«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЗАБИЯКИ” ШОУ ТОБЫ – 20 жылдан бері сахнада

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қалалық Мәдениет үйінің жанында жұмыс істейтін балалардың “Забияки” шоу тобы биыл 20 жылдығын атап өткелі отыр. 4-17 жас аралығындағы талантты ұл-қыздардың басын қосқан аталмыш топ облыстағы беткеұстар өнер ұжымдарының бірі.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

“Забияки” балалар тобын құрып, соның бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп, өркендеуіне Әділ Сәлімов себепкер болып келеді. Балалардың бос уақытын пайдалы іске бұрып отырған жан жиырма жыл бойы аталмыш ұжымға жетекшілік етуде. Оның бойынан балғындарға деген ыстық ықыласты бірден аңғарасың. Кезекті дайындық үстінде кездескенімізде ол кішкентай өнер иелеріне кезекті ән үйретіп жатыр екен. Аса дауыс көтермейтін, ақкөңіл ұстаздың тәрбиеленушілері оның әр сөзін бастан-аяқ мұқият тыңдап отырды.

 

Аталмыш ұжым – бірнеше халықаралық, республикалық және облыстық байқаулардың лауреаты. Жоғары орындау шеберліктері үшін шоу тобы көптеген грамоталармен марапатталған. Әділ Сәлімов те үздік көркемдік жетекші ретінде бірнеше рет облыс әкімінің марапаттарына ие болған. 2011 жылы “Забияки” Челябі қаласында өткен бүкілресейлік өнер байқауында қазақша, орысша және ағылшын тілдерінде орындаған әндерімен жарқырап көзге түсті. Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында өздерінің есепті концертін берді. Өнер ұжымының әрбір кеші көрерменге лық толы өтеді.

Аталған шоу топ тамаша әндерімен ғана емес, жылдам ырғақты әсем билерімен де көрермендерін тарта біледі. Олардың би қойылымдарын қалалық Мәдениет үйінің “Экспромт” бишілер тобының көркемдік жетекшісі Алена Маринец сахнаға шығарады. Ұжым мүшелерінің сахнада өнер көрсететін костюмдері өте әдемі және олар фонограммалық материалдарға да бай. Мұны қалалық Мәдениет үйінің жас өнерпаздарға жасап отырған қамқорлығы деп білген жөн.

Биыл құрылғанына 20 жыл толатын балалар ұжымында өнерпаздар екі топқа бөлінген. Кіші топтағылар ән айтумен, би билеумен жақсы өнер табыстарына жетіп, қаладағы салтанатты мерекелердің көркіне айналып жүр. Ал екінші ересек топта 10 жастан 16 жасқа дейінгі балалар өнер көрсетеді. Ондағылардың барлығы да шетінен өнерпаздар. Элеонора Калганова, Карина Минбулатова, Айнұр Еңбекова, Динара Мұқашева, Дана Колбасова, Элина Тәжиева, Ксения Суставова мен Матвей Балов концерттерге үзбей қатысып келеді.

Эстрадалық шоу тобының көркемдік жетекшісі Әділ Сәлімовтің балаларды өнерге тарта білуінің арқасында олардың ән мен биге құштарлығы еселей артуда. Мәдениет ұжымы ел ішіндегі табиғи таланты, өнерге икемі бар жастарды іздеп, тәрбиелеу, өнер сахнасына баулу, республикалық және әлемдік сахнаға шығару жұмысымен белсене айналысып келеді. Мәселен, “Забияки” Ресейдің бірнеше қалаларында болып, өнер көрсеткен. Ән айтуға құмар жастардың арасында Елена Ударцева, Вика Трубанова сынды таланттар жоғары оқу орындарында оқып жүрсе де, сахнада өнер көрсетуді жалғастырып келеді.

“Забияки” мүшелерінің арасында алыс-жақын шетелдерде өнер көрсетіп, табысты оралған ұл-қыздар да жетерлік. Әділ Сәлімовтің айтуынша, топтың биылғы 20 жылдығы кең ауқымда аталып өтілмек. Оған балалар ең танымал әндерін ұсынып, концерттік бағдарламамен Ресей елінен қонақтар келмек.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp