«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАСТАРҚАНДЫ ЖАЙНАТЫП ЖІБЕРЕТІН ЖІГІТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған мерекелік шеру кезі. Петропавлдың бас көшесінің бойында көрмелер мен жәрмеңкелер өтуде. Оның бір бұрышында үлкен қарбызды қақ ортасынан бөліп, ішіндегі алқызыл ұлпасын раушан гүліндей етіп әдемі өрнектеуі адамның назарын өзіне еріксіз аударады. “Көкөністің көмегімен де шығармашылық ізденіс танытуға болады екен-ау?” деп ойлайсың. Мұндай әсемдікті қалай жасауға болатынын, оның қаншаға сатылатындығын, қанша уақытта жасалатындығын, көкөністің сақталу мерзімін және шебермен байланысу жолдарын білгісі келген жұртшылық өрімдей жас жігітті ортаға алып, сауалдарын қойып жатты. Бәріне орнықты жауап қайырып тұрған шебердің бойынан мінезінің ашықтығы, өз ісін жақсы меңгергені, ортамен тіл тапқыштығы сезіледі. Ол Петропавл қаласының орталығындағы “Адмирал Корнилов” мейрамханасының аспазы Руслан Рахматулин екен.

 

Аспаздық – оның таңдаған мамандығы, ал көкөністер мен жемістерден өрнек ойып, көз тартарлық әдемі кейіптерге келтіруі – әуесқойлығы деуге болады. Әрине, оның бұл ермегінің аспаздық шеберлігіне де үлкен септігі бар. Десек те, ол жемістер мен көкөністер карвингімен айналысуды өзінің шығармашылық ізденісі мен талабын, қиялын жетілдірудің арқасында қолға алғандығын айтады. Жалпы “карвинг” ұғымы қандай да бір затты ойып, оған көркем кескін беру дегенді білдіреді. Бұл жаңа түсінік емес. Оны осыдан бірнеше ғасыр бұрын азиялықтар, дәлірек айтсақ, тайвандықтар дастарқан мәзірін безендірудің бір тәсілі ретінде дүниеге әкелген. Бүгінде ол көптеген елдерде дастарқан сәні үшін қолданылады. Алайда, біздің елімізде көкөністер мен жемістер карвингі жаңа ұғым іспеттес. Ал өңірімізде оған қолы епті адамдардың саны саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – Руслан. Ол – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі технология бөлімінің түлегі.

Былтырғы жылдың сәуір айында Астана қаласында “ДЕЛАРУК Астана – 2012” атты бірінші халықаралық аспаздар байқауы өтті. Оған Ресей, Молдова, Украина, Сербия, Польша, Австрия және басқа елдердің аспаздары қатысты. Олардың қатарында Руслан Рахматулин карвинг бойынша өз шеберлігін көрсеткен еді.

– Байқауда маған сәбіз, сарымсақ, шалқан, авокадо, картоп, асқабақ берілді. Осы көкөністер мен жемістерді түрлендіріп, шағын композиция жасадым да, оған “Арман аралы” деген ат қойдым. Байқаудың дипломын иеленіп қайттым. Жеңіске жетуге бәсекелестерім өте мықты болды, – дейді жас аспаз.

Русланның карвингтегі қиялы әзірге гүлдермен шектеліп жүр. Аздап құстардың да бейнесін жасай бастапты. Ал жан-жануарларды кескіндеу үлкен ізденіс пен шеберлікті талап етеді, дейді. Біздің елде карвингке баулудың арнайы мектебі, я болмаса дәріс беретін орталығы жоқ. Карвингті үйренгісі келетіндер өз бетінше ізденеді. Әрине, ол үшін жалғыз әуесқойлық жеткіліксіз. Сонымен қатар суретшілік дарын, шыдамдылық пен ыждағаттылық қажет. Суретші қағазға немесе кенепке өз туындысын асықпай отырып салса, карвинг шебері оны уылжып пісіп тұрған немесе тоңазытылған көкөніс-жемістерге ойып салады. Жалпы аспаздық өнердің бұл түрімен кез келген адам айналыса алмасы анық. Көршілес Ресей елінде карвингті өнер ретінде жоғары бағалап, оның төңірегінде түрлі сайыстар мен байқаулар ұйымдастырылады.

Руслан Рахматулин мейрамханадағы жұмысынан бос уақытта жемістер мен көкөністер карвингі арқылы табыс көзін қалыптастырып келеді.

– Тапсырыс белгіленген уақытында орындалуы тиіс. Оның үстіне затты алдын ала жасап қоя алмайсың. Өйткені, көкөніс-жемістердің сақталу мерзімі ұзақ емес, олардың қабықтары сыпырылған соң тез бұзылады. Бүгінде мейрамханада да, үй жағдайында да дастарқан иесі қонағына ұсынылатын тағамдардың сәнді болғанын қалайды. Сондықтан мен тапсырыстан кенде емеспін. Тұтынушыларымның көңілін тауып жүрмін. Сондай-ақ олардың талаптары мен ұсыныстарын да ескеремін, – дейді.

Екі жыл бойы көкөністер мен жемістерді әдемілеп бейнелеудің қыры мен сырына қаныққан Руслан биыл ғана өз шеберлігін қосымша табыс табудың көзіне айналдырған. Адамның тәбетін ашатын тағамдарды әшекейлеу шеберден қаншама алтын уақыт пен маңдай терді талап етеді. Әлбетте, ондай көркемделген көкөністер мен жемістердің бағасы 2-3 есеге қымбаттайды. Сондықтан мұндай қызметті кез келгеннің қалтасы көтере бермесі анық. Алайда, еңбекқор жас жігіттің өмір сүруге бейімділігі мен ізденімпаздығы кімді болсын қызықтырады. Ол өз сөзінде бұл бизнесті одан әрі кеңейту алдағы уақыттың еншісінде, деген ойын да жеткізді.

Әдемі безендірілген көкөністер мен жемістерді дастарқанға әкеліп қойған кезде кімнің болсын тәбетінің ашылары сөзсіз. Тәбетің ашылар-ау, бірақ сол аспаздың әдемі туындысын бұзғың да келмейді. Амал жоқ, оларды жеп, ләззат алмасаң, тағамдар көп ұзамай жарамсыз болады. Бұл – карвинг: аспаздың ғұмыры қысқа туындысы.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp