«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІ КАДР ДАЯРЛАУ– УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы мемлекеттік қызметтің жаңа бағыттарын белгілеп, кәсіби даярлықтың ерекше жетілдірілген әдістемелерін енгізуді міндеттеді.

 

Тілеген ҚАСКИН,  

ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі

агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңестің төрағасы.

 

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауы жұртшылық тарапынан жаңа сипатты құжат ретінде бағаланып отыр. Стратегиялық бағдарламада экономикалық әлеуеті кемеліне келіп, өркениет көшіне қосылған Қазақстанның ұзақмерзімді даму жолдары жан-жақты қарастырылған. Негізгі басымдықтар мемлекеттілігімізді одан әрі нығайту, ұлттық экономиканы серпінді дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ету секілді өткір мәселелерге аударылып, бәсекеге аса қабілетті 30 елдің қатарына ену бағыты нақты сараланған. “Қазақстан – 2030” Стратегиясының табысты қорытындыларына ой жібере отырып, алға қойған өрелі мақсаттар әр қазақстандықты берік жауапкершілік пен табанды сенімділікке ұмтылдырары анық. Мемлекет басшысының тереңнен ойластырылған байыпты да ұстамды саясатының бір парасы мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыруға арналған. Ол жөнінде “Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту” тарауында егжей-тегжейлі баяндалып, мемлекеттік басқарудың жаңа түрлері ұсынылған. Қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттерге сай болуы, халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекет аппаратын қалыптастыру талаптары нақты атап көрсетілген.  

 

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын іріктеу, кәсіби даярлықтың жетілдірілген әдістемелерін енгізу арқылы сапалы түрде жақсарту ерекше маңызға ие. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесінде халықаралық сарапшылар мойындаған ауқымды өзгерістерді басшылыққа ала отырып, іс-тәжірибелерді жетілдіру, байыта түсу еш артықтық етпейді. Бізде кадр қызметі еңбеккерлерінің сарапшылар кеңесі жұмыс істейді. Оның құрамына облыстық және аудандық мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің тәжірибелі басшылары енген. Олар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігіне мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларды өзгерту бойынша 30-дан астам ұсыныс жасады. Кадр қызметкерлері мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды құлшыныспен қабыл алды. Қабылданған шаралар мемлекеттік қызметшілер кадрларын іріктеу жүйесіне, қоғамға қызмет етуге барынша лайықты жандарды жинақтау мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, жеке жетістіктерін тану негізінде қызмет бабымен өсуіне жұртшылықтың сенімін арттырады.“Туыстық”, “жеке басына берілгендік”, “жерлестік”, тағы басқа да ұғымдар жойылып, Отанымыздың барлық азаматтарының еңбек етуге конституциялық құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыру, мемлекеттік қызметке тең дәрежеде қол жеткізу мүмкіндігіне ие болу тетіктері ойластырылған. Заңға тұңғыш рет қызмет әдебі туралы жеке тарауды енгізу қарастырылған. Онда Мемлекеттік қызметшілердің Арнамыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәртібі кодексінің нормалары енгізілген. Осыған сәйкес мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарау үлгісін көрсетуге, азаматтардың жүгіністеріне сыпайылық пен әдептілік танытуға міндетті.

Ендігі назар Елбасы айқындап берген мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасын жүзеге асыруға аударылып отыр. Қолға алынатын шаралар тізбесі жасалып, алдымызға іргелі міндеттер қойдық. Жаңа талаптарға сәйкес әкімшілік реформасының екінші кезеңі тың серпілістер әкелері күмәнсіз. Оған бәріміз тас түйін дайын болуымыз керек. Ең алдымен, Жолдауда атап көрсетілгендей, мемлекеттік аппарат реформаланатын болады. Осылайша мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі орнығып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтық, меритократия қағидалары күшейтіледі. Бұдан былай мемлекеттік қызметшіні лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен өсіру тәсілі қолданылып, кәсіби деңгейі бірінші кезекте ескеріледі. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке мемлекеттік қызметшілердің лауазымды өсуінің мүлде жаңа тетігін енгізуге тапсырма берілді. Мұның бәрі білікті де білімді кадрлар корпусын нығайтары сөзсіз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыру басты мақсаттардың бірі саналады. Мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты-өктем көзқарастардан арылып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді тиімді әрі жедел түрде көрсетуге көшу басқару институттарының жауапкершілігін нығайтары сөзсіз. Сондай-ақ Парламентке “Мемлекеттік қызмет туралы” заң жобасының енгізілуі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберлігін арттыру, машығын жетілдіру мүдделерінен туғаны анық.

Мемлекеттік қызметшілердің басты міндеттерінің бірі – сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеу, басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан жіберілген құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесу. Жолдауда жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес, ұлттық қауіпсіздікке тікелей төнген қатер ретінде бағаланып, заңнамаларды жетілдіру арқылы соққы беру міндеті қойылды. Бұл шаралар сыбайлас жемқорлықтың деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне қатысты бірқатар маңызды қадамдар жасалды. Атап айтқанда, заңнамаларда мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының, кадрлық қызметтерінің жауапкершілігін арттыру, лауазымды орындарға тұлғаларды заңсыз тағайындағаны немесе оларды жұмыстан босатқаны, заңсыз кадрлық шешімдері үшін лауазымды адамдардың жауапкершілігін арттыру тетіктері белгіленді. Мемлекеттік қызметке азаматтарды іріктеудің, конкурстық тәртібінің тиімділігін, шынайылығын және жариялылығын арттыруға айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Енді тестілеу нақты мемлекеттік органдағы конкурстық іріктеуге қатыссыз өткізілетін болады. Оның нәтижелері жөнінде жинаған ұпайдың қорытындысы бойынша азаматтарға конкурстық іріктеуге қатысуға құқық беретін сертификат беріледі. Осылайша конкурстық процедураларды өткізу уақыты үш есе қысқарды. Мемлекеттік қызметке орналасқанда әр кез “ұлтқа қызмет ету” түсінігін қастерлейтін мамандар келе бермейтінін тәжірибе анық байқатып отыр. Ал конкурстық іріктеу шараларының жариялылығы ондай кездейсоқтықтың санын мейлінше азайтуға мүмкіндік беретін болады. Облыста тұжырымдаманы қабылдаған сәттен бастап мемлекеттік қызметке 1519 адам келді. Оның ішінде конкурстық негізде 334 адам қабылданды. Конкурстық іріктеу кезінде жариялылықты қамтамасыз ету мақсатымен тәуелсіз бақылаушылар, үкіметтік емес ұйым, БАҚ өкілдері ұдайы шақырылып отырады. Бүгінде адами ресурстар мемлекет дамуының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Кадрлық резервті пайдалану мен қалыптастыруда айтарлықтай өзгерістердің қарастырылып отырғаны қуантады. Енді конкурстық комиссиялар кадрлық резервті тек белгілі мемлекеттік органға ұсына алады. Басқа мемлекеттік органдар ұсынған резервтегілер тағайындалмайтын болады.

Қазіргі таңда мемлекеттің және мемлекеттік қызметтің алдында түбегейлі жаңа міндеттер тұр. Оның басым қағидаттарын Елбасы халыққа арнаған Жолдауында белгілеп берді. Бұл міндеттерді шешу көбінесе мемлекеттік қызметтің басқарушы құрамының кәсіптік деңгейіне байланысты. Осыған орай мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асыруға жауапты кәсіпқой басқарушылардың мүлдем жаңа санаты – “А” корпусын құруға тапсырмалар берілді. Оның сапалық құрамы барынша нығайтылып, біліктілік талаптары өтемөте күшейтілді. Мемлекеттік органдарды тексеру, құқық бұзушылықты талдау барысы жергілікті жерлерде конкурстық, аттестаттау және тәртіптік комиссиялардың бірыңғай кадрлық қызметтерін құру қажеттігін көрсетті. Бұл мәселе, әсіресе, аудандық деңгейде өзекті. Кадрлық жұмыс негізгі қызметі басқа қызметшілерге қосымша жүктеме ретінде тапсыру дағдылары кездеседі. Енді жоғарыдағы талаптарды жүзеге асыру мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігі мен кәсібилігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасы мен тиімділігін анықтау мақсатында жыл сайын бағалау енгізу көзделген. Мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде кадрлық резервке алынғандардың кәсіби біліктілігін шыңдау үшін тәжірибелерден өту, қысқа курстарда оқыту мүмкіндіктері қарастырылған. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру – Жолдау мақсат еткен басты стратегиялық талаптардың бірі. Мұнда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даярлығы, мемлекеттік қызметті тұтынушылармен қарымқатынас мәдениеті басты орын алары даусыз. Мемлекеттік қызмет көрсетуді бағалауда жұртшылыққа қолжетімдігі мен тұрғындардың оның сапасына қаншалықты қанағаттанатындығы барынша ескеріледі. Тұтастай алғанда, мемлекеттік қызметке талап барынша арттырылады. Бұл тұрғыдан алғанда, Жолдаудағы мемлекеттік қызметтің жаңа моделі инновациялық ұтқыр шешім болмақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp