«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТТЕРДІ ШЕШЕНДІККЕ БАУЛУ – ҚОҒАМДЫҚ ҚАЖЕТТІЛІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі күні баршамызды ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің қамы толғандырары сөзсіз.

Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой: “Сөз – ұлы нәрсе. Оның ұлылығы мынада: сөзбен адамдарды біріктіруге болады; сөзбен оларды алшақтатуға да болады; сөзбен махаббат отын тұтата аласың; сөзбен жауласуға да, арбасуға да барасың. Адамдарды бір-бірінен алшақтататын сөзден сақтан. Тіл – ұлттың жан дүниесі”, деген. Сондықтан халықтың өзімен бірге ала кетер де, алып жүрер де байлығы – ана сүтімен санамызға дарыған ана тілі.

 

Еліміздің егемендік алуымен байланысты қоғамның барлық салаларымен қатар, білім алу ісінде де түбегейлі өзгерістер жасау міндетіне орай қазақ тілін оқыту жүйесін жаңарту талабы туды. Мұғалімдерге оқушының білімі мен танымын қатар алып жүру міндеті жүктелді. Қоғамның жаңа мазмұнына орай мектеп бағдарламасына тың өзгерістер енді.

Кеңес дәуірінде қазақ тілінің бағдарламасын оқыту 9-сыныппен аяқталатын да, 10-11-сыныптарда “Қазақ тілі” оқытылмайтын.

5-9-сыныптардың арасында сағаттардың басым көпшілігі грамматикалық тақырыптарға арналып, енді біраз бөлігі диктант, мазмұндама, қайталау бағытындағы жұмыстармен шектелді. Бағдарлама соңында берілген “оқушының білім-білік, дағдыларына қойылатын талаптарда” тек грамматиканы меңгерту мәселесіне көңіл бөлінді, мұғалімнен де осы талап бойынша білім беру сұралды.

Оқушы бойында тілдік сезімді, тілдік-эстетикалық талғамды, тілдік қабілеттерді дамыту жолына жете назар аударылмады.

Бүгінгі педагогика өзінің арнаулы міндеттерімен қоса, оқушының ана тіліне сүйіспеншілігін ояту, жалпы тілді оқытудың әуезділік мәселелерін айқындау, шебер сөйлеуге үйрену, бір сөзбен айтқанда, қазақ тілі пәнінің атқарар рөлінің қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп отыр.

Егер тіл пәндерінде тек оның грамматикалық жүйесіне ғана назар аударылып, теориялық білім көлемін меңгерумен шектелсек, онда пән де, оқу процесі де оқушының өмірлік қажеттерін толық өтей алмай, сыңаржақ бағытта жүзеге асатынына көз жеткізіп келеміз.

Бұл сөзімізді дәлелдей кетсек: мектеп оқушылары өз ойын, пікірін, көзқарасын мәдениетті түрде жеткізуге шорқақ; жұрт алдында сөйлеуден қашқақтап тұрады, реті келіп сөйлейтін жерде сөзін сөзбе-сөз жаттайды, оны ашық айтуға жасқанады.

Өзінің жалпы жаратылысында, отбасындағы тәрбиесінде, тегінде тілге икемді айрықша қабілетті балалардың бар екенін жоққа шығармаймыз, алайда оқушылардың біліктерін саралаудан түйген пікіріміз осыған әкеп саяды.

Сол “мықты” деген оқушының өзінің жауабынан да шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бойынша тосын сұрақтар төңірегінде көңіл тұшытарлық нәтижелер көріне бермейді.

Бұл – қазақ тілін оқытудағы елеулі олқылықтың бар екенінің дәлелі.

Сондықтан егемендігімізбен бірге 10-11-сыныпта “Сөз мәдениеті мен шешендік өнер” деген жаңа курстар енгізілді. Әрине, бұл күрделі бағдарлама мұғалімнің өзіне де жеңіл емес.

Себебі, оқушы қай саланы таңдаса да, әр оқушыға сөз мәдениетінің талаптарын білгізу, оларды сөз шеберлігіне баулу екендігі дау тудырмайды.

Оның үстіне қоғамдық-гуманитарлық бағдарды қалайтын оқушылардың бір тобы тарихты, бір тобы журналистиканы, енді бір тобы заңгерлікті ұнатады, сондықтан оларды тілдің қолданыс жүйесінің заңдылықтары қызықтыратыны сөзсіз.

Жоғарыда аталған арнайы бағдарламалардың талабы жоғары, себебі “5”-ке оқып келген оқушылардың шығармашылық сипаттағы жұмыстардан тілдік іскерлік таныта алмай, төмен баға алып қалатындары да кездеседі.

Сол кезде баласын бақылауда ұстайтын ата-аналардан: “Ауызекі сөйлеу тілінің өзін дұрыс білмеген баланы қалай шешендікке үйретеміз немесе шешендердің сөзін оқытқанмен, біздің балаларымыз оларды жете түсінбейді, шешендік балаларға ауыр болады, оның теориясы күрделі, барлық оқу орындарында тест жүйесімен оқуға түседі, сондықтан 10-11-сыныптардың “Қазақ тілінде” сол тестілермен жұмыс істеу жағы қарастырылуы тиіс емес пе?” деген сауалдар түсіп жатады.

Иә, шешендік өнердің қайта жаңаруы – қоғамдық қажеттілік. Қазір ақпараттар заманы, ақпараттық қоғам өмірде жаңа үрдістерге жол ашып, шешендіктің жаңа түрін туғызды. Жаңа шешендіктің міндеті тіліміздегі барлық сөздерді өмірдің барлық саласында қолдана білуді жүктейді.

“Шешендік” 2 түрлі ұғымды білдіреді: 1) шешендіктану мәселелері; 2) шешен сөйлеуге үйрету. Мұның біріншісі “риторика”, екіншісі “ораторство” деген мағыналарға сай келеді.

11-сыныптың “Шешендік өнер” бөлімі сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем болған, ертеде ел ішінде үздіксіз болып тұратын дау, жанжал, ұрыс-қақтығысты, ауыл ішіндегі алакөздікті бірақ сөзбен шешімін айтып тоқтатқан атақты шешендер, дала демократиясына үлес қосқан тұлғалардың өнегелі сөзінен басталады. Оқушылар бұл бөлімде олар туралы мағлұмат алып қана қоймай, олардың қара қылды қақ жарған әділдігіне куә болады, адам ойы, психологиясы, философиясының біріккен биігі – сөз өнері шыңы екеніне көз жеткізеді, таңданыс білдіреді. Әркім өзіне керек жерін ұғынады, бұл шешендік сөздерден ғибрат алады. Атақты дана билердің сөзін түсіне қоюдың өзі оқушы түгілі, мұғалімнің өзіне ауыр тиетіні сөзсіз. Дегенмен де, өткенсіз бүгін жоқ, сол “кәусар бұлақ” бүгінгінің негізі болып саналатынын ұмытпауымыз керек, сондықтан біраз тер төгуге тура келеді.

Халық ел басқарған ханның емес, сөз ұстаған бидің, жыраудың айтқанына құлақ қойған, би, шешенді мойындаған.

Енді менің айтайын деп отырғаным: “Шешендік өнердің сыры қандай, оған қалай қол жеткізуге болады, дайындық сатысы қандай болу керек, шешенге қойылар талап қандай, шешен сөйлеуге қалай қол жеткізуге болады, ойды анық, дәл, түсінікті, жүйелі, дәлелді жеткізудің амал-тәсілдері қандай?” деген мәселелер төңірегінде өрбуге тиіс, мұның жүйелі ұйымдастырылуы өз алдына бөлек дүние.

“Шешендік оқуға қиын” деушілерге айтайын дегенім – біздің үйрететініміз мақалдап, тақпақтап, астарлап сөйлейтін бұрынғы шешендік сөз емес. Оның өнеге мектебі, ғибрат үшін керек екені белгілі.

Бізге керегі – бүгінгі өмір сынына төтеп беру үшін өз ой-пікірін жүйелі, тартымды, түсінікті етіп жеткізе аларлық дағдысы, қарым-қатынастық біліктілігі дамыған жастардың жаңа заманға лайық шешендігі.

Бүгінгі күні дүниежүзілік бәсекеге түскен белсенді қоғамымыз ұрпағының енжар самарқау болғанын қаламайды. Керісінше, қарыштап алға басқан өмір ағымына ілесіп, өз мүддесі мен халық мүдесін қатар алып жүретін ойлы, ұғымтал, көреген, ынтымақшыл, жауапты іскер азамат қалыптастыру – басқа пәндерге қарағанда “Қазақ тілі” оқулығының маңдайына біткен бақыт. “Шешендік өнерді” толық меңгерген оқушы топ алдында сөйлеуге қызығушылығы, өзін танытуға құштарлығы оянуы мүмкін. Осы бір абыройлы іс тілден сабақ беретін мұғалімдер қауымына ауыр да жауапты. Себебі, бүгінгі заман талабы – іскер, белсенді, қандай жағдайда да өздігінен жол таба білуге бейім адам тәрбиелеуді қажет ететіні сөзсіз. Оқушылардан: бүгінгі күннің шешені кім деп сұрасаң, тек қана Елбасының атын атайды. Әрине, бұл – ойландыратын мәселе. Неше түрлі жақсы қызметте жүрген азаматтарымыздың “аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп”, екі сөздің басын құрай алмай тұрғанын көргенде жігерің құм болады. Алайда, ол кешегі мектеп оқушысы емес пе? Тілдік мәдениеті қалыптасқан адам ғана қай ортада да өзіне сенімді бола алады және айналасындағылармен өзара тіл табыса білуге қабілетті бола алады. Ал тіл табыса білу – еңбек нәтижесінің ең басты шарты. 11-сыныптың “Шешендік өнеріне” “жүрдім-бардым” қарамай, тереңнен толғай білім беруіміз керек. Біріншіден, оның сұрақтары ҰБТ-ға кіреді, екіншіден, мемлекеттік бағдарламаның шарты бойынша білім мен білікті орындауымыз керек. 11-сыныпты тек ҰБТ-ға дайындық деп қарайтын болсақ, оқушы көп жағынан ұтылады. Осыдан 11-сыныпқа сабақ беретін мұғалімдер өздері сақ болған жөн. Әйтпесе, семинар, конференция, зертхана отырыстарында кейбір мұғалімдер 11-сыныптағы “Шешендік өнерді” тыс қалдырып, бірыңғай ҰБТ-ға дайындалатыны байқалады.

Шешендік өнер – ұлы күш. Оны игеру оңай дүние емес. Қазақстанның болашағын құратын – бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан олар мектеп қабырғасынан өз ана тілдерінде шешен сөйлеп, сөздің парқын білсе, көпшілік алдында ойын әдемі жеткізе білсе, нұр үстіне нұр болар еді. Біз де сырттарынан сүйсініп жүрген болар едік.

Әлия ҒАЛЫМҚЫЗЫ,

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық

дарынды балаларға мамандандырылған

гимназия-интернатының мұғалімі,

педагогикалық еңбектің ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp