«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОҚУШЫЛАРЫМНЫҢ ЖЕТІСТІГІ МЕНІ ШЫҢҒА КӨТЕРДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде талап биігінен көрініп жүрген білім ошақтарының бірі – облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейі. Білім ошағынан соңғы жылдарда ғана республикалық деңгейде – 17, халықаралық деңгейдегі 7 жүлдегер шыққан. Таяуда жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, 29 оқушысы жүлдегер атанды. Жеңімпаздардың 17-сі республикада облыс намысын қорғайтын болады. Осыған орай “ЛОРД” мектеп-лицейінің директоры Константин Рыбты әңгімеге тартқан едік.

– Константин Андреевич, оқушыларыңыз жыл сайынғы олимпиадаларда алдыңғы орындардан көрініп жүр. Былтырғы жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысында командаларыңыз бірінші орынға ие болып, “Ең үздік олимпиадалық мектеп – 2012” атағын жеңіп алды. Мектебіңіздің үнемі алдыңғы қатардан көрінуінің сыры неде?

 

– Дарынды балаларға арналған білім мекемесі мәртебесі болғандықтан, өз деңгейімізге лайық нәтиже көрсетуге тиіспіз. Біздің жалпы білім беретін мектептерден оқу жоспарымыз ерекше. Біріншіден бастап оқуға келген балалар қосымша сабақтарға қатысып, өздерінің мүмкіндіктерін байқайды. Орта буын оқушылары қашықтық Интернет олимпиадаларда өздерін сынап, қай пәнге қабілеті басым екенін анықтайды. 7-ші сыныпты бітіргенде әр оқушы емтихан тапсырып, бейіндік пәнге таңдау жасайды. Әрине, таңдаған пәндерден үштік бағасы болмауы керек. Республикалық “Дарын” орталығы жыл сайын бекітіп беретін оқу жоспарында бейіндік сыныптарға арналған жеке тереңдетіп оқытатын курстар бар. Онда, мәселен, математика 8, 9, 10, 11-сыныптарда аптасына сегіз сағат берілген, сонымен қатар жазғы лагерьлерде жеке жұмыстар жүргізуге мүмкіндігіміз бар. Тереңдетіп оқытудың өз артықшылығы байқалады. Бұлай оқыту жалпы білім беретін мектептің алдында да басымдығыңды білдіреді және нәтижеде көрініс табады. Балалар жоғары оқу орындарына түсер кезде де қорықпастан өз таңдауларын жасайды. Меніңше, бейіндік білім беретін жоғары сыныптарда бүкіл пәнді түгел оқытып қажеті жоқ. Кей пәндердің сағат санын қысқартып, оның орнына бейіндік бағытқа молырақ сағат бөлінсе немесе гуманитарлық бейіндегі сыныптарға физиканы оқытпай-ақ, есесіне гуманитарлық бағыттағы пәндерді берсе, бұдан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Жалпы білім беретін мектептерде ондай мүмкіндік жоқ. Бізде оқушылардың қабілеттері мен дарынын ашып, дамытуға барлық жағдай жасалған. Үстірт берілген білім, кесілген сағат сандары балаға терең білім бермейді.

– Тереңдетіп оқыту бағдарламасы бойынша білім беретін педагогтер де болу керек қой. Сіздерде кадр мәселесі қалай шешімін табуда?

– Негізгі жұмыс істейтін 26 педагог бар, оның 22-сі жоғары санатты. Тағы 9-ы М.Қозыбаев атындағы мемлекеттік университеттің оқытушылары, ғылым кандидаттары бізбен ынтымақтаса жұмыс істейді. Олимпиада жүлдегерлері осы оқытушылардың алдынан тәжірибелік сабақтар алады. Біздің ұстаздарымыздың жартысынан астамы – лицей құрылғаннан бері еңбек етіп келе жатқандар. Жаңа кадрларды өзіміздің алдымыздан түлеген оқушылардан алуға тырысамыз. Лицей 1993 жылы құрылған, биыл 20 жыл толады. Зейнеткерлікке шыққандармен қоса алғанда 7 білім беру ісінің үздігі, 2 білім беру ісінің құрметті қызметкері еңбек етеді. Олардың арасында қазіргі қолданыстағы оқулықтардың авторлары да бар. Тілдердің үштұғырлылығы сағат саны бойынша жүзеге асырылуда. Үш тілді білудің өз артықшылығы бар. Өткен жылғы 22 түлегіміздің 5-еуі таза ағылшын тілінде білім алып жатса, Зарина Амантаева сабақтың басым бөлігі ағылшын тілінде оқытылатын Назарбаев Университетіне түсті. Бұл тілдердің үштұғырлылығының көрсеткіші болып табылады.

– Бүгінгі күні елімізде инженер мамандарына сұраныс артып отыр. Ол салада физика-математиканың алар орны да зор. Сіздердің түлектеріңіз әлемнің әр түкпірінде білім алып жүр. Түбінде олардың білімдерінің жемісін еліміз көре ала ма?

– Біздің Чикагода, Финляндияда докторлық жазып жатқан түлектеріміз бар. Қытайға бірден үш баламыз түссе, Дмитрий Кормин Санкт-Петербургте магистратураны үздік бітіреді. Өткен жылы Дина Қожаева Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математикалық курсын үздік бітірді. Қазір шетелде білімін жалғастырып жүр. Томск қаласында ядролық физика мамандығы бойынша оқып жүрген Роман Толмачев конкурста жеңіп шығып, Швецияда оқуға жолдама алды. Лондонда да балаларымыз бар. Диана Асхатова да “Алтын белгіге” бітірген, қазір ол Канаданың үздік студенттері шәкіртақысын алатындар қатарында. Владимир Должников бүкіләлемдік жасөспірімдер олимпиадасында екі алтын, бір күміс медаль алды. Мен соңғы жылдарды ғана айтып отырмын, осындай оқушылар бізде көп және олар – мектебіміздің мақтанышы. Қазақстанның атын шетелдерде шығарып жүрген оқушылар. Түлектерімізден ел экономикасын көтеретін, жаңа технологиялармен жұмыс істейтін, өндіріске бәсекеге қабілетті технологияларды енгізетін мамандар шығады деп ойлаймын. Бұл балалар қазіргі болашақтықтар сияқты елімізге өз білімдерінің жемісін көрсетеді, олар бүгінде сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруде. Түбінде бәрі болмаса да, біразы елімізге қайтып оралатынына сенемін.

– Мектептің материалдық-техникалық базасына көңіліңіз тола ма? Білім саласындағы реформаларға көзқарасыңыз қандай?

– Әсіресе, соңғы 7-8 жылда материалдық-техникалық базамыз нығайды. 6 интерактивті тақтамыз, екі проекторымыз, 72 компьютеріміз бар. Лингофондық кабинеттер жұмыс істеп тұр. Оқушыларымыз халықаралық Интернет желісіне еркін кіріп, жұмыс істей алады. Тіпті, олар бізден артық меңгерген деуге болады. Шынымды айтсам, көп жағдайда қазіргі оқушыларға қызыға қараймын. Ынтасы бар балаға қайда оқығысы келсе де білімнің есігі ашық. Балалардың лицейде оқуы тегін, алайда бізге қашықтық олимпиадаларға қатысуға, конкурс, турнир жеңімпаздарын марапаттауға, қосымша дайындықтарға қаражат қажет. Оған ата-аналардың 1400 теңге шамасында демеушілік көмектері бар, соны жұмсаймыз. Үздік оқитындар мен олимпиада жүлдегерлерінің ата-аналары одан босатылады. Бұл балаларды ынталандырады. Бейіндік мектептерде оқып жатқан оқушылар бәсекеге қабілетті деп айтуға негіз бар. Біз болашақ үшін жұмыс істеп жатырмыз. Білім беруді инвестициялау – болашақты инвестициялау деген сөз. Ол түбінде өзін ақтап шығады. Осы ретте Қазақстанның ұстанып отырған бағыты дұрыс. Біз басқалардан кем қалмаймыз деп ойлаймын.

– Сіз физиканы оқыту әдістемесі бойынша 20-дан астам әдістемелік құрал жазыпсыз. Физика пәні мұғалімдерінің республикалық олимпиадасының, республикалық авторлық бағдарламалар конкурсының, дарынды балалармен жұмыс жөніндегі республикалық III және IV инновациялық фестивальдардың жеңімпазы, “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірнеше грамоталарының иегері екенсіз. Осы жолға қалай келдіңіз?

– Мен Шал ақын ауданында мектепті алтын медальмен, өзіміздің педагогикалық институттың физика-математика факультетін үздік тамамдадым. Мұнда біз жер аударылған және көпті көрген педагогтердің тәлім-тәрбиесін алдық. Олардан адамгершілік құндылықтарға үйрендік. Институттан кейін 4 жыл Мамлют ауданында еңбек еттім. Одан кейін Шал ақын ауданындағы өзім оқыған Городецкий мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болдым. Маған дейін ол лауазымды Евней Букетов атқарған. 30 жыл бұрын Мәскеуде “Физика пәнін оқыту әдістемесі” мамандығы бойынша аспирантураны бітіріп, 20 жылдан астам уақыт СҚМУ-да сабақ бердім. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы СҚО педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында курстар жүргіздім және 1981 жылдан бастап олимпиадаға баратын оқушыларды даярладым. 20-дан астам республикалық, 14 халықаралық олимпиада жүлдегерін шығардым. Астрономиядан ғана соңғы үш жылда халықаралық деңгейдегі 9 медаль иегері шықты. Соның ішінде студенттік олимпиаданың жүлдегері Вадим Усик 8-сыныптан 10-11-сыныптардың математикасын меңгерді, қазір ол халықаралық олимпиадалардың 4 дүркін жүлдегері. Санкт-Петербург университетіне астрономия мамандығы бойынша шақырту алды. 10-сынып оқушысы Кирилл Бородин халықаралық олимпиадаларда 2 рет медаль иегері болды. Осы алған білімдерім мен еңбек жолдарымда шыңдалдым, оқушыларымның жетістіктері мені шыңға көтерді. Себебі, ұстаз үшін ең бастысы – оқушыға берген біліміңнің жемісін, нәтижесін көру. Біздің міндетіміз – өзімізді маман ретінде көрсету. Сондықтан маман ретінде жоғары деңгейде болуға және өз ісімде үлгі көрсетуге тырысамын.

– Бос уақытыңыз бола ма? Болса немен айналысқанды ұнатасыз?

– Бос уақытым көп емес. Алайда, 47 жылдан бері күн сайын кешкілік шаңғы тебемін, жарыстарға қатысамын. Шаңғыдан спорт шеберлігіне кандидатпын. Азиада алауын алып жүру құрметіне ие болдым. Кітап оқығанды, өлең жазғанды ұнатамын. Көбінесе мұғалімдерімді қолдау, қанаттандыру, бағалау кезінде өлең шумақтарын арнаймын. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы СҚО педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты олимпиадаға баратын ауылдық оқушыларды жинап, мені шақырған кездері барып сабақ беремін. Ауылдық мектеп жағдайында білім ала отырып, олимпиадаларда жақсы нәтижелер көрсеткен оқушыларға құрметпен қараймын және бағдарламаны солардың шамасына лайықтап түсіндіруге тырысамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp