Дәурен НҰРҒОЖИН,
облыстық ұлттық спорт
мектебінің әдіскері.
Жақында біздің мектептің Борки кентіндегі спорт залында 1994-1995, 1996-1997 және 1998-1999 жылдары туған балуандар арасында үш топта белдесулер өткіздік.
Біз бұл орайда республикамызда бүгінде қолданылып жүрген ережелерді басшылыққа алдық. Мәселен, алғашқы ересектер тобында – үш салмақта, екінші топта – бес салмақта және соңғысында – он салмақта сынақ өткізуді ұйғардық.
Жарысқа Айыртау ауданынан – үш, Қызылжар ауданынан – екі, Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын, Тайынша, Аққайың аудандарынан – бір-бірден және облыс орталығынан – үш команда тоғысты. Барлығы сексен үміткер боз кілемде белдесті.
Алғашқы топта мыналар жеңіске қол жеткізді: 60 кг. Райымбек Асқаров (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан), 70 кг. Асылбек Әбдірахманов (Шал ақын ауданы), 80 кг. Иван Грач (Тайынша ауданы).
Бұл жеңімпаздар ақпан айының соңында Түркістан қаласында өтетін турнирге қатысу үшін оныншы ақпанда Қызылжар ауданының Новокаменка ауылында болатын облыс чемпионатында іріктеу белдесулеріне шығады.
Екінші топта мыналардың жолы болды: 46 кг. Аян Ақмурзин (Айыртау ауданы), 51 кг. Аманжол Сейітқали (Айыртау ауданы), 57 кг. Арман Жахин (Аққайың ауданы), 64 кг. Ержан Әскеров (Шал ақын ауданы), 72 кг. Руслан Ерденов (Қызылжар ауданы).
Бұлар наурыз айында Қызылорда облысының
Шиелі ауданында өтетін жарысқа дайындықты бастап кетті. Ал үшінші топтың жеңімпаздары наурыз айында Көкшетауға аттанбақ. Олар мыналар: 32 кг. Жеңіс Төлепбек (Тайынша ауданы), 35 кг. Олжас Әбдірахманов (Петропавл), 38 кг. Кеңес Қасымбеков (Қызылжар ауданы), 42 кг. Наурызбай Рүстемов (Айыртау ауданы), 46 кг. Бақыт Бекмағамбетов (Шал ақын ауданы), 50 кг. Райымбек Алпысов (Айыртау ауданы), 55 кг. Еркебұлан Елмұратов (Петропавл), 60 кг. Ерзат Арғынов (Петропавл), 73 кг. Ердәулет Сайдуллаев (Қызылжар ауданы), +73 кг. Дмитрий Сокольницкий (Тайынша ауданы).
Сөз реті келіп тұрғанда мына бір жағымды жаңалықты оқырмандардың назарына сала кетуді ұйғардым. Жақында біздің ұлттық мектебіміздің директоры Есләмбек Бекмурзин алпыс жасқа толады. Соған орай республикалық Қазақ күресі федерациясы Петропавлда осы түрден еліміздегі ең мықты балуандар қатысатын жарыс өткізуді ұйғарып отыр. Бұл жарысқа өткен жылғы Қазақстан барысы атағын жеңіп алған тараздық Бейбіт Ыстыбаев, шығысқазақстандық үздіктер Шалқар Жоламанов, Айбек Нұғымаров және Қызылорда, Орал қалаларынан айтулы балуандар қатысуға ниет білдірді. Жарыс 16-17 ақпан күндері өтпек.
Осы жарыстың барысында федерацияның мамандары өңірімізде қазақ күресін өркендету мәселесін де талқыламақ.