«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ – АЯУЛЫ БЕЙНЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саналы ғұмырының басым бөлігін өскелең ұрпақтың оқу-тәрбиесіне арнап, күні бүгінге дейін бар білгенін шәкірттерінің бойына дарытуды мақсат еткен, өз мамандығының білгірі, менің алғашқы ұстазым – Әсем Арғынбаеваның орны ерекше. Ұзақ жылдар бойы оқушыларын білім нәрімен сусындатып келген білікті ұстаз әлі күнге дейін Есіл ауданының Тауағаш орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып, табысты еңбек етіп келеді.

 

Ұстаз бейнесі – әрбір шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы. Ұстаз өзінің бар күшін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнаған періште деп айтсақ та, артық болмайды. Ұстаз бен шәкірт арасында да ұлы махаббат сезімі болады екен-ау… Оңашада отырып, алғашқы ұстазым туралы ойға кетсем, көз алдыма жарқын мінезді, ақ жүрек, жылы жүзді, қашанда көздерінен мейірім шуағын шашып тұратын Әсем Елубайқызының дидары елестеп, еріксіз қиялға батып, жарқын естеліктерге жетелей жөнеледі… Әр уақытта шашын жоғары түйіп жүретін Әсем апай қазір самайына ақ түсіп, егде тартқанымен, әлі де мейірімге толы көздерімен ауыл оқушыларын күлімдеп қарсы алып тұрады.  

Міне, сол қызыққа толы уақыттың өткеніне 6 жыл толғанымен, мектепке келген сайын күлімдеп қарсы алып отыратын сүйікті ұстазыма деген сағынышым арта түсуде. Ол – ешкімге ұқсамайтын еңбекқор, білімді, мейірімді жан. Бәрімізді өз баласындай көріп, ақыл айтып, көп нәрселерді үйретіп жүретін осы ардақты жанның орны мен үшін қашан да ерекше. Өмірде өз анаңнан кейінгі қадірлі тағы бір адам болса, ол – алғашқы ұстазым.

Адам есейген сайын алыста қалған балалық шағын қатты сағынады екен. Алаңсыз бақытты шақтың тәтті күндері жиі еске түседі. Бала арман, бала қиял, бала махаббат… Ойға оралған сайын еріксіз езу тартасың.

Осы орайда бастауышта оқығанымызда сыныпта 7 қыз және 12 ұл ғана болған едік. Қыздардың бәрі әр үйдің еркесі болғанымен, өте пысық болды. Барлығымыз бірдей “апайлағанда” ұстазымыздың көзіне жас үйірілетін. Өзге мұғалімдер “шұрқыраған балапандар” деп күлетін. Осындай қарқынмен біз бастауыш сыныпты 19-ымыздың 15-іміз үздік тамамдап, жоғары сыныпқа жолдама алған болатынбыз.

“Білім – арзан, білу – қымбат” демекші, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген жаны жомарт, жүрегі кең, мейірім шуағын шәкіртіне төге білген, ұстаздық қызметін абыроймен атқарып келе жатқан, күннің құдіретті сәулесіндей нұрын төккен сүйікті ұстазыммен қалай кездескен күнім есімде ерекше сақталыпты. Мені бірінші сыныпқа апам жетектеп алып барғанда, Әсем апай бірінші қатардың екінші партасына отырғызғаннан кейін сол партада жетіншіге көшкенше отырған екем. Сабақ аяқталған соң сыныптастарымның барлығы үйлеріне тарасты. Мені алып кететін апам әлі жоқ. Отыра қалып жылағанымда Әсем апай құшақтап, әрең жұбатқан еді. Кабинетте тұрған түрлі ойыншықтармен қалай ойнағанымыз әлі есімде…

Қашанда жүріс-тұрысы, шашы, сөйлеу мәдениеті өте сүйкімді, әрі ұстамды тәлімгерімізді біз жақсы қырынан ғана біліп келдік. Алтыннан да бағалы ойлары мен ақыл-кеңесін беруге әрдайым дайын тұратын Әсем апайымызға еріп, ауыл шетіндегі қырманға, Тауағаштың сұлу табиғатына сыныбымызбен экскурсияға қалай барғанымыз әлі күнге дейін есімізден кетпейді.

Сол жарқын кездерден бері көп жылдар өткенімен, шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөленген ұстазымызға, екінші анамыздай болған Әсем Елубайқызына айтар алғысымыз шексіз. Өткенде барлық сыныптастарымыз жиналып, апайымыздың үйіне қонаққа барған болатынбыз. Ұзақ әңгіме-дүкен құрып, ұстазымызда сақталған біздің дәптерлеріміз, суреттеріміз бен бейнетаспаларды тамашаладық. Сол сәтте әрқайсымыздың көзімізге үйірілген сағыныш жасын мектеп партасына, сүйікті апайымызға, балалық шаққа деген сағыныштың белгісі деп ұқтық.

…Әрбір шәкірттің жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталу – заңдылық. Себебі, ұстаз – баланы адам қылып тәрбиелеп, болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға. Әсем Елубайқызындай ұстазы бар адам әр кез бақытты!

Айнаш РАМАЗАНОВА,

қазақ мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp