«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРШАМА ТҰРАҚТЫ ДЕП БАҒАЛАУҒА БОЛАДЫ Оған ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ықпал етуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бағаны базардағы нарық реттейді, оның бір сәтте көтеріліп немесе түсіп те кетуі мүмкін. Күнбе-күнгі қажетті негізгі азық-түлік тауарлары бағасының тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына тікелей ықпалы болғандықтан, жергілікті басқару органдары оған мониторинг жүргізіп, барынша тұрақтандыруға тырысады. Бұл мәселе жуырда облыс әкімдігінің отырысында қаралып, бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралы істер белгіленді.

 

Осы жиында хабарлама жасаған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Тотыкамал Құлжанова өңірдегі нарық бағасына біршама талдаулы түсінік бере отырып, азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жөніндегі шаралар меморандумын жүзеге асыруда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Аталмыш хабарлама деректеріне сүйеніп айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы №145 қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарлары тізіміне негізгі тамақ өнімдерінің 33 атауы енеді. Облыстық статистика департаментінің осы жылдың 15 қаңтарындағы деректері бойынша, 2012 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда, қарақұмық жармасына бөлшек сауда бағасының 3,6 пайызға төмендегені, ал кеспе 0,6 пайыз, арпа жармасы – 3,1, айран – 2,4, ірімшік – 2,0, қырыққабат – 2,4, қызылша – 5,6, сәбіз – 3,1, картоп 3,2 пайыз өскені байқалды.

Тамақ өнімдерінің 24 атауы бойынша, атап айтқанда, І сұрыпты бидай ұны, І сұрыпты ұннан пісірілген ақ нан, күріш, бидай, арпа және тары жармалары, вермишель, макарон, құс еті, тауықтың сан еттері, пастерленген сүт, сүзбе, тауық жұмыртқасы, сары май, өсімдік майы, қара мал және қой еттері, маргарин, құмшекер, тұз, шай тауарларына бөлшек сауда бағалары тұрақты күйінде қалып отыр деуге болады.

Расында да, бағаның біршама тұрақты күйде екенін қала базарлары мен сауда орындарындағы азық-түлік тауарлары бағаларынан аңғаруға болады. Оған, әрине, апта сайын өтіп жүрген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің де ықпалы тиіп келе жатқаны сөзсіз. Айталық, өткен сенбі күні қаладағы “Алтын Арман” базарында Айыртау, Тимирязев және Шал ақын аудандарының, “Қызылжар” коммуналдық базарында Есіл, Жамбыл, Қызылжар, “Дария” базарында – М. Жұмабаев, ал “Корона” сауда үйіндегі базарда Мамлют аудандарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды. Олардағы ет, сүт өнімдері мен жұмыртқа, көкөніс бағалары жаңа жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр деуге болады. Атап айтқанда, сиырдың қоңды сан еті – 995, одан кейінгі тәуір ет 700-850, қабырға және жауырын 600 теңгеден, қой еті 900 теңгеден, тауық – 485, үйрек – 750, қаз – 900, күркетауық – 800, қоян еті 750 теңгеден сатылды. Еттің өтімі де жаман болған жоқ. Бұл күні “Алтын Арман” базарына 25 бас қой етін әкелген Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылының мал дәрігері Әлия Есқақова таңертеңгі сағат 10-да төрт-ақ қой қалғанын айтты.

Жәрмеңкенің ет саудасындағы бір жаңалық – “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрамындағы шаруашылықтар да жәрмеңкеге өнім түсіре бастапты. Жамбыл ауданындағы “Асық-Тобыл” ЖШС-нен екі бас сиыр етін жеткізген шаруашылық директоры Керей Құсайыновтың айтуынша, базардағы ет саудасы тәртібі жақсара түскен. Ет шабатын орында ұнтақтамай кесетін ара қойылған, шаруашылық қасапханасынан сойып әкелінген етті базардың маман қасапшылары дұрыс бөлшектеп, сауда сөресіне жібереді. Сөйтіп, осыған дейін азаматтардың жеке үй шаруашылығында қалай болса солай сойылып, шабылғандай емес, енді жәрмеңке сөресіндегі ет көз тартады.

– Корпорация басшылары осылай үш ай бойы жәрмеңкеге ет түсіріп, нәтижесін байқап көрмекші. “Сыбаға” бағдарламасы бойынша мал басына бас қосып, 300 бастан аса ірі қара ұстап отырған менің де артылған мал етін базарға шығаруыма мүмкіндік болады, – дейді Керей Құсайынов.

Жәрмеңкедегі сүт өнімдері бағасы өткен жылдағыдан жоғары емес. Мысалы, сүт – 100, қаймақ – 580, сары май – 850, ірімшік – 300, қорытылған сары май 950 теңгеден саудалануда. Бұл жолы “Алтын Арманға” Новопокровка және Кривощеково ауылдық округтерінің тауар өндірушілері өз өнімдерін жеткізіпті. “Сергеев сүт өнімдері” зауыты шаруа майын 1000 теңгеден сатты. Жәрмеңкеге үзбей қатысатын “Атай СК” ЖШС-і жұмыртқаның онын ең арзан – 120 теңге бағаға сатқандықтан, оны лезде өткізіп үлгерді. Тұрақты бағамен жұмыс істеп жүрген кәсіпорынның бірі – “Петропавл бройлерлік құс фабрикасы ЖШС-і. Ондағы өнім бағалары өткен жылғы деңгейден өскен жоқ, атап айтқанда, тұтас тауық еті – 490, төс – 570, қанат – 530, сан 450 теңге тұрады.

Дегенмен де, жәрмеңке бағасына қарағанда бөлшек сауда бағаларында өзгешелік болатыны анық. Күнбе-күнгі тұрмыста тұрғындар оны нақты сезінеді. Тұтынушыларға қолайлы болу үшін жасалған сауда орталықтары маңындағы азық-түлік тауарлары павильондарын аралап, көп жайға қанығуға болады. Айталық, “Страна товаров” дүкені жанындағы жартылай ашық павильондарда балықтың неше түрі сатылады. Тұздалған балық – 450, тұрғындар көп тұтынатын минтай 380 теңге тұрады. Мұхиттың құнды балықтарының құны 1400-1500 теңгеден кем емес. Сол сияқты мұздатылған жидектердің өзі қаптап тұр, килограмының орташа бағасы 1000 теңге төңірегінде.

Ал енді күнделікті қажетті тауарларға жататын кейбір көкөніс түрлерінің бағасы да өткен жылдың құрғақшылығына қарамастан, шарықтап кете қойған жоқ. Павильондарда сатылатын картоп бағасы – 85 теңге, пияз – 80, қырыққабат – 100, сәбіз – 120 теңге тұрады. Оларды одан әрі арзандату үшін “Қызылжар” коммуналдық базарында тұрақтандыру қорының екі сауда нүктесі ашылған. Бұларда бүгінде азық-түлік тауарларының 8 түрі базардағыдан әлдеқайда төмен бағамен саудаланады. Мысалы, пияздың килосы – 50 теңге, картоп – 50, сәбіз – 75, қырыққабат – 80, күріш – 120, қарақұмық – 130, 1-ші санатты жұмыртқаның ондығы – 150, сұйық күнбағыс майы литрі 240 теңге тұрады. Енді осыларды павильондағы сәйкес тауар бағаларымен салыстыра кетер болсақ, қарақұмықта айырмашылық жоқ, күріш – 10 теңгеге, жұмыртқа 20-30 теңгеге, сұйық күнбағыс майы 40 теңгеге арзан. Ал қант бағасы өткен жылға қарағанда 15-20 теңгеге төмендеп, 128 теңгені құрады. Сол сияқты ұн бағасы да тұрақты деуге болады, 25 килограмдық ұн қабының жоғары сұрыптысы – 1950, біріншісі 1800 теңге тұрады.

Дәл осы сияқты жылқы етінің бағасында да айтарлықтай өсім жоқтың қасы. Орташа килограмы 1700 теңгеден тұрады деуге болады. Қазы, қарта және жая 1800-2500 теңгеге дейін барады, ал қарыны – 500, шұжығы 1600-1700 теңге тұрады. Сүрленген семіз жылқы еті 2500-3000 теңгеден кем емес.

Облыстық әкімдікте өткен кеңесте бөлшек сауда бағаларының ішінде алаңдаушылық туғызғаны, тауық жұмыртқасының 8,3 пайызға және қырыққабаттың 10,1 пайызға көтерілгені болды. Оның соңғысының себебі, өңірде көкөністің бұл түрінің өткен жылы кем өнгені болса керек. Атап айтқанда, 7,4 пайызға кем өнім алынып, жалпы жиналым көлемі 45,8 мың тоннаны құраған. Алайда, сырттан жеткізілгендерін қосқанда қазір облыстың тұрақтандыру қорында 100 тоннадай қырыққабаттың бары анықталып отыр. Енді бүгінде оны өткізу мәселесі қиынға айналатын жайы бар. Сондықтан да осы көкөністің бағасын шегендетіп жібермей, павильондардағы сияқты 100 теңгеден немесе одан да төменірек бағаға тезірек сату қажет. Облыс әкімдігі оны мамыр айына жеткізбей, сатып бітіруді міндеттеп отыр. Бірақ “Океан” дүкеніндегідей 150 теңгеге бағаланса, оның ешқашан өтпесі анық.

Тауық жұмыртқасына қатысты жағдай құс фабрикалары басшыларын қатыстыра отырып, баға өсімін баяулату жөніндегі облыстық штаб отырысында қаралды. Оның нәтиже бере бастағанын жоғарыдағы баға мысалдары айғақтайды.

Негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін “Казмясопродукт”, “Сүт одағы”, “Масло Дел” ЖШС-лері, “Зенченко және К” КС-і, “Жасмин” ШҚ-ы және “Наурыз” ЖШС-і сияқты жергілікті тауар өндірушілерінің өз өнімдерін сауда орындарына тікелей жеткізілуі қамтамасыз етілуде. Бағаның тұрақтандырылуына ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің де тигізер ықпалы зор. 2012 жылы 185 жәрмеңке өткізіліп, барлығы 380 миллион теңгенің өнімі өткізілді. Биылғы жыл басынан 16 жәрмеңке ұйымдастырылды, оларда 32,2 миллион теңгенің саудасы жасалды.

Сонымен бірге “І сұрыпты нанның бағасын тұрақтандыру шаралары туралы” АШМ, ҚазАгро және облыс әкімдігі арасында қол қойылған меморандумды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. 2012 жылдың тамыз-желтоқсанында “Азық-түлік корпорациясынан” тіркелген баға бойынша тоннасына 28 мың теңгеден операторлар 15,6 мың тонна бидай алды. Олар үктірілген 11 мың тонна ұнды тіркелген бағамен облыстық нан пісіру кәсіпорындарына босатты. Үстіміздегі жылы, шілдені қоса есептегенде, ай сайын 2,6 мың тонна осы арзан ұн нан пісіру кәсіпорнына түсіп тұратын болады.

Нәтижесінде қаңтар айының соңына қарай тауық жұмыртқасы бағасы – 2,9 пайызға, пияз – 1,4 пайызға, картоп – 1,3 пайызға, сәбіз – 1,0 пайызға арзандады, ал қырыққабатқа баға өсімі байқалған жоқ. Тоқетерін айтқанда, қазіргі тұрақтанған бағаның қараөзек шақта да құбылмас сипаты аңғарылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp