«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮКІЛІ ҮМІТІМІЗ – АЗАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Газетіміздің 31 қаңтардағы нөмірінде петропавлдық жасөспірім боксшы Азат Елубаевтың Қарағанды қаласында өткен республика чемпионатынан алтын алқамен оралғаны туралы хабар жарияланған-ды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

Солтүстік Қазақстан”.

Жеңімпазды мерейімен құттықтау мақсатында мен оны “Бокс” балалар мен жасөспірімдер мектебінде жаттықтыратын бапкері Антон Лопатинмен хабарластым.

Он бес жасар Азаттың бұл жетістігі бізді ғана қуантып отырған жоқ. Шынымды айтсам, соңғы жеті жылдың ішінде біздің өңірімізде мұндай табысқа қол жеткізген боксшы жоқ, – деді ол ағынан жарылып. – Оның Қазақстан чемпиондығын жеңіп алуы оңай болған жоқ. Жеңісі сонысымен ардақты.

 

Айтса айтқандай, Қарағандыда 60 килограмм салмақта сынға түскен Азаттың қарсыластары еліміздегі күшті боксшылар болып шыққан екен. Мәселен, ол алғашқы жекпе-жегінде шымкенттік боксшымен қолғап түйістіріпті. Бұл сынақтың қалай өткенін есептің өзі айғақтайды. Төрешілер 10:9 ұпаймен жеңіске жерлесімізді лайық деп тапқан. Ал екінші кездесуінде жерлесіміз батысқазақстандық қарсыласын алғашқы раундта-ақ нокаутпен ұтыпты.

Жартылай финалда бәсеке Азатты шаршы алаңның иесімен жолықтырған. Бір қызығы, өткен жылы бұлар аймақтық жарыста жұдырықтасып, қарағандылық боксшы Азаттан басым түскен екен. Бірақ осы жолы Азат есе қайтарып, ақтық айқасқа жолдаманы жеңіп алады.

Азат жеңіске жету үшін мықты даярланды. Алаң иесін қолдаған жергілікті жанкүйерлердің де, қарсыласының да айбарынан қаймықпастан, шебер де ширақ қимылдап, оны алғашқы раундта ұрып жықты, – дейді бапкері.

Жерлесіміздің финалдағы қарсыласы алматылық боксшы, Қазақстан Республикасының құрамасына мүшеліктен үміткер екен. Қай жеңгені құрамаға түпкілікті қабылданбақ.

Кездесу өте тартысты өткен. Жерлесіміз 8:5 ұпаймен оны лайықты тамамдап, алтын алқаны омырауына таққан.

Бүгінде облыс орталығының №44 орта мектебінің тоғызыншы сыныбында оқитын ел чемпионы қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Алуа ауылында 1997 жылы туыпты. Алғашқы кездері боксқа жай құмартқаны болмаса, түпкілікті шұғылдануға ден қоймаған екен. Осыдан төрт жыл бұрын қаладағы “Бокс” мектебіне достарына еріп барған.

Сол күннен бастап Антон Евгеньевичтің қарамағында жарты жылдай жаттығып жүрдім. Онда мүлде баламын ғой, небәрі он бір жастамын. Бір досым “Боксты қайтесің? Одан да менімен бірге футбол үйірмесіне барайық. Сен жақсы ойнайсың” – дегесін еріп кете барғам. Бір күні мені Антон Евгеньевич іздеп келіп, ұзақ сөйлестік, – дейді Азат.

Мен оған сен бокста өзің үшін тер төгесің. Ал футбол – командалық ойын. Онда бір адам ештеңе шешпейді. Сондықтан сен бокспен шұғылдануың керек, – деп А.Лопатин оны үйірмеге қайыра алып кеткен екен.

Бокс” мектебінде сегіз жылдан бері бапкерлікпен айналысатын ұстазы жасөспірімнің дене қуатын және рухани күш-жігерін аңғарған. Сондықтан мұндай талабы мен таланты ұштасқан жасты қалайда шыңдауды ұйғарып, баптай біліпті.

Бапкері жасөспірім Азаттың жігерлілігін, жаттығудан жалықпайтынын, мақсаткерлігін атап көрсетеді.

Оның арманы – Серік Сәпиев және басқа да әйгілі боксшыларымыз сияқты Олимпиаданың алтын алқасын жеңіп алу. Арман ақиқатқа айналады деп үміттенейік.

Ал әзірге Азат Елубаев Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына алынып, өз салмақ дәрежесінде көш бастауда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp