«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ЖЫЛДЫҢ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл кездесуге республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Осыдан бір жыл бұрын Болат Жұмабеков облыс орталығының басшысы болып тағайындалған болатын. Журналистермен кездесуді қала әкімі осы кезең ішінде атқарылған істерді баяндаудан бастады.

 

– Былтырғы ақпан айында менің қала әкімі қызметіне кірісуім тұрғындармен есепті кездесулер өткізуіме тұспа-тұс келді. Бұл алқалы жиындарда біз қала тұрғындарымен ашық әңгіме өткізіп, оларды толғандырып жүрген мәселелерін білдік, алда тұрған жұмыстарды ой елегінен өткіздік. Біз ешкімге құрғақ уәде бермеуге тырыстық, барлығына қаржылық мүмкіндік тұрғысынан қарадық. Соның нәтижесінде тұрғындардың өтініштерін орындау бойынша жұмыс жоспары жасалды және олардың басым бөлігі жүзеге асырылды, – деген облыс орталығының басшысы нақты мысалдар келтірді.

Өткен жылы қалалық бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру бағытында тындырымды жұмыс атқарылды. Салықты уақтылы төлеуді қамтамасыз ету үшін кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен тығыз жұмыс жүргізілді. Петропавл қаласында машина жасау саласында жеті ірі зауыт бар. Экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, бұл кәсіпорындар 30 миллиард теңгеге жуық тапсырыстар көлемін сақтап қалған. Соның нәтижесінде жергілікті бюджетке қомақты салық түсіп, төрт мыңға жуық адамның еңбекақысын уақытында төлеуге мүмкіндік туған. Өткен жылы жергілікті бюджетке 1 миллиард теңге мөлшерінде нақтылау енгізіліп, ол негізінен әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалған. Былтыр көп жылдардағы мәселе шешімін тауып, қалалық салық комитеті құрылды. Бұл салық жинау үрдісін сапалы жүргізіп, жергілікті атқарушы биліктің салық жинау кезінде туындайтын мәселелер бойынша дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік берді.

Баспасөз мәслихаты барысында Болат Жұмабеков баспанамен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі біліммен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, жолдар мен инженерлік-коммуникациялық желілерді жөндеу, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару сияқты өзекті мәселелерді шешу жолдарына тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап қайтарды. Баспасөз мәслихатына арқау болған мәселелер 1 ақпан күні басталатын қала әкімінің тұрғындармен есепті кездесулерінде сөз болмақ. Мұндай кездесулер облыс орталығының бес шағын ауданында өтетін болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp