М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанында “Студенттер клубы” шығармашылық орталығы бар. Мұнда түрлі мамандыққа оқып, қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген, сахнаға деген ынтызарлығы зор студент жастар өнер көрсетеді. Ал аталмыш клубқа 1993 жылдан бері жетекшілік етіп келе жатқан Зарема Гумарова талантты ұл-қыздарды өнерге баулып, олардың көпке танылуына септесуде.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Көлге біткен көк құрақтай желкілдеген жастық шақта өз замандастарының алдында сахнаға шығып, өнер көрсетуді студенттік клубқа мүше жастар екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт деп түсінеді. Университет жанында жұмыс істейтін “Шаңырақ”, “Пилигрим” және “Кривое зеркало” халықтық-студенттік театрлары, “Шертер” фольклорлық-этнографиялық халық ансамблі, “Антурнан” би тобы мен көңілді және тапқырлар театры тек талантты жастардан құралған”, – дейді клуб жетекшісі Зарема Хаджымұратқызы. Кештердің барлық ауыртпалығы мен жауапкершілігін мойнына алып, ыстық-суығын бөліскен тікелей ұйымдастырушы клубқа мүше әрбір студентті өз баласындай көреді. “Әр спектакль немесе концерт сайын жастармен бірге өзіміз де өсіп, көңіліміз көркейіп қалады. Әсіресе, біздің жас таланттардың өнерін тамашалауға келген қауымның театр залын лық толтырғанын көрген кезімізде еңбегіміздің зая кетпегендігіне мәз боламыз”, – дейді Зарема Гумарова.
Студенттік кештерде орындалатын әндер жетерлік. Сонымен бірге университетте әлемдік классика мен эстрада мәдениетіне зор құштарлықпен қарайтын жастардың шығармашылығына зор көңіл бөлінеді. Әсем дауысқа ие жастарымыздың ән шашуына көрермендер әрдайым қуанып қалады. “Шекспирдің “Театр киімілгіштен басталады” деген асыл сөзі бар емес пе? Бізге келіп, сахнаға шығып, өнер көрсеткен жастар ертең жоғары деңгейдегі ұжымдарда танылса, біз оған қуанамыз, әрине. Кім біледі, келешекте осынау өрен студенттер арасынан ұлттық өнеріміздің даңқын асырып, мақтанышына айналар ерен тұлғалар шығатын күндер де алыс емес шығар? Қалай десек те, осы жас талаптарға – әзірге көпшілікке белгісіз есімдерге өнердің не екенін үйретуге, бағыт беруге асығып тұрамыз”, – дейді клуб жетекшісі.
Расында да, студенттік клубта әртүрлі мамандықта оқитын студенттер жиналған. Мәселен, “Пилигрим” театрында ойнайтын Андрей Красников – мамандығы бойынша биология және химия пәндерінің мұғалімі. Бүгінде облыс орталығындағы аңшылар мен балықшылар қоғамында қызмет етеді. Жоғары оқу орнынан кеткелі студенттік театрдан қол үзбепті. Андрей бос уақыты бола қалса, бірден университетке келеді екен. Мұнда театрда ойнайтын достарымен жаңа спектакльді жоспарлап, содан ләззат алып келеді. “Режиссёріміз Евгения Джемалединова да бұрын студент болған кезінде осы театрда ойнаған. Қазір ол театрдың шығармашылық жоспарын құрып, спектакльдерді таңдайды. Театрымыздың өзгелерге ұқсамайтын өз бет-бейнесі, өз репертуары болғанын қалаймыз. Сол себепті әр қойылымды мұқият таңдаймыз”, – дейді Андрей. “Кривое зеркалоның” сахнаға шығарған “Диван и четыре стула”, “Подъезд нашего дома”, “Федорино счастье” атты спектакльдері жас көрермендердің зор ықыласына бөленді. Труппа келесі жаңа қойылым дайындығына да кірісіп кетіпті. Әртістердің арасында университетпен қоштасса да, Андрей сияқты театрдан қол үзбегендер бар. Виталий Шадрин мен Николай Большаков театрмен қоштаспақ емес.
Жуырда бұл театр ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде сыннан өтіп, көркемөнерпаздар шығармашылығына қосқан үлесі және жоғары орындаушылық шеберлігі үшін “Халық” (үлгілі) көркемөнерпаздар ұжымы” атағын алды. Бұл дәрежеге “Пилигрим” студенттік театры да ие болып отыр. Аталмыш өнер ұжымының негізі 1968 жылы қаланған. Соңғы төрт жылда театрға Тагир Джемалединов жетекшілік етеді. Оның айтуынша, бүгінде театрдың өз көрермені баршылық. Алайда, жастардың көбі шығармашылықтың не екенін аса түсіне қоймайды, дейді жас режиссёр. Пайымдауынша, қазіргі жастар көбіне Интернетте отырып, агент, фейсбук сияқты әлеуметтік желілерде отырғанды қалайды. Сөйтіп, жалғыздан-жалғыз қалып, рухани тұрғыда жетілмей отыр. “Жастардың көбі театрларға біреудің айдауымен барады. Бір сағат қойылымды соңына дейін көруге құлықсыз. Олар шығармашылық тұрғыда ойланып, тіпті, кейбірі осы қойылым маған не береді деп те ойламайды” – деп қынжылады Тагир. Сол себепті режиссер театрдың шығармашылық жоспарын сапалы жасап, жастарға қызықты әрі терең мәнді қойылым сахналауды үнемі есте ұстайды.
“Шертер” фольклорлық-этнографиялық халық ансамблі студенттердің мәдени өмірін түрлендіріп келеді. Ұжымда Жанар Мұқатаева, Жеңіс Қабдолбәриев, Самал Асылбаева сынды өнер иелері еңбек етеді. Ұлттық музыканың айбынына айналған ұжымның репертуары бай. 2003 жылы құрылғаннан бері мұнда бірнеше студент шыңдалған. Бұлай дейтін себебіміз, ансамбль музыка-педагогикалық факультет жанынан құрылған. Оның мүшелері өнер саласын таңдағандықтан, университет қабырғасында мамандықтары бойынша көп нәрсеге үйренеді. “Шертердің” концерттерінде халқымыздың шалқар күйлері шарықтап, ұлттық өнер ұлықталады. Тыңдарманын тәнті еткен аталмыш ансамбльдің жетекшісі Бейбіт Қабдолбәриев: “Бабаларымыз, күллі түркі жұрты сонау V ғасырда қолына домбыра ұстап, күй толғағанын тарихтан білеміз. Домбыра – қазақтың жеті кереметінің бірі. Қасиетті аспабымыздың құдіретін түсініп, жанына серік еткен жастардың қатары әлі де артады деген сенімдемін”, – деп отыр.