Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған елдің мұғаліміне қойылатын талаптың жүгі ауыр. Олар білімдар да білікті, өз ісінің майталманы, шебері болуымен қатар, жеке басының мәдениеті, парасаттылығы, адамгершілік тұлғасы тұрғысынан шәкіртке үлгі боларлық биіктен көрінуі шарт. Шынайы еңбек пен өздерінің шеберліктерімен биік белестерге қол жеткізіп отырған мекемелердің бірі – Есіл ауданына қарасты Қараағаш негізгі мектеп ұжымы.
Жанар ТАЖИНА,
кинорежиссер А.Шәжімбаев атындағы
№3 Явленка орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Ауыл мектебі – бүгінде балаларға білім-тәрбие беру орны ғана емес, сол ауылдың мәдени ошағы, тарихын, шежіресін сақтап тұрған киелі мекеме екеніне аудандық семинар өткізгенде көз жеткіздік. Ондағы екі тәжірибелі ұстаз Гүлзия Гайсина мен Жанар Бақтыбаева өз санаттарын көтеруіне байланысты ашық сабақтарын көрсетті. Гүлзия Амангелдіқызының 2-сынып оқушыларымен өткізген қазақ тілі сабағы өте тартымды болды. Ол өз білімін шәкірттерге жетік түсіндіре отырып, қызығушылықтарын арттыра түсті. Сондай-ақ Жанар Әкімжанқызы математика сабағында 4-сынып оқушыларына тапсырмаларды ауызша, жазбаша түрде шапшаң орындатқызып, отырған қонақтарды таңғалдырды. Ұжымын айрандай ұйытып, мектебін жарқыратып отырған мектеп директоры Әлия Гайсина туралы айтпасқа болмайды. Келген қонақтарды жылы жүзбен қарсы алып, өз ұстаздарына жанашырлық білдіріп жүрген ол – үлкен жүректі, инабатты жандардың бірі.
Әсем әндерімен, билерімен тамсандырған Қараағаш негізгі мектебінің шәкірттері өз өнерлерін қонақтарға аянбай көрсетті. Ән шашуды дайындап, жетекшілік еткен Мәдина Темірханованың да еңбегі зор екен. Ауыл мектебінде білім мен өнерді ұштастырып, балаларға тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздарға алғысымыз шексіз.