Кеше өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен активте облыс әкімінің жаңа орынбасары таныстырылды. Бұл қызметті енді Владимир Балахонцев атқаратын болады.
Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.
– Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша менің өкіміммен Владимир Николаевич Балахонцев облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды, – дей келіп, Самат Ескендіров жаңа басшының Орал орман-техникалық институтын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын орман шаруашылығы инженері, заңгер мамандықтары бойынша аяқтағанын атап айтты. Кезінде СҚО бойынша орман және аң шаруашылығы аумақтық басқармасының бастығы, Есіл ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, Ақмола облысындағы Бурабай ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2012 жылғы желтоқсан айынан бері Жамбыл ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Облыс әкімінің айтуынша, Владимир Балахонцев жаңа қызметіне орай құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар мен “Петропавл қалалық халықаралық әуежайы” АҚ-ның жұмысына бақылау жасап, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің жұмысын үйлестіретін болады.
Самат Ескендіров жаңа басшының алдына көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысына арналған мемлекеттік бағдарламаларды, тіршілік қарекетіне байланысты шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жалғастыру сияқты келелі міндеттер жүктеді.
Өз кезегінде Владимир Балахонцев облыс әкімі тарапынан көрсетіліп отырған зор сенімге алғыс айтып, жаңа қызметке бар күшжігерін жұмсайтындығын білдірді.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.