Бейнегүл Мағауова Шал ақын ауданының Қаратал ауылының тумасы, Петропавл педагогика институтында шет тілі факультетінде оқыған. Содан бергі 33 жылда өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығы бойынша жас жеткіншектерге ағылшын тілін үйретуден жалыққан емес. Еңбек жолын туып-өскен ауданында мұғалімдіктен бастаған ұстаз директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры лауазымдарында шыңдалған. “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі” төсбелгісінің иегері, жоғары санатты ұстаз бүгінде Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясында ағылшын тілінен сабақ береді.
Бақыт жолын білімнен іздеген Бейнегүл Айтжанқызы бірінші облыстық инновациялық жобалар фестивалінде I орынды жеңіп алған. Ұстаз әр сабағына шығармашылықпен дайындалып, оның педагогикалық, психологиялық және дидактикалық тұрғыдан сауатты құрылуына ерекше мән береді. Оның ғылыми негізде жүйелі дайындалған әр сабағы оқушыларының пәнге деген зор қызығушылығын тудырып, білімге құштарлықтарын еселей түседі. Соның нәтижесінде қазақ мектеп-гимназиясында еңбек еткен бес жылдың ішінде бірталай жетістіктерге қол жеткізді. Оқушылары “Британ бульдогі” қашықтық олимпиадасында – I және II, халықаралық “GO WEST” қашықтық олимпиадасында 8 оқушысы I орынға ие болды. 2010-2012 оқу жылдарында оқушыларының ҰБТ-дағы орташа көрсеткіштері 23-24 ұпайды құрады. 2012 жылғы түлегі Айжан Сапар халықаралық “IELTS” емтиханын тапсырып, Манчестер колледжінің грантына ие болды.
Бейнегүл Айтжанқызы ғылыми-практикалық конференцияларда теориялық терең білімін, педагогика саласында жинақтаған мол тәжірибесін әріптестерімен бөліседі. Сабақтарын сыни тұрғысынан ойлау технологиясына негіздей отырып, оның қызықты, жан-жақты өтуіне және оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамытуына ерекше көңіл бөледі.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.