«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЗЫҚ ОТЫЗДЫҚҚА ЕНУ – жастарымыздың еншісіндегі міндет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ибрай ИЛЬЯСОВ,

зейнеткер, тыл ардагері.

Біздің жас республикамыз небәрі 21 жылдың ішінде, Елбасы айтқандай, кейбір елдердің 100-150 жылда жеткен жетістігіне ие болды. 1997 жылы алдағы 33 жылға жоспарланған “Қазақстан – 2030” Стратегиясы жарияланғанда, жалақы мен зейнетақымызды ала алмай отырып, қалайша Азия барысына ұмтыламыз деп қынжылғанымыз да рас еді.

Бірақ, бүгінде Ұлт Көшбасшысына айналған, әлем елдерінің ірі саясаткерлерінің өздері санасатын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың болжамы мен жоспарларының арқасында бағытымыздың түзу, даму жолымыздың даңғыл екендігіне көзіміз жетті.

 

Жолдауда айтылғандай, “Қазақстан – 2030” Стратегиясында белгіленген межелердің көбіне жоспарланғаннан екі есе уақыт бұрын, 15 жылдың ішінде қол жеткізіппіз. Сарыарқа жазығында жаңа Астана қаласының бой көтеруі, онда өткен ірі-ірі халықаралық форумдар мен конференциялар еліміздің абыройын асқақтатып, беделін көтерді. Алдағы уақытта өтетін “ЭКСПО – 2017” көрмесі Қазақстанның Астана қаласының арқасында жеткен жетістігі екені атап өтілді.

Дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстан алдағы уақытта, Елбасы айтқандай, халықтың берекесі мен бірлігі арқасында әлі талай асуларды бағындыра алатындығына сенімім зор.

Биылғы Жолдау стратегиялық құжат болғандықтан, ол биліктегілердің үстел кітабына айналады деп ойлаймын. Ал мен қарапайым зейнеткер ретінде өзіме ұнаған тұстарын айта кетейін:

Біріншіден, Елбасы бізге аға буын өкілдеріне кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына себіміз тигені үшін ризашылығын білдірді. Оған бір марқайып қалдық.

Екіншіден, Елбасы “Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек. Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай”, – деген пайымымен бөлісті. Көңілге қонымды ой, біраз адамдарға ойланатын жайт.

Үшіншіден, Елбасы: “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” деп тағы да қайталап айтты. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз, деді. Расында бұл мәселенің де уақыты жетті, пісті.

Төртіншіден, еліміздегі діни ахуалдың жай-күйін де егжей-тегжейлі айтып өтті. Бабаларымыздан келе жатқан ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлау, қыз баланың қадірін, т.б. көптеген жайттарды да сырт қалдырған жоқ. Сайып келгенде, осының бәрі Қазақстанның дамып, өркендеп өсуі үшін нағыз керек дүниелер екендігін мойындауымыз қажет. Сонда ғана нәтижеге жетеміз деп ойлаймын.

Ең соңында осы Жолдау біздің келешек ұрпағымыз, жастар үшін жасалып жатқан игілік екенін баса айтты. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын бүгінгі жастарымыз саналы, білімді болып, 2050 жылы дамыған, алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарында болуға бір Алла жар болсын, деген тілегімді білдіремін.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp