Кеше облыстық ІІД-де облыс әкімі Самат Ескендіровтің және ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаевтың қатысуымен өткен жедел кеңесте облыс полицейлерінің былтырғы жұмысы қорытындыланды.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстың ішкі істер органдарының жедел-қызметтік жұмысының нәтижелері мен алдағы басым міндеттері жайында СҚО ІІД бастығы, полиция полковнигі Мұрат Ұрұмханов баяндады. Былтыр 7535 қылмыс тіркеліп, 2011 жылмен салыстырғанда олардың саны 13,4 пайызға өскен. Облыс бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу жақсарған (73,7%). Бұрынғысынша, бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері азаяр емес, бас полицейдің айтуынша, есепті кезеңде 5304 ұрлық оқиғасы орын алып, 18,8 пайызға көбейген. Әрі бұл санаттағы фактілер жалпы қылмыстар құрамының 70,6 пайызын құраған. Мұрат Ұрұмханов өңір аумағында пәтер және мал ұрлықтарының белең алып отырғанына назар аудартты. Бүгінде әрбір үшінші ұрлық осыған қатысты болып отыр. 146 қылмыскер құрықталғанымен, жетеуі әлі бостандықта жүр. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес күшейтілген. Аталған мерзімде біздің өңір мен Ақмола облысы аумағында үйлерді тонаған қылмыстық топ құрықталып, оның мүшелеріне қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалған. Мас күйде жасалатын қылмыс тыйылар емес. Былтыр бұл көрсеткіш 16,4 пайызға өскен. Ал жасөспірімдердің қылмыс жасауы облыс орталығында, Есіл, Тимирязев, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда белең алған.
Баяндамашы облыс әкімдігі тарапынан полицейлердің материалдық-техникалық базасына ұдайы көңіл бөлініп, құқық қорғау саласына қомақты қаржылай көмек көрсетілетінін атап өтті. Былтыр осы мақсатта облыстық бюджеттен 217 млн. 413 мың теңге аударылып, бірнеше аймақтық полиция пункттері ашылған. Дегенмен де, полицейлер әлі де қаражатқа тапшы. Мәселен, қылмыстың және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тұрғын үйлер аумақтарында бейнекамералар орнату қажет-ақ. 2012 жылы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында арнайы бағдарлама қабылданып, аймақтық полиция пункттеріне жалпы құны 300 млн. теңгеге бейнебақылау жүйесін орнату туралы шешім шығарылғанымен, ол сол қалпында қалып қойған. Әлі күнге дейін бұл мақсатқа ешқандай қаржы бөлінбепті.
Бас полицейдің айтуынша, тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы 50 орынға шақталғанымен, мұнда қазір 75 адам тұрып жатыр. Бұл санитарлық нормаға сәйкес келмейді. “Қыстың қытымыр аяздарында көше кезгендердің өмірін сақтап қалу және олардың қоғамға қарсы әрекеттерінің алдын алу мақсатында облыс орталығынан тыс аумақта жабдықталған арнайы әлеуметтік бейімдеу орталығын ашу керек деп санаймыз”, – деді Мұрат Ұрұмханов өз сөзінде. Сонымен бірге бізге өңірлік уақытша ұстау оқшаулағышы аса қажет. “Осы мәселені шешудің жолын қарастырып қойдық. Тайынша аудандық ІІБ-ге қарасты Чкалово кенттік полиция бөлімшесін аталмыш мақсатта пайдалануымызға болады. Бірақ бұған да 70 млн. теңге көлемінде қаражат керек”, – деді ол.
Кеңес барысында облыстық ішкі істер департаментіндегі тәртіп пен заңдылықтың жай-күйі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және Петропавл қаласы бойынша полицейлердің өткен жылда атқарған жұмысы баяндалды. Бірақ тиісті басшылар тек жақсы көрсеткіштерді тізумен болды. Осыған орай ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев жалаң цифрлар мен мадақ сөздерді айтудан гөрі нақты іске көшу керектігін баса айтты. “Жақында құқық қорғау органдарының басшыларының қатысуымен өткен жиындағы Елбасының полиция жұмысына қатысты айтқан ескертулері мен сыны назарға алынуы тиіс”, – деді вицеминистр.
Жиынға қатысқан облыс прокуроры Степан Зайтлердің айтуынша, былтыр полицейлердің 69 қылмысты жасырғаны анықталған. Бұл фактілер бойынша тергеуге дейінгі тексерістер жүргізілуде, заң бұзушылыққа жол берген тұлғалар жауапқа тартылатын болады, деді прокурор. Сондай-ақ жол полицейлерінің жұмысына қатысты сын айтылды. Былтырғы жылы жүргізуші куәлігін беру, емтихан алу тәртібін бұзу фактілері белгілі болған. Көші-қон саласында да кемшіліктер анықталған. Мәселен, Исина деген әйел кәсіпкерлікпен айналысып жүріп, Өзбекстан азаматтарын заңсыз түрде жұмысқа тартқаны үшін төрт рет әкімшілік жауапқа тартылған. Алайда, қылмыстық іс тек прокуратура қызметкерлерінің тексеріс жүргізуінен соң ғана қозғалған.
Полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев жиналғандарға барлық қылмыс пен құқық бұзушылықты тіркеуіміз керек, деп ескертті. Әрі оның айтуынша, полицейлер өз қызметтерінде ақпараттық технологиялар көмегіне жүгінуі тиіс. Мәселен, СҚО ІІД-нің жедел басқару орталығы полиция жұмысын жеңілдету мақсатында кез келген техникалық құралды пайдалануға мүмкіндік береді. Вице-министр осы орайда кәсіпкерлердің көмегіне жүгіну қажеттігіне тоқталды. Оның пікірінше, заңды тұлғалар да өздеріне тиесілі аумақта қауіпсіздіктің болуына мүдделі. Әрбірі бейнебақылау орнатып, полицейлермен тығыз қарым-қатынаста болса, қылмыстың алдын алуға болады. “Бүгінгі заман талабы сондай, тәртіп сақшылары кез келген уақытта қылмыскерлерге төтеп беруге тиісті. Ол үшін әрқайсымызға кәсіби даярлық қажет”, – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Жиын соңында облыс әкімі Самат Ескендіров сөз алды. Ол облыс полицейлеріне қажетінше материалдық-техникалық көмек алдағы уақытта да көрсетілетінін тілге тиек етті. Бұдан соң өңір басшысы қызметінде жоғары көрсеткіштерге ие болған бір топ полицейлерді облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Жедел кеңестен соң оған қатысушылар СҚО ІІД қоғамдық қабылдауында болып, “Көршілер бақылауы” бағдарламасының жұмысымен танысты. Содан кейін жедел басқару орталығы мен мұражайда болды.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.