«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ҰБТ-ға қатысуға құқылы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орта мектепті тамамдап, үлкен өмірге жолдама алуға асыққан түлектердің алдында Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру міндеті тұр. Түлектердің, ата-аналардың өрекпіген жүрегін басу үшін үстіміздегі жылы ҰБТ-ның өткізілу формасында өзгерістер бар ма, қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығын хабарлауды жөн көрдік.

ҰБТ-ға ерікті негізде тілек білдірген барлық мектеп бітірушілер қатыстырылатынын, ал білімдерін республикамыздың жоғары оқу орындарында жалғастырғысы келетіндер бұл сынақты міндетті түрде тапсырулары тиіс екендігі бәріне белгілі талап. Осы тұста жыл сайын туындайтын мәселенің біріне тоқтала кетейік. Егер алда-жалда мектеп әкімшілігі бітірушінің ҰБТ тапсыруына кедергі болса, бала немесе оның ата-анасы жергілікті білім саласындағы бақылау департаменттеріне немесе мектебі бекітілген ҰБТ өткізу пунктіне тікелей өтініш беруіне болады. ҰБТ-ға қатысу туралы өтініштер 10 наурыздан 25 сәуірге дейін қабылданады. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу кезінде өңірімізде 8 пункт қызмет ететін болады. Олар: Айыртау, Ақжар, Есіл, Жамбыл, Тайынша, М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандар мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде орналасқан.

 

Жалпы биылғы мектеп бітірушілердің саны – 4301 түлекті құрайды. Ережеге сәйкес олар қорытынды мемлекеттік аттестаттауды ҰБТ-ны немесе дәстүрлі форматты таңдауға құқылы. Жаңа оқу жылынан бастап тестік формаға бейімдеу мақсатында сынама тестілеу өткізілуде. Өте маңызды көңіл бөлетін жағдай – оқушылармен психологиялық тренингтер өткізу.

– Жалпы білім беретін мектептердің басшылары оқушылармен және олардың ата-аналарымен жүйелі түрде ақпараттық-түсініктеме жұмыстарын ұйымдастырған. Пункттерде ҰБТ-ны ҚР білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілетін БҒМ өкілдері өткізеді. Білім басқармасы 2013 жылға ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. 2013 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес біздің облыста ақпан айында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында семинар-кеңес өткізуді көздеп отыр. Семинар-кеңеске білім бөлімдерінің басшылары, жауапты мамандар, ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялар төрағалары, ата-аналар комитетінің төрағалары мен ҰБТ-ға қатысты басқа да тұлғалар қатысады, – деді облыстық білім басқармасының бас маманы Шекер Жандосова.

Ұлттық бірыңғай тест тапсыру ережелері мен нормаларына сәйкес өткізілетін сынақтың ашық, объективті болуы үшін ҰБТ-ны өткізу пункттері ұялы байланыс телефондарының сигналдарын тұншықтыру құралдарымен, рамалы металіздегіштермен және бейнежазу камераларымен қамтамасыз етіледі. Металіздегіштер және ұялы байланыс телефондарының сигналдарын тұншықтыру құралдарымен облыстық ішкі істер департаменті қамтамасыз ететін болады.

Жалпы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында 2015 жылдан бастап ҰБТ екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең – ұлттық тестілеу нысанындағы қорытынды емтихан болса, екіншісі – жоғары оқу орындарына түсу үшін кешенді тестілеу. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі 2013 және 2014 жылдарда тиісті эксперимент өткізеді.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp