«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАР ҮЙІ БОЛМАСА ҚАЙТЕР ЕДІК…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

журналист.

Қазақ – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халық, сондықтан да ешқашан жетімін жылатып, жесірін қаңғытпаған еді. Қарттар үйі, жетімдер интернаты деген ұғымдар қазақ қоғамы үшін жат болатын. Өкінішке қарай, бүгінде әлеуметтік үйлердің қатары азаюдың орнына артып келеді. Бұл жақсылықтың нышаны емес, әрине, алайда Қарттар үйі болмаса қамқорсыз қалған қариялар мен жүріп-тұрудың өзі мұңға айналған мүгедектер қайда барып паналар еді?…

 

Жаман әдет жұққыш келеді демекші, Батыстан бастау алған үрдіс бізге де келіп жетті. Интернат-үйлер өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары еңбекке жарамсыз, қамқорсыз қалған жандарға арналып салына бастаған болатын. Жыл өте келе бұл үйлерге бала-шағасына керексіз болып қалған қариялар да алына бастады. Кіндігінен шыққан балаларының өзі қазір ақ сақалды аталары мен ақ жаулықты аналарын апарып өткізіп жатыр.

Соңғы дерек бойынша, елімізде қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлердің саны 87-ге жеткен екен. Отыз мыңдай адам амалсыздан осы үйлерде тұрып жатыр. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде екі бірдей интернат жұмыс істеп тұр. Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында Қарттар үйлері өзге өңірлерге қарағанда көп шоғырланған.

Қызылжар өңіріндегі қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирново интернат-үйі 1971 жылы құрылған болатын. Қырық жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда ұзын саны 360 адам тұрып жатыр. Бұрындары Қарттар үйіндегі қазақтар саусақпен санарлық болатын, соңғы жылдары қатарлары қалыңдап бара жатқаны байқалады. Бүгінде мұндағы қара көздеріміздің саны қырыққа жақындап қалыпты. Интернат-үйінің директоры Еркін Жақыповтың айтуынша, интернатқа келушілердің көбі ішімдікке салынғандар екен. Біразынің бала-шағасы, жақын туыс-туғандары да бар көрінеді. “Қариялар ай соңында зейнетақыларын алатын кезде, ұялмай келіп тұратын балалар да бар”, – дейді ол.

Шынымен де, Қарттар үйіне келушілер саны артуының көп себептерінің бірі – осы ішімдікке салынушылық. Биыл жетінші жыл қатарынан Қарттар үйінде қыстап жатқан Көшербай Төрежанов та арақ қазақтың түбіне жетеді деген пікірде. Мұндағы қариялардың барлық шығыны мемлекет есебінен төленетіндіктен, зейнетақылары мен жәрдемақыларын өздері алып, қалауларынша жұмсайды екен. Сондықтан әлі күнге дейін жаман әдеттен арыла алмай жүргендер баршылық.

– Барлық бәленің басында осы арақ тұрады. Күнде мас болып жүрген жанды қай келін сыйдырсын? Қарттар үйіне келіп жатқандардың көбі – сол ішіп кеткендер. Екіншіден, әкем марқұм “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деп отырушы еді. Баланы дұрыс тәрбиелемеудің кесірі осындай болады, – дейді Көшербай Төрежанов.

Қарттар үйінің көбеюі – қауіпті құбылыс. Бұлай жалғаса берсе, әке-шешені қартайған соң интернатқа апарып өткізе салу жалпылама сипат алып кетуі де мүмкін. Ал жауып тастауға тағы болмайды. Себебі, тағдыр тәлкегіне түскендер үшін бұл интернаттан басқа барар жер, басар тау жоқ. Көбі жалғыздықтың кесірінен далада көмусіз қалудан қорқады.

– Жас кезімде талай қызмет істедім, совхозда қойма меңгерушісі де болдым. Кейін ауырып, 1979 жылдан бері екінші топтағы мүгедекпін. Әйелім тастап кетті, жалғыз қызым қайтыс болды. Осылай жүре берсем, бір жерде үсіп өліп қалуым да мүмкін еді. Сондықтан Қарттар үйіне келдім, – дейді интернат-үйдің тұрғыны Қайыргелді Сыздықов. Мемлекет әлеуметтің әлсіз топтарына барлық жағдайды жасап отыр. Бірақ интернат қанша жерден жайлы болғанымен, өз үйің – өлең төсегіңе қайдан жетсін?!.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp