«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАЖҰРТЫН АҢСАП ОРАЛҒАН АЗАМАТ “Қытай тағамы” дәмханасын ашты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– “Жігітке жеті өнер де аз…” дегендей, ер-азамат өмірін мағыналы ету үшін әр нәрсеге талаптануға, талпынуға тиіс. Ойлаған мақсатты жүзеге асыру жолында сүрінуің де немесе одан шыққан нәтижеге көңілің толмауы да мүмкін. Өйткені, өмір дегенің – күрес! – деп әңгімесін бастаған Мұхтарбек Бақытбектің жанарынан күмәнданудың да, сенімділіктің де ұшқыны жылт еткендей болды. Шындығында, қолға алған ісің алға басқанша санаңды сан сауалдардың мазалары анық, сондай-ақ әрбір жақсы жоспарланған әрекеттің артында сенімділік те жатады. Әлбетте, осы жерде оқырманның көкейінде “Мұхтарбек Бақытбек деген кім?” деген сауал тұруы орынды.

 

Біріншіден, ол – 2004 жылы ата-анасымен бірге атажұртын аңсап, Қытай мемлекетінен Жетісу өңіріне оралған қандас бауырымыз. Екіншіден, ол – осыдан алты жыл бұрын Алматыдан Қызылжарға білім қуып келіп, бүгінде осы өңірде еңбек жолын жалғастыруды жөн көрген жас кәсіпкер. Оның кәсібі – мейрамхана бизнесі.

– Биылғы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында “Қытай тағамы” аталатын дәмханамыздың тұсауы кесілді. Бірнеше күн қатарынан тамыр-таныстар келіп құттықтап, ұзын құлақтан естіген жұрт табалдырығымызды аттап, тұтынушылар қаптап кетті. Бұл дәмхананы ашуға облыс орталығындағы “Жеті ырыс” мейрамханасының иесі Түлкібай ағамыздың қосқан үлесі зор. Бастама жаман болмады. Жалпы халыққа қызмет көрсету бизнесінің тетігі күрделі. Сондықтан бірінші күннен бастап жауапкершіліктің, біліктіліктің тізгінін қатар ұстап, өзіміз арқалаған міндеттерді ұқыпты орындауға тырысып жүрміз. Мейрамхана бизнесінің сарапшысы – тұтынушы, сондықтан олардың көңілінен шығу – біздің басты мақсатымыз, – деген ол бұл бизнеске қадам басу баспалдағына қысқаша тоқталды.

Қытай тағамы дәмханасын ашу туралы ой оған М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің музыка факультетінде оқып жүрген кезінде келіпті. Алайда, қолында қаржысы жоқ студент аталмыш оқу орнын бітірген соң Атырау облысындағы ірі мұнай компанияларының бірінде аудармашы болып еңбек етеді. Ол қытай тілін жетік меңгерген екен. Осындай табысты жерден азын-аулақ қаржы жинап алған жас жігіт өз кәсіпкерлігі туралы ойын жандандырып, діттеген мақсатына жетудің алғашқы қадамдарын жасаудың жолдарын пысықтай түседі. “Бітер істің басына, жақсы келер қасына” дегендей, оның жолы Түлкібай Момыровпен түйісе кетеді. Осылайша “Жеті ырыс” мейрамханасының қойма ретінде пайдаланылып келген бөлігіне күрделі жөндеу жүргізіп, онда “Қытай дәмханасын” ашады. Бүгінде дәмхананың кіреберісіне қытай халқының ұлттық белгісіне айналған “қызыл шамдар” ілініп, олар мұнда Шығыс елінің бір бөлшегін әкеліп қойғандай көрініс беріп тұр.

– Қытайлықтар оны “бақыт шамы” деп дәріптейді. Біз де осындай тілекті қаладық, – деген ол өз сөзін: – Менің балалық шағым Қытай елінде өтті. Олардың тілі мен діні, өмір сүру салты маған жақсы таныс. Сондай-ақ ас таңдауым да көп жағдайда солардың тағамдарына түседі.

Мен Қызылжар өңіріне келген күні-ақ мұнда нағыз қытай тағамының жоқ екендігіне көз жеткіздім. Адамның талғамы әртүрлі ғой. Сондай-ақ әр ұлттың тағамынан дәм татып көру де кез келген адамды қызықтырады. Осындай ойдың жетегінде жүріп, қызылжарлықтарға қытай халқының ұлттық тағамдарын ұсыну идеясын жоспарладым. Ал оны жүзеге асырудың сәті биыл ғана түсіп отыр, – деп жалғастырды.

Иә, қытай дәмханасын ашу – нарық сұранысынан туған іс. Еліміздің Алматы мен Астана сияқты үлкен қалаларында қытай мейрамханалары мен дәмханаларын көп кездестіреміз.

Мейрамхана қызметін көрсету саласындағы стандарт жылдам жаңарып отырады. Оның ағымына ілесе білу – нарық талабы. Сондықтан ол кемеге өзіне сенімді адам ғана міне алады. Қоғамдық тамақтандыру қызметінде тағамдардың сапасы мен безендірілуі басты назарда болады. Ал оны жасайтын – дәмхананың бас аспазы екендігін де білеміз. Мұхтарбек Бақытбек бұл мәселені әу бастан ойластырып, аспаздарын Алматы қаласынан алдырған. Осы бағытта еңбек өтілі бар, білікті мамандардың дайындаған тағамдары тіл үйіреді. Кәсіпкердің айтуынша, оның дәмханасында кез келген қонақтың тәбетін ашатын тағамдар ұсынылып, көңіл күй көтеретін орта қалыптастыру керек. Басты мақсат – тұтынушының көңіліне жағатын қызмет көрсету.

– Облыс орталығында басқа ұлттардың тағамына негізделген бірнеше дәмхана бар. Бірақ оларға көңілім толмайды. Ең алдымен қонаққа алдын ала жасалған тағамды жылытып беруден аулақ болмақпыз. Біздің аспаздар тапсырыс қабылданған соң ғана тағамдарды дайындауға кіріседі. Мендегі білгір аспаздар оны оп-оңай орындайды. Сондай-ақ қытай тағамына ащы мен дәмдеткіштер көп салынады. Сондықтан астың құрамында тапсырыс иесінің талғамы ескеріледі, – деп ол әр қонаққа жеке-дара қызмет көрсетілетіндігін жеткізді.

Бүгіннің өзінде кәсіпкер солтүстікқазақстандықтарға қандай тағамдардың ұнайтынын біліп алған. Тұтынушылар лағманға көп тапсырыс береді екен. Оның қамыры қолмен созылып, дәмдеткіштері мен тұздағыштары арнайы алдырылады. Сондай-ақ қазанға пісірілетін кәуап те көпшіліктің көңілінен шығуда. Бұл дәмханада лағманның – 8 түрі, кәуаптың 5-6 түрі жасалады. Осылайша олар күннен-күнге тамақ мәзірін көбейтіп, тұтынушылар қатарын қалыңдатып келеді.

– Кәсіпкер қашанда өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Одан оның тұтынушылар алдындағы абыройы артады. Сондай-ақ нарықтағы жағдайды көре білу де іскер адамға тән қасиет. Жоспарлы әрекет қашанда оң нәтиже береді. Осындай ұстанымды негізге алып, өз кәсіпкерлігімді бастадым. Маған қытайлықтардың еңбекке деген көзқарасы ұнайды. Ерінуді білмейтін бұл халық жоқтан тиын жасайды. Мен аудармашылық қызметтен жақсы табыс таптым, бірақ әу бастағы мақсатым өз кәсіпкерлігімді жүргізу болатын. Ізденіс пен шыдамдылықтың, еңбекқорлық пен біліктіліктің арқасында бұл діттеген ойымның жүзеге асатынына сенімдімін. Мүмкін, кездейсоқ қиындық бұл бастамама соққы берер? Оған да дайынмын. Медальдің екі жағы болатындай, әр істің де құпиясы мол болары анық, – дейді өз ісін жаңадан бастаған Мұхтарбек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp