«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАН ОРТАЛЫҚТАРЫНДА АУЫЗСУ БАР Алайда, коммуналдық кәсіпорындардың қарызы көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс бойынша негізгі ауызсу жеткізуші “Қазақстан су шаруашылығы” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның “Есіл су” өңірлік филиалы болып табылады. Кәсіпорын Булаев, Есіл, Пресновка және Соколов топтық магистральды су құбырлары арқылы тұрғындарының жалпы саны 197 мың адамды құрайтын 208 ауылдық елді мекенге ауызсу жеткізу жөнінде қызмет көрсетеді. Биылғы жылы кәсіпорын 231 су пайдаланушымен ауызсу жеткізу жөніндегі қызмет көрсетуге шарт жасады. Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес барлық су тарату нүктелерінде су босату есебінің құралдары орнатылған. Су беру жөніндегі қызмет тарифі Үкіметтің 2010 жылғы 29 қаңтардағы №40 қаулысына сәйкес бір текше метріне қосымша құн салығынсыз 40,0 теңгені құрайды.

 

Алайда, облысымыздың ауылдық елді мекендерін үзіліссіз және сапалы ауысумен қамтамасыз ету жөнінде кәсіпорын өзінің шама-шарқынша қыруар жұмыстар жүргізіп отырғанына қарамастан, сол берілген су үшін уақтылы ақысын өндіріп алу оңайға түспей, тұтынушылардың дебиторлық қарыздарына байланысты айтарлықтай қиындықтар туындауда. Бұл өзі көптен шешімі табылмай отырған мәселе. Ал оның жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге, шаруа қожалықтарына, жеке кәсіпкерлерге және жеке тұлғаларға қатысы жоқ, өйткені олар берілген суға 100 пайыз төлем жүргізуде. “Есіл су” филиалы үшін ең басты бас ауыртатын проблема облыс, аудан орталықтарының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың қарызында болып отыр. Оның себебі, аудан орталықтарындағы көшеде қойылған су колонкаларының бас-басына бақылаушы немесе су таратушы қою мүмкін емес. Мұндай су колонкаларын кез келген адам пайдалана алады, оның сол елді мекеннен тысқары басқа бір жақын ауылдың әдейі су алуға келген тұрғыны болуы да мүмкін. Алған суы үшін сол жерде қолма-қол есеп айырыспаған соң кейін оны қайдан тауып, есепшотын қалай қоя аласың? Осылайша есепсіз су беріп жатқан аудан орталықтарындағы су колонкаларының қызметіне ақы төлеуге келгенде тұрғындардың көпшілігі құлықты болмай шығады. Ондағы коммуналдық кәсіпорындардың ауызсу ақысын өндіріп алуда істерінің өнбей отырғаны да сондықтан. Осындай себептерден бүгінде қордаланған облыстың су пайдаланушыларының өткен жылдың тоғыз айындағы дебиторлық қарыздары 20 466,0 мың теңгені құраған болатын, соның ішінде төлем мерзімі асқан берешегі 7 миллион теңгенің үстінде.

Сондай-ақ ауызсу төлеміне қолайлырақ болуы үшін “Есіл су” филиалы “Қазпочта” АҚ-мен төлемдер қабылдау қызметін жүргізу жөнінде шартқа тұрған. Сөйтіп, су пайдаланушылар тұрғылықты жерлері бойынша өздерінің елді мекендерінде суға ақы төлей алатын болды. Алайда, төлемді қабылдап алатын орын болғанымен, тұрғындарды тұтынған су мөлшеріне сай өз еріктерімен төлемақы жасауға жұмылдыратын мәселенің ұйымдастыру жағы ақсап жатқанын да айтпасқа болмайды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Су кодексінің 90-бабына сәйкес, қала аудандарын, аудандық маңыздағы қалаларды, кенттерді, ауылды және ауылдық округті сумен жабдықтауды аталмыш аумақтардың әкімдері ұйымдастыруы тиіс екенін айта кеткен жөн. Яғни, аудан орталықтарында тұрғындарға берілген ауызсудың төлем-ақысын қамтамасыз ету – жергілікті әкімнің құзырындағы іс. Ал оның жолын табу жергілікті жағдайға байланысты орайластырылуы керек. Ол көбінесе әкімдердің іскерліктеріне де байланысты. Аудан орталықтарындағы ондаған су колонкаларына құлып салынып, үнемі бақылауда ұсталмауы себепті су төлемақысын өндіру үшін, түптеп келгенде, тұтынушылардың өздерінің санасынан саңылау таппаса болмайды. Сондай-ақ кейде мәжбүрлеу жолын да қолдануға тура келеді.

Мысалы, осы жылы 1 қазаннан бастап жеке кәсіпкер П.Хлебовскиймен Петерфельд ауылына су беру шарты бұзылды. Оған себеп, оның су беруге шарт жасау үшін тікелей жұмыс жүргізетін дилердің кандидатурасын таңдап бере алмағаны болды. Бұл туралы аудан және ауылдық округ әкімдеріне бір ай бұрын жазбаша хабарлама жасалғанымен, шарт бұзылып, су беру тоқтатылғанға дейін олардың тарапынан жаңа дилердің кандидатурасын анықтау бойынша ешқандай шара қолданылған жоқ. Жеке тұлға А.Жанинмен Соколов топтық су құбыры бойынша ауылға ауызсу беру қызметіне жаңа шарт жасалғаннан кейін ғана ондағы су колонкаларына өткен айдан бастап су келді.

Ауызсу төлемақылары қарыздарын жабу мәселесінде қозғалыс жоқ емес, аудан орталықтарындағы коммуналдық шаруашылықтар “Есіл су” кәсіпорнының алдындағы берешектерін жабуға тырысып бағуда. Айталық, Ақжар және Жамбыл аудандары мерзімі өткен қарыздарын айтарлықтай кемітті. Ауызсу төлемақысы оны пайдаланушылардың тұтыну көлеміне қарай үнемі өсіп отыратын тұрақсыз мөлшер болғандықтан, есептегіш құралдарын қолданбайтын ауылдық жерде ол толық жабыла қоймайды. Оның 1-2 айлық берешегі ағымдағы қарызға саналса, одан асқаны мерзімі өткен берешек болып есептеледі.

“Есіл су” филиалының су пайдаланушыларымен есеп айырысу жөніндегі маманы Елена Чегодаеваның айтуынша, аудандық коммуналдық шаруашылықтар шамалары келгенінше қарыздарын өтеуге күш салуда. Қызмет көлемі ай сайын қосылып отыратындықтан, оған қайсыбіреулерінің әзірге шамасы жетер емес. Соның бірі – Сергеевка қаласындағы “Жігер” МКК-ы өткен тоғыз айдың қорытындысындағы 5991,8 мың теңге қарызын әзірге кеміте алмай отыр. Ал Тимирязев ауданындағы “Алпаш” МКК-ы 1507,1 мың теңгенің берешегін 900 мың теңгеге әзер түсірді. Су алушылармен жасалатын шарттың 7-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, қызмет көрсету екі ай бойы төлемақы жасалмаған жағдайда тоқтатылады. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың көп дебиторлық қарызға батуына байланысты былтырғы 1 қазаннан бастап жоғарыда аталған кәсіпорындарға су беру ішінара тәулігіне 4 сағатқа дейін шектелді.

Алайда, тұрғындарға тұрмыстық қолайсыздық тудыратын мұндай мәжбүрлеу шараларын ұзақ мерзімде пайдалануға болмайды. Бірақ ол қарызгерлердің берешегін өтеу талап етілмейді деген сөз емес. “Есіл су” кәсіпорны су пайдаланушыларының дебиторлық қарыздарын өтеуі жөнінде күн сайын мониторинг жүргізеді. Дебиторлық қарыздарды өндіру жөніндегі дауларды сотқа дейін реттеу мақсатында берешегі бар су пайдаланушыларға талап-тілектер жолдайды. Былтыр облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа берілген ауызсу қарыздарын өндіру туралы 12,6 миллион теңгенің 8 талап өтініші жолданып, нәтижесінде қарыздың үштен бірі өндіріп алынды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp