«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНТЕРНАТ КІТАП ШЫҒАРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саңырау балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта “Мектеп тарихы беттерінен…” кітабының тұсаукесері өтті. Аты айтып тұрғандай, кітап аталмыш білім беру мекемесінің ендігі жылы тойланғалы отырған 70 жылдық тарихынан сыр шертеді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Шараға “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы СҚО педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының, білім басқармасының және мектеп-интернаттың құрылған кезінен бері жұмыс істеген еңбек ардагерлері, түлектері мен оқушылары қатысты. Жиналғандар алдында сөз алған мектеп-интернаттың бүгінгі басшысы Жангелді Тәжин:

 

– Кітапқа мектеп-интернаттың алғашқы құрылған қиын-қыстау кездерінен бастап еңбек еткен педагог-ардагерлердің естеліктері, қалалық мұрағаттың 1927 жылдан бергі барлық мәліметтері мен ресми қаулылары енгізілді. Ардагерлердің естеліктері бізге сонау тарих қойнауында ұмыт бола бастаған жайттар туралы сыр шертеді. Бұл бүгінгі және келер ұрпақ үшін есте сақтап, біліп жүретін құнды дүниелер. Кітаптан облысымызда сурдопедагогиканың қалыптасуы мен даму кезеңдері туралы ақпарат алуға болады, – дейді Жангелді Уақпанұлы.

Кітапта мектеп-интернаттың бүгінгі күнгі материалдық-техникалық жағдайы және әдістемелік базасының жайы туралы да мәлімет берілген.

Мектеп-интернаттың мұражай жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Бақытты Есеналиннің айтуынша, бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жоғары және орта арнаулы білім беру мекемелерінің есігі ашық. Білім ошағының түлектері Қазақстан Республикасының дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосып, қоғамымыздың толыққанды азаматтары ретінде танылып жүр. Тұсауы кесіліп отырған кітапта мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі де көрініс тапқан. Кітаптың әзірге таралымы 20-25 дана. Сұраныс туындап жатса, кітап санын көбейтуге мүмкіндіктері бар.

Шараға жиналған қонақтарға мектеп-интернаттың қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық балалар шығармашылығы конкурстарына қатысып, жоғары бағаларға ие болып жүрген өнерпаздарының орындауындағы концерт ұсынылды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp