Кеше облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалығымен әкімдіктің отырысы өтіп, онда өңіріміздің 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, негізгі азық-түлік түрлерінің бағасы талқыланды.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш отырыс алдында жиналғандар 29 қаңтарда Алматы қаласы әуежайына 5 км. қалғанда “Көкшетау – Алматы” бағыты бойынша №760 әуе рейсін жасаған “Chellenger-200” ұшағы апатқа ұшырауына байланысты қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қаралы сәттен кейін өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы сараланды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Зиядден Молдағанаповтың айтуынша, өткен жылдың тоғыз айында өңірдің ішкі жалпы өнімінің көлемі 430,9 миллиард теңгені құрады. Десек те, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі индексінің Уәлиханов пен Айыртау аудандарында төмендеуіне жол берілген. Ал ауыл шаруашылығы саласында ет өндіру – 8 ауданда, сүт өндіру – 10 ауданда кеміп кеткен. Бұған ірі қараны сәйкестендіруге байланысты мал басының азаюы себеп болып отыр. Жеке аулалардағы мал қарасының сиреуі ет өндіруді – 4, сүт өндіруді 26 пайызға азайтқан. Өңірімізде 22,6 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оларда 99,1 мың адам жұмыспен қамтылған. Алайда, 2012 жылы белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 9,8 пайызға төмендеген. Негізгі капиталға инвестиция тартуда Айыртау мен Жамбыл аудандары көш соңында. Құрылыс саласында Тимирязев, Есіл, Ғ.Мүсірепов атындағы және тағы бірқатар аудандар мен Петропавл қаласы жақсы нәтижеге ие болса, өзгелері мұндай көрсеткішпен мақтана алмайды. Өңіріміздегі білім мен денсаулық сақтау саласының ахуалына да тоқталған Зиядден Молдағанапов облыста кедейшілік деңгейі – 0,6, жұмыссыздық 0,2 пайызды құрап отырғандығын айтты. Облысымызда ауыл шаруашылығы саласындағылардың еңбекақысы 49 мың теңгені құрап отыр. Еңбекақы төмен аудандар ретінде Аққайың, Тайынша, Айыртау аудандары аталды. Сонымен әлеуметтік-экономикалық даму бойынша 2012 жылдың 4-тоқсанында озық аудандар ретінде Ғ. Мүсірепов атындағы, Тимирязев аудандары мен Петропавл қаласы аталса, көштің соңында – Айыртау ауданы.
Аталмыш мәселелердің әрқайсысын талқылаған облыс әкімі Самат Ескендіров төмен нәтижелер көрсеткен аудан басшыларынан мән-жайды сұрады. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жыл сайын қаржыландыру көлемі өскенімен, белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны азаймай, керісінше, кем дегенде 30 пайызға жету керектігі айтылды. Сол себепті жергілікті жерлерде орта және шағын бизнестің өркендеуіне барлық жағдай жасау қажет. Осы орайда облыс әкімі өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жұмыста әр органды өз қызметін қалтқысыз орындауға шақырды.
Негізгі тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыру бойынша хабарлама жасаған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Тотыкамал Құлжанованың айтуынша, қырыққабат пен жұмыртқаның бөлшек саудадағы бағасы 8,3 және 10 пайызға өскен. Қырыққабаттың бұлай қымбаттауы өткен жылғы өнімнің аз болуымен түсіндіріліп отыр. Осы орайда облыстың тұрақтандыру қорында 100 тонна қырыққабаттың бар екендігі белгілі болды. “Солтүстік” ӘКК” АҚ басқармасының төрағасы Алексей Чен тұрақтандыру қорындағы азық-түлікті нарыққа шығаратын сауда нүктелерінің аздығын алға тартты. Бұл көкөніс түрінің өткен 3 айда тек 1,5 тоннасы ғана сатылған. Оңтүстіктен келетін жаңа өнім мамыр айының басында саудаға шығады. Ендеше сол уақытқа дейін қордағы қырыққабат түгел сатылмаса, оны алуға бөлінген мемлекет қаржысының зая кеткені. Осы орайда облыс әкімі қосымша сауда нүктелерін тауып, алдағы 3 айда 100 тоннаны түгел сатуды тапсырды. Бұл жұмысқа дүкендері бар жеке кәсіпкерлерді тарту қажеттігі айтылды. Тұрақтандыру қорында осындай мол көлемде күріш пен қарақұмық та жатыр. Күріш, тіпті, екі жылдан бері өз тұтынушыларын таппаған.
Облыстағы тұрақтандыру қорының мұндай енжар жұмысына облыс әкімі Самат Ескендіров көңілі толмайтындығын жеткізді. Осы орайда аудан әкімдеріне де жергілікті бөлшек саудадағы әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыруда жоғарыда аталған қордың көмегіне жүгінуді тапсырды. Олай болмаған жағдайда әңгіме ауаны басқа бағытта өрбитіндігін ескерткен облыс әкімі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Тотыкамал Құлжанованы тұрақтандыру қорының жұмысын назарда ұстауға міндеттеді.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.