«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКЕН ЖЫЛЫ ОБЛЫСТА 1294 БҮЛДІРШІН балабақшаға барып, қуанышқа бөленді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Назарбаев Университетінде оқыған “Қазақстан білім қоғамы жолында” атты лекциясында: “Ықылым замандардан қалған “Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады” деген аталы сөз бар. Қазақтың бұл мақалының өзектілігі бүгінгі таңда тіптен айрықша. Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман”, – деген болатын. Осы сөздерден-ақ бүгінгі таңда білім беру саласына жүктеліп отырған жауапкершіліктің мол екендігін аңғаруға болады. Елімізде барлық деңгейдегі білім беру саласы жақсартылуда.

 

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Бала тәрбиесі – бесіктен” дегендей, білімді де тәрбиелі ұрпақтың негізі балабақшаларда қалана бастайды. Мектепке дейінгі білім беру саласында “Балапан” бағдарламасы ырғақты жүзеге асырылуда. Статистикаға жүгінер болсақ, бүгінгі таңда республика бойынша 644,3 мың баланы қамтитын 8590 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. 2010-2011 жылғы орындардың ауысуын ескере отырып, мемлекеттік тапсырысты орналастыру есебінен 232745 орын енгізілді. Өткен жылмен салыстырғанда, балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 6,2%-ға өсіп, 71,5%-ды құраған. 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі білім жүйесі 999 бірлікке (537 балабақша, 462 шағын орталық) артқан. Оның ішінде жаңадан салынған 15,3 мың орындық 81 балабақшаның 26-сы (7 мың орын) республикалық бюджет есебінен ашылған. Сонымен қатар 462 шағын орталық, 317 жекеменшік балабақша, 139 балабақша бұрын жекешелендірілген, жалға алынған коммуналдық меншіктегі ғимараттарды, балабақшалар ашуға болатын жайларды қайтару, тағы басқа да жолдармен ашылған. Жалпы “Балапан” бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған уақыттан есептегенде, еліміз бойынша мектепке дейінгі мекемелер жүйесі 4022 бірлікті (1211 балабақша, 2811 шағын орталық) құрап отыр.

“Үлкеннің мыңын қуантқанша, баланың бірін қуант” деген мақал тегін айтылмаса керек. Қуаныш баланы өсіреді, қанаттандырады, келешекке сенім ұялатады. Оның үлкен-кішісі болмайды. Кішкентай бүлдіршін үшін өзі сияқты бал тілді балғындардан қалмай, балабақша есігін ашу да – қуаныш.

Олай болса облыстың неше бүлдіршіні осы қуанышқа ие болды екен? Оның жауабын облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бастығы Күлпаш Қалғожинадан білдік.

– 2010 жылы “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында – 5173, 2011 жылы 2232 орын пайдалануға беріліп, екі жылда 7405 бүлдіршін мектепке дейінгі мекемеде орынмен қамтылған болатын. 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелерінің жүйесі 581 бірлікті құрады. Соның ішінде 72 балабақша, 2 “Мектеп-балабақша” кешені және 507 шағын орталық жұмыс істеп тұр. Оларда барлығы 23501 мектепке дейінгі жастағы бүлдіршін тәрбиеленуде. Балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету 86%-ға жетті.

2012 жылы облыс бойынша ғимараттарды сатып алу және жөндеу, жалпы білім беретін мектептердің жанынан шағын орталықтар ашу, қолданыстағы мектепке дейінгі ұйымдарды және мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктерді кеңейту есебінен 1294 балғынға балабақшаға бару мүмкіндігі туды. Сөйтіп, Қызылжар (85 орын), М.Жұмабаев (20 орын), Айыртау (20 орын), Тимирязев (15 орын), Аққайың (15 орын), Ақжар (100 орын), Есіл (30 орын), Шал ақын (50 орын), Ғ.Мүсірепов атындағы (30 орын) аудандарда және Петропавл қаласында 929 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемесінің есігін ашты. Соның ішінде жаңадан салынған бала-бақшалар есебінен 760 орын пайдалануға берілді. Олар: Ақжар ауданындағы Талшық ауылында 100 орындық 1 балабақша, Петропавл қаласы бойынша 2 балабақша. “Арай” балабақшасы 84 бүлдіршінге шақталса, “Алтын бесік” 320 балғынды мектепке дейінгі мекемемен қамтып отыр, – дейді бөлім бастығы.

Сондай-ақ Петропавл қаласында пайдалануға берілген 4 мектепке дейінгі жекеменшік шағын орталықтарда 161 балаға орын берілген. Олар: “Қуырмаш”, “Созидание”, “Добрая сказка” және “Солнечный домик” шағын орталықтары. Шал ақын ауданында ашылған 1 шағын орталыққа 25 бала барса, Есіл ауданының Тауағаш ауылындағы осындай білім мекемесінде 30 орын ашылған екен. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 3 шағын орталық 15 баланы қамтыса, Қызылжар ауданындағы 1 шағын орталықта 25 бала тәрбиелену үстінде.

Бұған қоса облыс бойынша қолданыстағы мектепке дейінгі ұйымдарды кеңейту есебінен 534 баланы орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Ол орындарға Шал ақын ауданының – 25, Қызылжар ауданының – 60, Аққайыңның – 15, Тимирязевтің – 15, М.Жұмабаевтың – 20, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның – 15, Петропавл қаласының 384 баласы ие болды.

2012 жылы “Балапан” бағдарламасына 1 195 382 мың теңге қаражат жұмсалған.

Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелері педагог кадрлармен қамтылған. Мектепке дейінгі мекемелердің педагог кадрларын қайта даярлаудан өткізуге жергілікті бюджеттен жыл сайын (2011, 2012 ж. ж.) 36 млн. теңге қаражат бөлінген. Осыған байланысты білім басқармасы М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжі негізінде кадрларды қайта даярлауды ұйымдастырды. 2011 жылы – 882, былтыр 438 мектепке дейінгі мекеме педагогтері қайта даярлықтан өтті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp