Айгүл БАЗАРОВА,
білім саласындағы әдістемелік жұмыс
және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары.
Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының ұйымдастыруымен облыстың білім беру мекемелерінде “Адам және құқық” тақырыбы бойынша 9-11-сынып оқушылары арасында дебаттық турнирлер, пікірталастар, “дөңгелек үстелдер” өткізілді.
Қызылжар ауданындағы №2 Бескөл орта мектебінде “Брейнринг” ойыны түрінде ұйымдастырылған сыныптан тыс “Адам және құқық” шарасы қызықты өтті. Онда 9-10-11-сынып оқушылары “Элита”, “Заң” және “Бірлік” командаларына бөлініп қылмыстық, конституциялық, азаматтық, әкімшілік құқықтар бойынша білімдерін ортаға салды. Шарада тарих пәнінің мұғалімі Руслан Растенов модератор рөлінде болды. Құқық тарихынан сыр шертетін бейнекөріністен басталған шара оқушыларды баурап әкетті.
“Бәйге” кезеңінде қатысушылардың жүргізушінің сұрақтарына берген жауаптары арқылы шеберліктері, ойлау шапшаңдығы, білімдері бағаланды. Одан әрі ертегілер кейіпкерлерінің қатысуымен жасалған қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы сюжет көрсетіліп, оқушылардың құқықтық сауаттылықтары тексерілді. Келесі кезеңдерде балалар өздерін тергеуші мен судья рөлінде де бақылап көрді. Соңында қатысушылар заңды сақтау мен құқықты білу бүгінгі күннің қажеттілігі деген тоқтамға келді. Олар жиналғандарды қандай іске бармас бұрын ойланып алуға шақырды.
Тартысты да әділ өткен сайыста “Бірлік” командасы жеңімпаз атанды. Құқық пен заңның білгірі болып 10-сынып оқушысы Аян Тілеміс танылды. Қорытындысында қатысушылардың барлығына естелік сыйлықтар табысталды.