Луиза ВЛАСОВА,
журналист.
1942 жылдың 17 шілдесінде басталып, 1943 жылдың 2 ақпанында аяқталған Сталинград шайқасы бұрынғы Кеңес Армиясы жауынгерлерінің және қала тұрғындарының жанқиярлық ерлігінің айғағы болып, Ұлы Отан соғысының тарихында алтын әріптермен жазылды.
Сталинград шайқасы Ұлы Отан соғысында түбегейлі бетбұрысқа қол жеткізді және екінші дүниежүзілік соғыстың одан арғы барысына үлкен ықпал жасады. Осы шайқастың барысына бүкіл дүниежүзі құлақ түрді. Соның бір мысалы – Англияның королі VІ Георгтің қаһарманқала Сталинградқа үлкен семсер сыйлауы. Бұл сыйлық “Сталинград түбінде неміс-фашист әскерлерінің талқандалуы” аталатын мұражайда сақтаулы.
62-ші және 64-ші армиялар 1942 жылдың 23 шілдесінде басты қорғаныс шебіне орналасты. Немістер бұларды ығыстыра отырып, Дон өзеніне шегіндіруді ойластырды. Аталған армиялар 1-ші және 4-ші танк құрылымдарының қолдауына сүйене отырып, жауға қарсы соққы жасады. Тамыздың 10-ына қарағанда кеңес әскерлері Донның сол жағында берік қорғаныс орнатып, жаудың Сталинградқа баратын жолын жауып тастады.
Алайда, жау да қарап жатпады. Әуе күштерінің басымдығын пайдаланып, немістердің ұшақтары аспаннан қалаға бомбаларды үйіп-төкті. Майдангер-жазушы Виктор Некрасов “Сталинград окоптарында” деген повесінде неміс ұшқыштарының 2 мың мәрте ұшып, қаланы жермен-жексен еткенін жазады.
Осы шайқасқа қатысқан Ақмола облысы Қарашілік ауылының тумасы Серік Смағұлов былай дейді: “1942 жылдың жазында бізді әскери лагерьден Сталинград маңына әкеліп, 62-ші армияның 695-ші дивизиясына бекітті. Мен Волганы сонда алғаш рет көрдім. Ол біздің Есілден әлдеқайда енді екен. Өзенмен катерлер, баржалар, танкерлер үздіксіз жүзеді. Тамыздың 23-інде Сталинград аспанын қап-қара бұлт торлағандай болды. Жүздеген ұшақтар оған бомба тастады. Бүкіл аспан көргісіз болып, түтінге оранды. Үйлер тасталқан болып қирап жатты. Ағаш үйлер жалын құшағына көмілді. Қаланы от қаусырып алды”.
Отқа қала ғана оранып қоймай, өзенді бойлап жатқан мұнай қоймалары жарылды. Қираған қоймалардан аққан мұнай Волгаға төгіліп, өзеннің айдынын от-жалын орап алды. Ол түн ішінде шалғайдан көзге шалынып, жалын лаулаған қала да көрініп тұрды.
Соған қарамастан, генерал-лейтенант Василий Чуйков басқарған 62-ші армияның жауынгерлері қираған қалада қорғаныс жасады. Азамат және фин соғыстарында шыныққан атақты қолбасшы “Сталинград қиын күндерде” (М.1974) кітабында: “Біз Сталинградты жауға беріп қоя алмаймыз. Ол бүкіл кеңес халқына ардақты. Егер оны жауға беріп қойсақ, бұл адамдарымыздың рухани сағын сындырады. Мен қаланы аман сақтауға қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Жауды жеңбей кетпеуге ант етемін. Біз қаланы, яки қорғап қаламыз, яки осы жолда мерт боламыз”, – деп жазды.
Сталинград шайқасының рухани жағы ғана емес, саяси жағы да маңызды еді. Егер гитлершілер қаланы басып алса, Түркия мен Жапония бізге қарсы соғысқа кірер еді.
Сталинград маңында Оңтүстік-Шығыс майданының жауынгерлері де шоғырланғанды. Оған және Сталинград майданына генерал-лейтенант Андрей Еременко басшылық етті. Генерал Фридрих Паулюстің армиясы қолайлы жерде орналасты, әрі танкілер мен шабуылдаушы қару-жарақ бойынша үш есе үстем болды. Тамыздың 23-інде немістің 6-шы армиясының 14-ші танк корпусы Сталинградтың теріскей жағынан шепті бұзып өтіп, Волгаға таяп барды. Жоғарғы Бас қолбасшылықтың Ставкасы қосалқы құрамнан 24-ші және 66-шы армияларды қосып, олар өзгелермен тізе қоса отырып, жауға соққы берді. Алайда, немістердің де күші нығайып алған еді.
1942 жылдың 14-ші қыркүйегінде немістер 62-ші армияның осал тұсын тауып, қаланың орталығына басып кірді. Бір өкініштісі, көптеген жүк машиналары мен Сталинград трактор зауытының жөнелтіліп үлгермеген жүктартқыш техникалары жаудың қолына түсті. Келесі күні немістердің жаяу әскерлері Мамай қорғанын басып алды. 100 метрден асатын биіктіктегі бұл қорған шабуылға өте қолайлы болды. Өйткені, бүкіл қала алақандағыдай көрінеді. Соны пайдаланған немістер дәл көздеп отырып, қорғанып жатқан біздің жауынгерлерді атқылай бастады. Қаланың түбіндегі Купоросное елді мекеніне неміс танкілері басып кірді де, соның салдарынан 62-ші және 64-ші армиялардың байланысы үзіліп қалды.
Осы қатерлі сәтте В.Чуйковқа Ставканың қосалқы құрамынан Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Александр Родимцев басқаратын 13-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы көмекке келді. Бұл дивизияның құрамында біздің жерлестеріміз, комсомол мүшелері Степан Лопухин мен Петр Каштанов та болды. Жау автоматшыларына НКВД басқармасы мен Сталинград милициясының жауынгерлері бірлесе қарсы тұрып, жолын бөгеді. НКВД жауынгерлерінің сапында 1941 жылғы әскери шеруге қатысқан, Мәскеуді қорғаушылардың бірі, мотоатқыштар дивизиясының бөлімше командирі Андрей Гребень ерлікпен шайқасты.
16 қыркүйекте 13-ші гвардиялық және 112-ші атқыштар дивизияларының бөлімшелері жаудан Мамай қорғанын тартып алды. Алайда, жау да өліспей беріспейтін қайрат қылып, қазан айының орта тұсында қорғанның батыс және түстік беткейлеріне орнығып алды. Тіпті, ұшар басы да немістердің қолына қайта көшті. 1942 жылдың 28 қыркүйегінен 1943 жылдың 26 қаңтарына дейін Николай Батюк басқаратын дивизия шығыс беткейді ұстап тұрды.
Қаланың ортасында кескілескен ұрыстар жалғасып жатты.
Серік Смағұлов өз естелігінде “Гитлершілер трактор зауытының маңындағы кентті басып алды да, Волгаға өтуге оқталды. Бізді “Красный Октябрь” зауытының маңына әкелді. Өзеннің тап іргесінен жертөле қазып алдық. Осы жерден біз барлауға шығып, шабуыл жасап отырдық. Волганың арғы бетінде Ұзынкөл, Шоңғай, Жәнібек, Қарасай деген қазақ ауылдары бар екен…
Өзеннің сол жағалауынан бізге ауыр артиллерия снарядтары жеткізіліп тұрды. Үстімізден немістердің зәре-құтын ұшыратын “Катюшалар” снарядтарын жаудырды. Сталинградта көшелерде ұрыс жүріп, қолма-қол айқастар да болды. Жауынгерлер гранаталармен, штыктармен жауды тықсырып, әр үйде, тіпті саты бойлап атысып, дәліздерде, бөлмелерде неміс автоматшыларының көздерін жоя отырып, соғысты” деп жазды.
Ол Ерзовка, Орловка, Самофаловка кенттерінде, 24-ші, 1-ші гвардиялық және 66-шы армиялардың сапында өз жерлестері Қали Әбішев, пулеметші Өркен Жұмагелдинов, байланысшы Владимир Новосельцев, пулеметшілер взводының командирі Павел Самсонов, танк бригадасының оқтаушысы Илья Субратов, зеңбірекшілер бөлімшесінің командирі Виктор Федоренко соғысып жүргенін білмеді.
Серік Сейітқазыұлы кейін Ерзовка түбінде қаза тапқан жауынгер Бәри Сәлімовтің туысы Зоя Мұхамеджанқызына үйленді. Ал өзі сияқты Панфилов дивизиясының құрамында Мәскеуді қорғасқан Қали Әбішевпен бірге соғыстан кейін облысымыздың ішкі істер органдарында қызмет атқарды.
Қазақ жауынгерлері Жамбылға хат жолдап: “Біз Сталинградты қорғай отырып, Алматыны қорғап жүрміз. Бізге Алатау, Қазақстанның кеңбайтақ даласы қалай қымбат болса, Волга, Дон, Украина далалары да соншалықты қымбат… Біз бар күшімізді, өмірімізді сарп ете отырып, жауға аямай соққы береміз, – деп жазды.
Сталинградтың түстігінде Ақмола облысында жасақталған 29-шы атқыштар дивизиясы соғысып жатты.
1942 жылдың 28-ші қыркүйегінде Жоғарғы командованиенің Ставкасы Сталинград және Оңтүстік-Шығыс майдандарын біріктіріп, Андрей Еременко басқаратын Сталинград майданын және генерал-полковник Константин Рокоссовскийдің қарамағындағы Дон майданын құруға шешім қабылдады. Бірінші майданның құрамына бес армия, соның ішінде 62-ші және 64-ші армиялар кірді.
14-ші қазанда немістер Сталинградты басып алуға үшінші рет әрекет жасады. Артиллериядан және әуеден соққыдан кейін жаудың 6-шы армиясы шабуылға шықты. Келесі күні трактор зауытының тұсынан жау әскерлері Волгаға таяды. Гитлершілер қолайлы жерге жайғасып, қаланың теріскейін қорғап жатқан біздің әскерлерді екі жарып тастады. Олардың танктерін ұшақтары әуеден қолдап, біздің шептерге айтарлықтай шығын келтірді. Енді бір ұмтылса, олар біздің жауынгерлерді Волгаға тықсыруға шақ қалған еді.
Осындай аса қиын-қыстау сәтте бірнеше амал-айла қарастырған Ставка 22 қазанда Оңтүстік-Батыс майданды қайта жасақтады. Ол 1942 жылдың мамырында Харьковты азат етуде жаудан қатты соққы алған еді. Жаңа майдан генерал-полковник Николай Ватутиннің қарамағына берілді.
Сталинград, Дон және осы Оңтүстік-Батыс майдандары жанқиярлықпен соғыса отырып, 62-ші және 64-ші майдандардың қаланы аман сақтауына жағдай жасады. Батыс және Воронеж майдандарында кескілескен ұрыстар жүріп жатқандықтан, жау Сталинградқа тың күштерін жібере алмады.
1942 жылдың қарашасында Ставка мен оның Бас штабы аса құпия жағдайда және жаудың барлауын қасақана деректермен жаңылдыра отырып, қарсы шабуылдың “Уран” атты жоспарын жасады. Қалаға тың күштер жеткізілді. Сол жылғы 19 қарашада Сталинград шайқасының қорғанысы тамамдалып, Дон және Оңтүстік-Батыс майдандары Сталинград майданымен қосылу үшін жойқын қарсы шабуылға шықты. Алғашқы екеуі румын армиясының қорғанысын екі тұстан бұзып өтті. Италия армиясы да соның кебін киді. Олардың артында соғысқан неміс әскерлерінің шабуылға тойтарыс беруге дәрмені жетпей, біздің танк корпустарымыз олардың тасталқанын шығарды.
Немістің 20, румынның 2 дивизиясы, 6-шы және 4-ші армиялардың жекелеген 160 бөлімшелері, соның ішінде 330 мың адам қоршауда қалды. Біздің атқыштар бригадалары келіп қосылғаннан кейін қоршау 450 шақырым жерді қамтыды. 1942 жылдың 30 желтоқсанында Ставканың шешімімен 62-ші және 64-ші армиялар К.Рокоссовский басқаратын Дон майданына беріліп, олар жаудың қоршауда қалған топтарының көзін жоюға тапсырма алды.
Сталинград майданы Оңтүстік майдан болып өзгертіліп, оның алдына Ростовқа шабуыл жасауға міндет қойылды.
1942 жылдың қарашасы мен 1943 жылдың қаңтары аралығында бөлімше командирлері Леонид Ботченко, Анатолий Жильцов, Сейпілмәлік Ыбыраев, Геннадий Виноградов, Петр Воротников, Темірхан Кәкімов, Александр Комендант, батарея жетекшілері Шәмшит Қабдунасов, жеке артиллерия дивизионының зеңбірек бөлімшесінің командирі Иван Прасолов, жауынгерлер Қабодлла Абдолов, Өркен Жұмагелдинов, Қуанышбай Сатыбалдиев, Алексей Федченко, Василий Юдичев және басқалар ұрыстарға қатысты. Олардың бәрі де ордендермен және медальдармен марапатталды.
Тоғызыншы атқыштар дивизиясының барлау взводының жиырма жасар командирі, петропавлдық Жоламан Мұхамедиев Қызыл Ту орденін иеленді. Қаңтардағы шайқасқа кейінде СҚО ішкі істер қызметінің полковнигі болған, соғыста взвод басқарған Шегебай Балтағожин қатысты. Осы ұрыстарда Ленин (Есіл) ауданында агроном болған 62-ші армияның атқыштар дивизиясының бөлімше командирі Александр Ершов ерлік көрсетті. Оған екі жылдан кейін Неман өзеніндегі шайқаста плацдармды басып алудағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1943 жылдың 26-шы қаңтарында қоршаудағы неміс әскерлері екіге бөлінді.
Ал 31-ші қаңтарда орталық универмагтың жертөлесінде қоршауда қалған Паулюске Гитлер фельдмаршал атағын берді. Алайда, 1943 жылдың 1-ші ақпанында Бекетовкаға тұтқындалған Паулюс бастаған немістің 6-шы армиясының штабы жеткізілді. Бекетовканы 64-ші армияның 29-шы атқыштар дивизиясы қорғады. Ақмола облысында жасақталған бұл дивизияның құрамында барлаушы Петр Аверьянов, миномет взводының командирі Ғалым Бақтыбаев, батарея командирі Шәмшит Қабдунасов, минометші Краснослав Александров, сержанттар Ніл Болатбаев, Темірхан Кәкімов, Алексей Федченко мен Василий Юдичев, бөлімше командирлері Леонид Ботченко, Анатолий Жильцов, Сейпілмәлік Ыбыраев, артиллерия бөлімшелерінің командирлері Игнат Давидюк, Виктор Коркин, Андрей Ржевский, жауынгер Қуанышбай Сатыбалдиев және басқа да жерлестеріміз соғысты.
Осы жойқын соғысты бастан кешірген ардагерлердің көбі өмірден озды. 2012 жылдың 9-шы мамырында Серік Смағұлов 93 жасқа толды. Оның алғашқы зайыбы Нәйла, балаларының анасы он жылдай бұрын өмірден озған еді. Екінші әйелі Зоя Мұхамеджанқызы – Серік Сейітқазыұлының әрі жары, әрі емшісі, өмірлік тілеулесі. Олар 8 немере, сонша шөбере және екі шөпшек көріп отыр.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРТОВ.