Ақмарал ЖАМИТОВА,
ҚР ІІМ ІӘ Әскери институты жалпы білім беру пәндері кафедрасының профессоры.
Тәуелсіздік халқымызға тегін келмеді. Қаншама азаматтарымыз жалынға шарпылды, елім деп еңіреді, қаншама ұрпақ зар жылады, жапа шекті. Асынған бес қаруын айлап шешпеген еліміз төрт жүздей шабуылды басынан кешірген екен. Соның бірі – Аңырақай шайқасы. Осы жайында тарих ғылымының көшбасшысы Манаш Қозыбаев: “Аңырақай халқымызға рух берді, оның жер бетінде ұлт болып қалуын түбегейлі шешті. Аңырақай – қазақ тарихының асқар белі, қазақ рухының ту тігіп, ұлттық болмысын мәңгілік бойына дарытқан құбылыс. Аңырақай соғысында жауды аңыратып қана қоймай, қазақ қалмақтың сағын сындырды, бағын қайтарды”, – деп ерекше тебіренеді. “Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген”, сырт жаулар соққысына мойымай қарсы тұрып, байтақ елді келер ұрпаққа мұра етті. Шекарасы ата-бабамыздың қанымен сызылған байтақ ел – Қазақ елі бүгінгі күндері Тәуелсіздік бесігінде тербеліп жатқан жайы бар.
Егемендікті берік еткен Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты елдің өсіп-өркендеуіне зор ықпал еткенін халқымыз жақсы біледі. Елбасының қай Жолдауын алсақ та, олар шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендіреді. Жыл сайын елге ұсынған Жолдаулар халық сенімін одан әрі нығайта түсіп, мерейін үстем етті. Мемлекет басшысы экономикадағы реформаларға көп үміт артты. Оның нәтижесі де көп күттірмегенін ел көрді, ерен еңбек бағаланды. Іргелі істер ілгері дамуымыздың негізі болғаны да айқын. Жыл сайын Жолдау қызу талқыға салынып, көпшіліктің оң ықыласына бөленіп отырғаны анық.
Қалыптасқан мемлекеттің бірлігі мен тұрақты дамуына негізделген “Қазақстан – 2050” Стратегиясында қазақстандық реформа сәтті жоспарланғанын анық көруге болады. Еліміз “егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты” таңдады. Ендігі міндет – бейбіт өмірді сақтау, “ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру”, ортақ еңбектің нәтижесінде “берекелі қоғам құру”, тәуелсіз елімізді “Мәңгілік Ел ету”. Ал “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан мемлекет болып қалыптасуымыздың бірден-бір кілті. Қазіргі кезде біз “Жаһандық саясатта” өз орнымызды таптық. Экономиканың қарқынды дамуы мен елдегі тұрақтылық мемлекеттің алға жылжуына мүмкіндік бергенін өмір көрсетіп отыр. Ал Стратегиялар мен Жолдаулар жаңа бағыт-бағдар беретіні айқын. Елбасы бұл Стратегияда қоғамның барлық саласына қамқорлық танытады.
“Қазақстан – 2050” Стратегиясы қазақтың киелі саны жеті бөлімнен тұрады. Жетінші бөлім қазақстандық патриотизмге арналады. Қазақ халқына деген қамқорлығын: “Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз”, – деп жеткізеді. “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде”, “қазақ тілі – рухани негізіміз” екенін естен шығармауымыз керек. Тәуелсіздік ұғымының қазақ деген сөзге ерекше құдіреті төгілгенін бәріміз білеміз. Кезінде Манаш Қозыбаев осы жайында былайша толғанған екен: “Бұл замана бізге қымбат – ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қаз-қатар тұрғызып, “Қазақ” деген атауға қан мен жан кіргізгені үшін!”.
Мемлекет басшысы жастарды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, бейбітшілікте өмір сүруге тәрбиелеуге баса көңіл бөледі. Бұл мақсат оқу орындарында қазіргі кезде мықтап қолға алынған. Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Ішкі Әскерінің Әскери институтында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Білім бере отырып, тәрбиелеу принципі бойынша жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, полковник Асқар Қалиевтің басшылығымен жалпы білім беру кафедрасының профессор-оқытушылық құрамы осы жолда аянбай еңбек етуде. Әр сабақта елде болып жатқан тың өзгерістер жайлы ой-пікір алысып, айтулы мерекелерге байланысты тәрбиелік іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мысалы, Қазақстан тарихы бойынша ҰОС тақырыбын өткен кезде Отан үшін қайтпас қайсарлық көрсеткен, өшпес даңқ үлгісін мәңгілікке қалдырған, батырлық атаққа екі мәрте ие болған қазақтың текті қыраны, 90 жасқа толған мерейтой иесі “Талғат Бигелдинов – ерліктің дастаны” тақырыбында “дөңгелек үстел” өткізілді. Мұзбалақ қыран 305 рет әскери шабуылға шыққан. Екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын алған кезде жасы небәрі 23-те болған екен. Курсанттар оның өшпес ерлігін ерекше мақтанышпен жеткізді.
Тәуелсіздіктің 21 жылдығына арналған “Егемен елдің еңсесі биік” тақырыбында патриоттық рухтағы әдеби-сазды кеш, “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің сипаты мен маңызы” тақырыбындағы “дөңгелек үстел” болашақ сардарлардың елге деген шын ықылас-пейілдерін терең танытты. Осы шараларда, әсіресе, 1-курс курсанттары белсенділік танытты. Осы мазмұндас шаралар жетіп артылады. Сонымен қатар, Абылай хан тақырыбы бойынша Петропавл қаласындағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешеніне экскурсия ұйымдастырылды. Бұл шаралар елдің ел болып қалуы үшін жандарын пида еткен ұлы тұлғалардың ерлігі мен данышпандығын танытуды көздеді. Осы маз-мұндас шаралар балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін жалғасын тауып отырса, “Мәңгілік Ел” болу жолындағы мазмұнды істерімізбен даралана-тынымыз айдан анық. Елбасы осы жайында “Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз “Мәңгілік Ел” боламыз”, – деп баса айтты. Президентіміз айтқандай, жастар болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегі екенін бір сәтте естерінен шығармауы жөн.