«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАУ мәселесі “дөңгелек үстелде” талқыланды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен қоғамдағы отбасы рөлін арттыру мәселесі қозғалған “дөңгелек үстел” өтті. Оған мемлекеттік және үкіметтік емес органдардың өкілдері қатысты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

“Дөңгелек үстелдің” мақсаты өткен жылдың қорытындысын негізге ала отырып, алдағы жұмыста басым бағытты анықтау, жайсыз отбасылармен жұмысты күшейтіп, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді нығайту, олардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін қолайлы жағдай туғызу, әлеуметтік жетімдіктің алдын алуды көздеді.

 

– Тәжірибе көрсетіп отырғандай, балалардың қараусыз жүруіне, олардың қылмыстық жолға түсуіне, мінез-құлықтарының күрт өзгерістерге ұшырауына ең алдымен отбасындағы жайсыз жағдай себепкер болады. Ондай отбасылар өз құндылықтарын жоғалтып, қоғамға, ең бірінші кезекте баланың алдағы өміріне қауіп туғызады. Оны мына деректерден аңғаруға болады. 2012 жылы 453 жайсыз отбасы анықталып, 700-ден астам бала кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияның тізіміне іліккен. Бұл сандар отбасы мәселесіне, оларға көмек көрсетуге қоғам назарын аудару қажеттігін көрсетеді. Алдағы уақытта да ішкі істер және балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттерінің, білім беру, денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлері бірлесе отырып, “Балалар түнгі қалада”, “Жасөспірім”, тағы басқа рейдтік шараларын жалғастыратын боламыз, – дейді балалар құқығын қорғау жөніндегі департамент директорының орынбасары Айгүл Мұстафина.

Оның айтуынша, қажет болған жағдайда жасөспірімдерге денсаулық, білім беру салалары жағынан көмек көрсетіледі. Әлеуметтік, экономикалық, психологиялық көмекке мұқтаж отбасылары міндеттеріне осындай қызмет түрлерін көрсету кіретін барлық мемлекеттік органдарға жүгіне алады.

Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері өздерінің тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы отбасының қоғамдағы орнын айқындауға бағытталып жатқанын тілге тиек етті. Шара барысында көпбалалы отбасыларына әлеуметтік жеңілдік көрсету бойынша жұмыс, отбасылық институттар мен құндылықтарды насихаттау бағытындағы ақпараттық шаралар, балалардың тәуекелдік мінез-құлықтарының алдын алу тақырыптары да әңгіме арқауына айналды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp