Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ел Үкіметі “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру үстінде. Ол биылдан бастап үлкен нәтиже береді деп күтіледі. Бұған дейін де қазақстандықтар үшін өзекті болып тұрған тұрғын үй мәселесі оң шешімін тауып келеді. Талай отбасы “Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” арқылы өз шаңырағының отын жақты. Енді, міне, тағы бір мемлекеттік бағдарлама аясында олардың саны толыға түспекші.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Үкімет жоспарланған бағыттар бойынша бюджеттен бағдарламаға арнайы қаржы бөліп, оған әр өңірдің жергілікті билігі тұрғын үй салуды ұйымдастырады. Ал дайын баспанаға қол жеткізгісі келген тұрғындар “Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіне” салымшы ретінде тіркеліп, қор жинауы қажет. Жобаның өзін-өзі ақтайтындығы бүгіннің өзінде байқалады. Мысалы, өткен жылы еліміздегі салымшылар саны 17 мың болса, биыл ол 86 мыңға жетті. Осы тиімді жобаны жүзеге асыру үшін Үкімет биылдан бастап, 2020 жылға дейінгі аралықта жыл сайын 35 млрд. теңгенің көлемінде қаржы бөліп тұрмақшы. Яғни, жылына 4 мың пәтер тұрғызылады деген сөз.
Тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі арқылы “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының екі бағыты жүзеге асырылады. Таратып айтар болсақ, біріншісінде тұрғын үй құрылысын жинақ жүйесі арқылы жүргізіп, ұзақмерзімді жалға алған тұрғынға үйді кейін сатып алу мүмкіндігі беріледі. Ал екінші бағытында тұрғын үй жас отбасыларға жалға беріліп, кейін оларға пәтерді сатып алудың жолдары қарастырылған. “Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” бұл бағытты жергілікті билікпен бірлесе отырып іске асырады. Біздің өңірімізде де игілікті бастама бойынша бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Соның ішінде басым көпшілігі жалға берілетін тұрғын үйлер болмақ. Жақында Петропавл қаласында екі көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Сөйтіп, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының тиімді екеніне тұрғындар бірте-бірте көз жеткізе бастады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” атты Жолдауында: “Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі”, деп атап көрсеткен болатын. Осы Жолдауда Елбасы Үкіметтің алдына жедел түрде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту бағдарламасын қолға алуды міндеттеген еді. Осыған байланысты ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы бекітіліп, оны жүзеге асырудың кешенді жұмыстары басталып та кетті.
Кешегі кеңес дәуірінен мұраға қалған, тұрғындардың меншігіне берілген көпқабатты үйлерді жөндеу, коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғырту мәселесі жылдар өткен сайын күрделене түсуде. Соның салдарынан коммуналдық жүйелердің 70-80 пайызы шұғыл жөндеуді немесе толық ауыстыруды қажет ететін жағдайға жетті. Бұл саладағы осындай күрделі жағдайды жете түсінген Мемлекет басшысы әлемдік дағдарысқа қарсы елімізде қабылданған бірлескен іс-қимыл бағдарламасының аясында арнайы “Жол картасы” бағдарламасын енгізіп, 2009 және 2010 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы нысандарын күрделі жөндеуден өткізу мәселесіне бұрын-соңды болмаған бет-бұрыс жасады. Ал “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы бойынша көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі және ағымдағы жөндеу, соның ішінде, міндетті жөндеу – инженерлік-коммуникация жүйелерін ауыстыру, жылу пункті мен жертөлені қайта құру жұмыстары атқарылуда.
Бағдарламаның даму қарқыны былтыр еселеп өсті. Ол мәре алған 2011 жылы кредиттік мөлшерлеме 0,1 пайызды ғана құрады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай жеңілдіктер кейін болмауы да мүмкін. Мәселен, биылдан бастап тұрғындардан тіркелген кондоминиум нысандарының белгіленген жөндеу сомасынан 15 пайызынан кем емес қаржысы өз шотында болуы талап етіледі. Сондықтан, әрине, бұл бағдарламаны былтыр пайдаланғандар ұтты.
“Петропавл қаласының құрылыс бөлімі” ММ баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, өңірімізге 2011 жылы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бойынша республикалық бюджеттен 395 миллион теңге бөлініп, оған 46 тұрғын үй жөнделді. Ал 2012 жылы 55 көпқабатты үйдің жөндеу жұмыстарына 812 миллион теңге жұмсалды. Қайта жаңғыртудан өткен үйлердің 47-сі – облыс орталығында. Бүгінгі таңда петропавлдық 1288 жекеменшік иесіне 85 миллион теңгенің тұрғын үй көмегі көрсетілді. Жылдан-жылға бағдарламалар жандана түскен сайын қаламыз бен даламыз көркейе түсуде.