытқан бауырмалдығының арқасында осындай бұлжымас достыққа ұйытқы болып отыр.
Қуатты да табысты мемлекетіміздің басты жетістігі – Тәуелсіздік екеніне бұдан артық айғақтың қажеті жоқ. Жедел өзгеріп отыратын тарихи жағдайларда саяси бағыттардың соларға бейімделетіні түсінікті. Сондықтан Елбасымыз өткен жылдың 14 желтоқсанынан бастап тарихи құжатқа айналған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында тәуелсіздіктің мәңгілік болуын алға тартты және оған қауіп тудыратын жаһандық сынтегеуріндерді атап көрсетіп берді.
“Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз “Стратегия – 2030” іске асты, заманауи Қазақстан орнықты” деп айта аламыз. Бұл – біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі. Біз өз жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленеміз”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Жолдауында.
Осы жетістіктерге біздің өңіріміздің де қосып отырған үлесі айтарлықтай. Ауыл шаруашылығындағы, өнеркәсіптегі, тұрғын үй құрылысындағы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы табыстарымыз бұған айқын дәлел бола алады. Мәселен, өткен жылдың он бір айында өңірімізде негізгі қорға 75,8 миллиард теңгенің инвестициялары салынып, бұл 2011 жылғыдан 132,9 пайыз артық болды. Ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімдер көлемі 237,3 миллиард теңгені құрады. Тұрғын үй құрылысына 4,7 миллиард теңге жұмсалды. Шағын және орта бизнестің қанаты кең жайылып келеді. Әлеуметтік салада да елеулі ілгерілеушілік бар. “Қазақстан – 2030” Стратегиясында Елбасы елімізді әлем нің ең бәсекеге қабілетті елу мемлекетінің қатарына енгізуді мақсат етіп қойса, “Қазақстан – 2050” Стратегиясында республикамызды дүниежүзіндегі ең дамыған 30 елдің біріне айналдыруды көздеп отыр.
Алдымызға осындай асқар міндет қойылып тұрғанда “Біздің басты жетістігіміз – Тәуелсіздік!” деп айтуға құқылымыз.
“Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді “Мәңгілік Ел” етуді мұрат қылдық”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында. Бұл да ақиқатқа айналатын арман.