Біріккен Ұлттар Ұйымының жол қозғалысы туралы Конвенциясының талаптарына сәйкес автокөліктерге тағылатын мемлекеттік нөмірк белгілерінің жаңа үлгілері жасалды.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ендігі уақытта қазақстандық автомобильшілерге халықаралық қозғалысқа қатысу қиыншылық туғызбайды. Олай болатыны, жаңа мемлекеттік нөмір белгілерінде автокөліктің қай елдікі екендігі көрініп тұр.
Жаңа үлгідегі нөмірлер бұрынғысынша арнайы бағдарлама бойынша автоматты түрде беріледі. Сондай-ақ, нөмір белгілері көлік құралын тіркегенде, қайта тіркегенде берілетінін де көпшілік біледі. Ал ескі үлгідегі нөмір белгілеріне келсек, олар тозғанға дейін пайдаланыла беріледі. Мұндай нөмір белгілері жоғалған, я болмаса тозған жағдайда қалпына келтірілмейді. Көлік құралын қайта тіркеуден өткізгенде жаңасы беріледі.
Бұл жерде тіркелетін нөмірді бергені үшін алынатын мемлекеттік баж салығы өзгертілген жоқ, Салық кодексіне сәйкес бүгінде ол 280 пайыз айлық есептік көрсеткішті (4847 теңге) құрайды.
Сейсенбі күні облыстық мемлекеттік автоинспекцияда жаңа үлгідегі мемлекеттік нөмірлер беріле басталды. Оған алғашқы болып Василий Мансуров деген азамат ие болды.
Мына суреттен көріп отырғандарыңыздай, автокөліктің біздің өңірдікі екенін 15 цифрынан білуге болады.
СУРЕТТЕ: жаңа үлгідегі мемлекеттік нөмірді алғашқы болып алған В. Мансуров.