«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЛЕНИНСКОЕ ӨЗГЕРМЕЙ, АЛ ДАЙЫНДЫҚ ДАҒДАРЫП ТҰР…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аудан әкімдері ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық даму бойынша 2012 жылы атқарылған жұмыстар жайлы есеп беріп жатыр. Бұл шара белгіленген кесте бойынша 14 ақпанға дейін жалғасады.  

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аққайыңдықтар алған асулар  

Бір кезде әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан аты дүрілдеп тұрған “Ленинский” кеңшары тарап, Лесное ауылдық округі құрылғанымен, оның орталығы күні бүгінге дейін “күнкөсемнің” есімімен аталып келеді. Аталмыш округке 1288 тұрғыны бар (432 отбасы) Ленинское мен 224 тұрғыны (50 отбасы) бар Дайындық ауылдары қарайды. Кеңшар жойылған кездегі 3-ші бөлімше – Қызылжұлдыз ауылының қазір жұрты ғана қалған.

Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев Мәдениет үйінде өткен есепті кездесуде әлеуметтік-экономикалық даму бойынша былтыр атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Оның айтуына қарағанда, 2012 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке салық пен міндетті төлемдерді жинаудан 883 млн. теңге қаржы түскен, ол алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 166 млн. теңгеге артық. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,8 пайызға орындалған.

Ауданда 297 агроқұрылым бар, оның 50-і – ЖШС, 247-сі – шаруа қожалығы мен фермерлік шаруашылық. Өткен жылы дәнді дақылдардан орта есеппен 16 центнерден өнім жинап алынды.

Былтыр аудан агроқұрылымдары 988 млн. теңгеге 62 заманауи техника сатып алды, “Милл-02” ЖШС мен “Ертегі” ЖШС сәйкес түрде 6 және 3 мың тонналық элеваторларды іске қосты.

“Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін жүзеге асыру” жобасы бойынша белгіленген жоспар 81 пайызға орындалды.

Өткен жылы 19 жас маманға 2151940 теңге көтермеақы, 10 маманға баспана алуға несие берілді.

Аудан аумағында 1 сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын, 1 шұжық цехы, 4 диірмен, 13 наубайхана, 3 ет өңдейтін шағын цех жұмыс істейді. Олар былтыр 926,8 млн. теңгенің азық-түлік өнімін өндірді.

32 елді мекеннің 8-і-автобус бағытымен, 28-і топтық су құбырымен қамтылған.Тоқшын ауылында жергілікті бюджеттің 88,143 млн. теңге қаржысына 50 текше метрлік су мұнарасы, 250 текше метрлік сыйымдылық орнатылып, көшелерге 8 колонка қойылды.

Елді мекендерде 16 қоғамдық монша, 174 сауда кәсіпорны, 24 дәріхана, 6 жиһаз жөндеу цехы, 6 шаштараз және тағы басқа әлеуметтік нысандар бар.

2012 жылы аққайыңдық оқушылар ҰБТ-да орташа 84,4 балл жинап, аудандар арасында көш бастады. Аудандағы 32 елді мекеннің тұрғындарына 14 мемлекеттік кітапхана, 7 жекеменшік Мәдениет үйі мен клуб, 8 ауылдық Мәдениет үйі мен клуб қызмет көрсетеді.

Биыл Смирново ауылында бір ауысымда 350 адам қабылдайтын емхананың құрылысы басталады, ол алдағы жылы пайдалануға берілмек.

“Ертегі”, “Байбидай Смирново”, “Виталмар- Астық” ЖШС-лерінде элеватор кешендерін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

2012 жылы 17-27 ақпан аралығында ауылдық округтер мен аудан әкімдері өткізген 46 есепті кездесуде 135 сауал түсіп, соның 36-сы бақылауға алынған, ал 99-ына түсінік берілген екен.

“Дайындық” аузызсудан ажыратылмақ. Неге?

Баяндама аяқталысымен, ауыл тұрғындары, зейнеткерлер Вера Пантеленко, Лейла Суспыцина көтерген мұнарадан су тарату, қаңғыбас малдарды жөнге салу туралы сауалдар жергілікті деңгейде, ал бес баланың анасы Татьяна Райдтың қарт анасы мен енесін өз отбасында күтімге алуына және олардың зейнетақыларының қосымша табыс көзі ретінде есептелуіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек ала алмай отырғандығы аудандық деңгейде шешілетін мәселелер екен.

Ең негізгі мәселе Дайындық ауылына қатысты болып шықты. Бұл өзекті проблема аудан әкімінің баяндамасында айтылған да жоқ. Тіпті, облыс бойынша егін шығымдылығы жөнінен өткен жылы ең жоғары көрсеткіштердің біріне ие болған “Дайындық-Агро” ЖШС тілге тиек етілмеді де. Аудандық мәслихаттың депутаты, мектеп директоры Талғат Рамазанов осы мәселені көтермесе, ескерусіз қала берер ме еді?!.

Кеңшар тараған кездегі үй саны 38-ден 50-ге жеткен Дайындық ауылы өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан бүкіл облысымызға әйгілі елді мекен десек, артық айтқандық емес. Оған жергілікті “Дайындық-Агро” ЖШС-нің директоры, осы ауылдың тумасы Біржан Шаймерденовтің сіңірген еңбегі зор. Ауданда 15 мәдениет ошағы мен 14 мемлекеттік кітапхана болса, солардың екеуі осы ауылда. Елді мекендегі мешіт, қоғамдық монша, фельдшерлік қосын ғимараттары шаруашылық күшімен салынған. Мәдениет үйін, мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізген де, шағын орталық ұйымдастыруға мұрындық болып, бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етіп отырған да – аталмыш ЖШС.

Ауыл торапты су құбырының қызметін пайдаланады. Ауылдың екі көшесіндегі үстіне шағын үйшіктер орнатылған колонкалар бәз баяғы қалпында жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындары автобус қатынасын қажет етпейді. Әр үйде бір-бір жеңіл автокөлік бар.

Міне, осы айрандай ұйып отырған, сырттан көмек сұрап, жалтақтамайтын ауылдың тыныштығы өткен жылы қазан айында кенеттен бұзылды. Оған ауылға қарай тартылып келе жатқан жаңа су құбырының елді мекенге 4 шақырым жетпей, бұрылып кеткендігі себеп болды.

– Ауылдан 300 метрдей жерде, 1979 жылы “Сібір жарасымен” ауырған жылқыларды өртеп, көмген қорым бар екен. Ол ветеринарлық инспекция кадастрында көрсетілген көрінеді. Қазіргі норматив бойынша ондай орынға, апатты жағдай бола қалған кезде, су шайып кетіп, елге қауіпсіздік туғызбас үшін 2 шақырымға дейін су құбырын тартуға тыйым салынады екен. Бұл норма бұрын 50 метр қашықтықты құрапты. Біздіңше, қорымның қазіргі тұрған жері кадастрмен қабыспайтын сияқты, әрі жылқылардың дәл “Сібір жарасымен” ауырғанына күмәніміз бар. Оны тек Алматы қаласының мамандары ғана анықтайтын көрінеді. Онда да сынама қыс кезінде ғана бұрғылау арқылы алынуы керек. Бұл мәселе аудан, облыс басшылары тарапынан шешімін таппаса, біздің қолдан келмей тұр. Бұл жағдайдан аудан басшылары хабардар. Елдің дүрлігуіне осы себеп болып отыр. Оның үстіне жаңа су құбыры ауылдың солтүстік-батыс жағынан неге тартылмағанына таңымыз бар. Жаңа су мұнарасын ешқандай қауіп төндірмейтін жаққа орнатуға да болатын еді ғой. Мұндай шара ел игілігі үшін жасалмаушы ма еді?! – дейді, жаңа су құбыры ауылды сырт айналып кеткеннен бері жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген серіктестік директоры Біржан Шаймерденов. Агроқұрылым басшысының алаңдайтын жөні де бар: ауызсуды пайдаланатын жаңа су мұнарасы қай жерге, қанша қашықтыққа орнатылады? Қазір жұмыс істеп тұрған ауыл ішіндегі тарату құбырлары мен колонкалар жарамсыз болып қалмай ма?

– Иә, жаңа құбыр іске қосылғаннан кейін, шамамен биылғы қыркүйек айына қарай, Дайындық ауылы қазіргі топтық су құбырынан ажыратылып, тасымал суды пайдаланатын болады. Бұл мәселені оңтайлы шешу жағын ойластырып жатырмыз, – деді Талғат Рамазановтың сауалына орай жауап берген Рүстем Елубаев. Аудан әкімі кезек күттірмейтін мәселені қашанға дейін ойластыратынын ашып айтпады.

Қалай десек те, бүгінгі тыныстіршілігімен басқа елді мекендерге үлгі көрсетіп отырған іргелі ауыл алдағы уақытта тасымал суға қарап қалатын жайы бар…

Түйін: Ветерианарлық инспекцияның дерек көздеріне сүйенетін болсақ, “Сібір жарасы” кадастры бойынша облыс аумағында 1930 жылдан бері ауру мал көмілген 161 қорым бар. Олардың көпшілігіне күні бүгінге дейін 50 метр қашықтық нормативі қолданылып келген. Сондықтан көптеген елді мекендер қазір Дайындық ауылы бастан кешіп жатқан проблемаға әлі кезіге қойған жоқ. Ал жаңа норматив қанша елді мекенге алдағы уақытта кесірін тигізетіндігін ешкім де дөп басып айта алмайды. “Басына түскен – баспақшыл” деген күйді кешіп отырған, әзірше, Дайындық ауылы ғана…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp