«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚШ-та ҒЫЛЫМИ ЖОБАМЫЗДЫ ҚОРҒАП ШЫҚТЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысының орталығындағы “БЭСТ” гимназиясын тамамдаған соң әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға түсіп, білімімді жетілдірдім. Мұнымен тоқталмай, білім ордасымен бірлескен қосалқы университет “Global Classroom”-ды былтырғы жылы аяқтап, АҚШ-тағы Колумбия университетіне оқу практикасына бару бақытына ие болдым.  

Жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымының тарихында алғашқы рет Қазақстанды, оның экономикасының дамуы және әлемдік экономикадағы рөлін зерттеген “Global Classroom” бағдарламасын тамамдаған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Колумбия университетінің (Нью-Йорк, АҚШ) магистранттарынан құрал-ған интернационалдық команда өздерінің ғылыми жобасын БҰҰ-ның арнайы өкілдерінің алдында қорғап шықты. Олардың қатарында мен де болдым.

 

Бір семестрлік мерзімге, яғни 4 айға созылған уақытта жазылған 90 беттік ғылыми жобада біз, осы мақаланың авторы, Тоғжан Ыбыраева, Ботагөз Шәкеева (Қазақстан), Әнкбат Болормаа (Моңғолия), Элизабет Валон (АҚШ), Сара Логан (Зимбабве) Қазақстанның 2015 жылға дейінгі орнықты дамуының 5 бағытын айқындадық. Алқалы жиында Қазақстанның орнықты даму негіздері мен жаһанға белгілі өзекті экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелерімен танысып, өз тарапымыздан шешім жолдарын ұсынуға тырыстық. Жобамызды қорытындылаған соң Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ-ның алқалы отырысы қатысушыларының сұрақтарына жауап беріп, еңбегімізді ойдағыдай қорғап шықтық. Осы орайда ТМД-да тұңғыш ашылған бағдарламаның ҚазҰУ-дің жетекшілері: профессор Ғалия Ыбыраева мен Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов білімдерімізді шыңдауда өз еңбектерін аямады, ақылкеңестерімен бөлісіп, дұрыс бағдар бере білді.

Ал келесі күні БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Бірғаным Әйтімовамен кездесіп, аталмыш жоба төңірегінде пікірсайыс өткіздік. Жобамызға оң бағасын берген Бірғаным Әйтімова БҰҰ-дағы 6 жылдық жұмысында екі университеттің тәлімгерлерінен құралған команданың дәл осындай жоғары деңгейде жобаларын қорғап шыққанын алғаш рет көріп отырғандығын жасырмады. Бразилияның Риоде-Жанейро қаласында өткен “Рио+20” экологиялық саммитінде Қазақ елі екі бірдей ұсыныс жасап, ол ұсыныстар саммиттің қорытынды құжатына енгендігін хабарлаған ол алдағы уақытта еңбегімізге сәттілік тіледі.

“Global Classroom” бағдарламасы білім саласындағы интеграцияның жаңа тәсілдеріне, жоғары білім жүйесіндегі жаңа технологиялардың интеграциясына, қазіргі еңбек нарығында зор сұраныс туғызып отырған әлеуетті кадрлар даярлауға талпыныс жасау болып табылады. Өйткені, қазіргі жаһандану заманы белгілі бір дағды мен іскерлікті ұштастыра білуді қажет етеді. Осы жағдайлардың негізінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де “Global Classroom” бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Колумбия университетінің профессорлары “Global Classroom” бағдарламасы бойынша әлемдегі 24 университетте курс ұйымдастырып келеді. ТМД және Орталық Азия елдері бойынша ең бірінші болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы бағдарламаға енді. Келешекте өз білімімізді одан әрі жетілдіруді мақсат етіп отырмыз.

Әлия САҒЫНДЫҚОВА,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ журналистика

факультетінің магистранты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp