Оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмыс аясында Қазақстанның Ұлттық банкінің ұйымдастыруымен 2012 жыл бойы “Ұлан” және “Дружные ребята” газеттерінде қаржы тақырыбын қамтыған балалар қосымшалары жарық көрген болатын. Ақпанның 4-і күні аталмыш газеттер қосымшаларында қаржы тақырыбына өткізілген викторинаның жеңімпаздары анықталып, марапатталды.
Бақыт СӘБИЕВА,
Ұлттық банк филиалының
бөлім бастығы.
Солардың бірі – Айыртау ауданындағы Имантау ауылында тұратын Ольга Григорьева. Ол “Дружные ребята” газетінің тұрақты оқырманы болуымен қатар басылым бетінде жарияланатын түрлі викториналарды шешуге де үзбей атсалысқан. Нәтижесінде газет оқырмандары арасынан 2-ші жүлделі орынға ие болды.
Ұлттық банк филиалының директоры Жомарт Қажырақымов жеңімпазды құттықтай отырып, алдағы уақытта да жүлделі орындар алатынына сенім білдірді және 2012 жылдың ең белсенді оқырманы әрі викторина жеңімпазы Ольга Григорьеваға электрондық кітап сыйлады.
Өзінің өмірдегі алғашқы марапатына Ольга әкесімен келіпті.
– Біз кішкентай бүлдіршініміздің алғашқы жеңісі үшін қуаныштымыз. Балалар басылымының бетінде өмірлік маңызы бар қаржы тақырыбында түрлі ойындар мен викториналар жариялай отырып, балғындардың қаржылық сауаттылығына зор үлес қосқан Қазақстанның Ұлттық банкі филиалы қызметкерлеріне алғыс білдіреміз, – деді Оляның әкесі Андрей Викторович.