«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЖАР ЖАСТАРЫНЫҢ ҰРАНЫ – саламатты өмір салты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасының биылғы 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясында: “Бұқаралық спортпен жаппай шұғылдану және қолжетімді спорт кешендері саламатты ұлтты қалыптастырады, сол арқылы бәсекеге қабілетті бола аламыз”, – деп атап көрсетілген. “Спорттағы жетістіктеріміз – саламатты өмір салты үшін” ұранын ұстанған ақжарлықтар Президент Жолдауын жүзеге асыруға күш салуда…

Айбек ХОРШАТ,

Ақжар аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы.

Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылында қаңтардың 23-26-сы күндері ХVІ халық спорты ойындарының бағдарламасы аясында “Солтүстік – 2012” қысқы спорт ойындары өтті. Өңірдің 13 ауданының 300-ден астам мықты спортшылары спорттың 7 түрінен бақ сынасты. Бәсекелі додада аудан спортшылары үшінші орын иеленді. Бұл жастарымыздың спортқа құлшынысын арттыра түскені анық.

 

Бүгінгі уақытта аудан орталығындағы және ірі елді мекендерде спорт ғимараттары тұрғындарға қолжетімді. Жалпы ауданда 150 спорт ғимараты болса, соның ішінде 28 спорт залы, 4 стадион, 11 хоккей қорапшасы, 20 тир және басқа да қосымша спорт орындары бар. Ауданда спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны жергілікті тұрғындардың 29 пайызын құрайды.

Сонымен қатар ауданымызда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін жазғы және қысқы спорттық ойындары да жетістіктерімізге жатады. Соның арқасында жыл сайын әрбір елді мекенде салынып, пайдалануға беріліп жатқан стадиондар мен хоккей қорапшалары спортқа бейімі бар жастарымыз үшін күнделікті жаттығу орындарына айналуда.

Жыл сайын спорттың ұлттық түрлері бойынша өткізілетін спартакиадалар, волейбол, баскетбол, футбол, шағын футбол сияқты спорт түрлерінен өткізілетін турнирлер, еркін және грек-рим күресі бойынша біріншіліктер аудан спортшыларын шыңдай түсуде.

Ауданымыздың спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп, зор табысқа жетіп жүр. Соңғы 3 жыл ішінде ауданымыздың 8 спортшысы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын еншіледі. Олар: грек-рим күресінен – Ризат Мұхамадиев, Ринат Нығматуллин, Сингапурде өткен жастар олимпиадасының қола жүлдегері Ақан Баймағанбетов, еркін күрестен қыздар арасында – Айдана Өтеғұлова, жеңіл атлетикадан – Татьяна Юрченко мен Регина Кондрат, ауыр атлетикадан – ең жас спорт шебері Жаслан Қалиев пен Индира Нағышкен.

Өткен жылы біздің балғын спортшыларымыз да жақсы табыстарға қол жеткізді. 6 үміткер спорт шебері нормативін орындаса, 5 спортшымыз – бірінші, 161 жерлесіміз жаппай разрядты спортшы атағына лайық деп танылды.

Қанат Ермағанбетовтың қарамағында жаттығып жүрген Жантуған Амантай мен Бисұлтан Сейітов – ауыр атлетикадан, “Жас барыс” республикалық турниріне қатысушы Жеңіс Хамиев – қазақ күресінен, Үсен Дайыров – еркін күрестен (жаттықтырушысы Төлеген Қожылдақов), Айнель Әбдірахманова – армрестлингтен, Қуаныш Жамбылов – еркін күрестен (жаттықтырушысы Гелімжан Мұқанов) спорт шеберіне үміткерлер. Аталған спортшыларымыздың барлығы да аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері мен түлектері. Қазіргі уақытта осы спорт мектебінің 10 бөлімшесінде 554 оқушы тәрбиеленуде. Осы бөлімшелерде спортпен шұғылданушылардың саны жыл сайын артып келеді. Жоғарыда аталған жетістіктердің барлығы – Мұхамед Шәпенов басқаратын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жүйелі жұмысының нәтижесі және онда қызмет жасайтын 19 жаттықтырушы-мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің жемісі.

Аталмыш спорт мектебі 2012 жылы “Ең үздік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі” сайысының жеңімпазы атанып, дипломмен және материалдық базасын нығайтуға 250 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталған болатын. Жастардың саламатты өмір салтын қалыптастырып, спортқа ден қойғандары қазақстандық патриотизмнің күшін әлемге танытатын болады. Олай болса саламатты ұлт құру жолында спортпен айналыссақ, бәсекеге қабілетті елге айналатын боламыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp