«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДА – ҚОЖАЛЫҚ ҚАЛАДА ШАҒЫН ОРТАЛЫҚ АШҚАН АНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Құлдай қыл да, бидей іш” деген нақылды марқұм енем жиі айтушы еді. Кезінде оның байыбына бара бермеуші едім, соның мәнін 26 жыл мамандығы бойынша мұғалім болып қызмет атқарып, жұбайы аяқ астынан жүрек талмасынан қас пен көздің арасында дүние салған соң балаларын өсіріп-өндірудің бар жауапкершілігі өз басына түскендіктен, сүйікті ісін кәсіпкерлікпен алмастырған Панзагүл Сейдахметовамен кездескеннен кейін түсінгендей болдым. Бұған дейін жұбайы басшылық қызметтерде болып, алаңсыз күн кешкен Панзагүл Сағындыққызының қас қағым сәтте бар өмірі өзгеріп сала берген. Ол енді мектептегі музыка пәнінің мұғалімі емес, “Қайранас” шаруа қожалығының жетекшісі атанды.

 

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылының тумасы Қайранас Сейдахметов пен Жамбыл облысында туған Панзагүл Омарбекова арман қала – Алматыда танысады. Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінде оқып жүрген ару қызға ауыл шаруашылығы саласының мамандығын меңгеріп жүрген Қайранас ағамыздың көзі түссе керек. Осылайша тараздық қыз Қызылжарға келін атанады.

Панзагүл Сағындыққызы педагогтік жолында балабақшада музыкалық жетекші, мектепте музыка пәнінің мұғалімі, Шал ақын ауданындағы Жаңасу ауылындағы орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарады. Жұбайы Қайранас қызмет бабымен қалаға көшіп келгеннен кейін Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте музыкадан сабақ береді. Бірінші санатты мұғалім ретінде бірнеше алғыс пен марапаттарға ие болады. Облыста өнерімен көзге түсіп, жүлдегер атанған бірталай шәкірттер де тәрбиелеген.

– Жұбайым Қайранас 2000 жылы қайтыс болғанда өрімдей үш баламен қалдым. Содан бастап кәсіпкерлікке кеттім. Алғашында егін себумен айналыстым, қиын болды. Бірақ бұрын жұбайымнан алған тәжірибемнің көмегі тиді. Қиналған сәттерімде Қайранастың достары көп көмектесті. Балалар өсіп келе жатқан соң оларды аяғынан тұрғызып, адам қатарына қосу керек болды. Осынша жауапкершілік бір өзіме қарап қалған соң қанша қиындық көрсем де, бел шешіп, осы іске кірістім. Осылай біртіндеп бұл кәсіпті де меңгеріп кеттік. Кейін қаладан жер телімін сатып алып, “Әсел” деген азық-түлік дүкенін аштым, – дейді бүгінде кәсіпкерлікке әбден төселіп алған Панзагүл Сейдахметова.

Оның айтуынша, аталған кәсіптеріне қосымша таяуда шаһарымыздың шеткері аумағының бірі болып саналатын Солнечный кентінде “Солнечный домик” шағын орталығын ашыпты. Ол “Бизнестің жол картасы – 2020” және “Балапан” бағдарламалары бойынша жүзеге асқан. Төменгі пайыздық өсіммен “Цесна Банктен” 8 миллион теңге көлемінде несие алып, қаржыны балабақшаның ғимаратын жөндеу мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсаған.

– Шағын орталық 2 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған. Бұл аудан балабақшадан мұқтаждық көріп келген елді-мекен болатын. Жаңа ашылған орталыққа бірінші кезекте Солнечный кентінің, қаланың сол маңдағы Юбилейный және 20-шы шағынаудандарының балалары қабылданады. Сол сияқты қалалық әкімдік пен білім бөлімінің шешімімен кезекте тұрған балалармен толығатын боламыз. Әзірше келіп жүрген балалар – әр ұлт өкілдері. Оның бесеуі – қазақ. Сондықтан оларды әлі топтарға бөлген жоқпыз. Орталыққа барлығы 48 бала қабылдауға рұқсатымыз бар. Оларды екі топқа бөлетін боламыз. Балалар үш тілде оқытылатын болады. Бір топта қазақ тілін тереңдете меңгертсек, екіншісінде ағылшын тіліне басымдық беріледі. Кейін жұмыс барысында логопед, дефектолог, тағы басқа да мамандарға қажеттілік туындап жатса, олармен сағат саны бойынша келісіп, жұмыс істейтін боламыз, – дейді ол.

Панзагүл Сағындыққызының сөзіне сүйенсек, шағын орталықта жұмыс істейтін мұғалімдер мен тәрбиешілер конкурс арқылы қабылданған. Солардың бірі Эльмира Қанапиянова – үш тілді жетік меңгерген, бұған дейін басқа балабақшада 9 жыл тәрбиеші болып жұмыс істеген тәжірибелі маман. Панзагүл Сағындыққызы осы шағын орталықтың құрылтайшысы болып табылады, ал әкімшісі – оның қызы Гүлназ Қайранасқызы. Одан басқа 2 тәрбиеші, екі көмекші, медбике, аспаз – барлығы жеті жұмыс орны ашылып отыр. Шағын орталықтағы балалардың ай сайынғы төлемақысы ата-аналар үшін 14 мың теңгені құрайды. Ал оның барлық төлем құнының қалған жартысы “Балапан” бағдарламасы және мектепке дейінгі мекеме ашу жөніндегі ынтымақтастық аясындағы меморандумға сәйкес мемлекеттік бюджеттен төленетін болады.

Орталыққа ие болып отырған тұңғышы Гүлназ Қайранасқызының екі жоғары білімі бар. Алматының медицина институтын, СҚМУ-дің экономика факультетін бітірген ол дәрігер және қаржыгер мамандықтарын меңгерген. Негізгі жұмыстарды, әсіресе, қаржы мәселесін сол шешеді. Екінші қызы Жұлдыз – екі баланың анасы. Ол экономика факультетін банк ісі бойынша тамамдаған. Кенжесі Әсел заңгер мамандығы бойынша оқиды. Биыл оқуын бітіреді. Әлі тұрмыс құрмаған Әсел анасымен бірге тұрады. Анасының қолғанаты да осы қызы.

– Әр жұмысты істеу үшін оны жақсы көру керек. Жермен айналысып, егін сепкенде жұбайымды есіме аламын, бұл оның сүйікті ісі болғандықтан, шаруа қожалығын да “Қайранас” деп соның есімімен атадым. Оның бер жағында өзімнің әкем Сағындық өмір бойы жерге терін тамшылатқан кісі болды. Ол Кеңес Одағы кезінде “Қызыл Ту”, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған. Ән айту, музыкаға жақындығым атамнан дарыса керек. Қазірдің өзінде музыкадан қол үзіп кеткен жоқпын, “Балқадиша” әжелер ансамблінде ән саламын. Оны ұйымдастыруға да бір кісідей көмегім тиді. Үй шаруасы, іс тігу, көрпе құрау, кесте тігу сияқты анамның бала күннен бойға дарытқан өнегелі істерінен жалыққан емеспін. Бірақ қазір шынымды айтсам, соған уақыт табыла бермейді. Балаларымды жеткізіп, қазіргі атқарып жүрген істерімнің барлығын соларға тапсырып, үйде отыратын кез болса, анамның өнегесін өз балаларым мен немерелеріме үйретсем деп армандаймын, – дейді Панзагүл Сейдахметова.

Замандасымыз ән айтқанды жақсы көретінін, үйде жүргенде жиі ән салатынын айтты. Тіпті, ренжіген, қиналған, тығырыққа тірелген сәттерінде де әнді серік етеді екен.

– Өзім мұғалім болғаннан кейін балаларымды шыншыл, өтірік айтпайтын, біреудің ала жібін аттамайтын әділдікке тәрбиеледім. Олардың әкесі де сондай кісі болған. Өзім балаларыма дұрыс тәрбие бере білдім деп ойлаймын, – деп ағынан жарылды ол.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp