Ербол ҚУАНЫШЕВ,
СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы, өртке қарсы қызмет майоры.
Жуырда “2012 жылғы қала және ауданның төтенше жағдайлар жөніндегі үздік басқармасы (бөлімі)” сайысының алғашқы кезеңі өткізілді. Жарыстың мақсаты – ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің өңірлік бөлімшелерінің жұмысын жетілдіру.
Мұндай сайыс өңірімізде алғашқы рет өткізіліп отыр. Атап өтерлігі – аталмыш сайысқа бөлімнің мамандары тікелей қатысқан жоқ. Облыстық басқарманың басшыларынан құралған байқау комиссиясы бөлімшелердің есептік құжаттамаларын тексеріп, 2011-2012 жылдардағы жұмыс көрсеткіштерін саралады. Сондай-ақ комиссия ауданда орын алған төтенше жағдайлардың статистикасын, оның алдын алу бойынша өткізілген дайындық пен жаттығулар сапасын, апаттық-құтқару жұмыстарының саны мен өткізілу барысын, аталмыш жаттығуларда қанша адамның құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілгенін тексерді.
Сайыстың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен Мамлют ауданының мамандары І орын алды, Тайынша мен Аққайың ауданының бөлімдері тиісінше ІІ және ІІІ орындарды иеленді.
Мамлют ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімі үстіміздегі жылдың наурыз айында Астана қаласында өтетін республикалық сайыстың екінші кезеңіне қатысуға жолдама алды.