“Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы 1-7-сынып оқушыларының арасында зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының VIII республикалық “Зерде” конкурсын өткізді. Оған Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушылары да қатысты.
Айнагүл ЕСҚАЛИЕВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық
дарынды балаларға мамандандырылған
гимназия-интернаты директорының
орынбасары.
Ережеге сәйкес конкурс мектепішілік, аймақтық және республикалық кезеңдерге бөлінді. Республикалық кезеңге еліміздің барлық өңірлерінен, Астана мен Алматы қалаларынан және “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымынан 307 зерттеуші, 48 жетекші қатысты.
Жас ерекшеліктеріне байланысты зерттеу жұмыстары екі топқа бөлінді. Бірінші топ 1-4, екіншісі 5-7-сыныптардан құралып, конкурс сегіз бағытта өткізілді. Қазылар алқасының құрамында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің ғалымдары мен “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының, “Педагогикалық шеберлік орталығы” филиалының бағалаушы сарапшылары болды.
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушылары: Зарина Жалғасбаева – “Домбыраның қоңыр үні” (4-сынып), Әлібек Тұрғанәлиев – “Мағжан Жұмабаевтың “Толқын” өлеңіндегі адам тағдыры және ұлттық болмыс” (5-сынып), Гүлдана Тұяқова мен Аяулым Сәрсембаева – “Қара африкалық түйеқұстар этологиясы”, Балым Жәмшит пен Ақжан Қали – “Қазақ антропонимдері, олардың қазіргі күнде қолданылуы” (6-сынып), Фарида Раева мен Айдана Шарапиева – “Влияние поэзии Эдуарда Асадова на формирование личности подростка” (7-сынып) тақырыптарындағы жобаларын қорғап, жүлделі орындар алды.
Қазылар алқасы республикалық конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жас ерекшеліктеріне қарай анықтады.
1-орын – “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымына, Шығыс Қазақстан облысы және Астана қаласына, 2-орын – Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай облыстарына, 3-орын Ақтөбе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына берілді.
Барлық конкурсқа қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтар табысталды. Балаларға мәдени-танымдық бағдарламалар ұсынылып, тарихи орындарға, Щучье-Бурабай демалыс аймағына экскурсиялар ұйымдастырылды, таза ауада басқа да спорттық-сауықтыру шаралары өткізілді.