Жыл басынан бері облыста 78 өрт болып, одан 27 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 13 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның 2-еуі – бала, 4 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Өткен аптада 20 өрт оқиғасы тіркелді, 1 адам дене жарақатымен ауруханаға жөнелтілді.
Тимирязев ауданындағы Ақжан ауылының 49 жастағы тұрғыны газ баллонын даладан енгізіп, пештің жанына жылытуға қойған. Температураның күрт өзгеруінен газ баллоны жарылып, үй иесі 2-3 дәрежелі дене жарақытын алды, ал баспана толығымен жанып кетті.
Үйдегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы облыс орталығы мен Мамлютка қаласының тұрғындарына да біраз шығын әкелді, қалалықтың тұрғын үйі, екіншісінің қорақопсысы зақымданды.
Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылы тұрғынының “Фольксваген-Пассат” автомобилі де осындай жағдайдан отқа оранды.
Есіл ауданындағы Петровка, Уәлихановтағы Кішкенекөл, Ақжардағы Үлгілі ауылдары мен Булаево, Мамлютка қалаларында және облыс орталығындағы Пушкин, Лобанов, Батыр Баян көшелерінде шыққан өртке, алдын ала жасалған болжам бойынша, пеш ақауы себеп болған.
Аққайың ауданындағы Власовка ауылының тұрғыны қасақана өрт қоюдан 1 тоннадан астам шөбінен айрылып қалды.