Президентіміз Н.Ә.Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты кезекті Жолдауын халыққа арнады. Бұл Жолдау 2050 жылы еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін атқарылар істерді айқындап берді. Жолдаудағы заманауи білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлінгені осы салада жүрген әрқайсымызды толғандырады. Әрине, осыған дейін де білім беру мәселесіне көп көңіл бөлінгені аян. Ал осы Жолдауда: “Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек”, – делінген. Ендеше, жеткіншек ұрпақ қазіргі заманға лайық білім алуы шарт. Ол үшін басқа мемлекеттердегі сияқты Қазақстан да мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек. Бұл орайда Елбасы “Балапан” бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзартты. Осы Жолдауында Елбасы Үкімет пен әкімдерге балаларды мектепалды даярлықта білім беру мен тәрбиелеу ісінің 100 пайызға орындалуын қамтамасыз етулеріне ерекше назар аударып отыр.
Біздің мектептің мектепалды даярлық сыныбында 28 оқушы білім мен тәрбие алуда. “Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту 2011-2020 жылға дейінгі бағдарламасы” негізінде білім беру ісіне жылдан-жылға үлкен көңіл бөлінуде. Бүгінгі күні мектептер электронды оқыту ісіне енгізілу үстінде. Республика бойынша 2015 жылға дейін 1315 мектепті электронды оқыту жүйесіне енгізу көзделсе, ауданымыздың 10 мектебі 2013 жылдың қаңтар айынан бастап аталған жүйемен жұмыс атқармақшы.
Тағы бір айта кетерлік жайт – Жолдауда қазақ тілі мен тілдердің үштұғырлылығына ерекше мән берілгені. Қазақ тілі біздің рухани негізіміз, сол себепті қазақ тілін барлық салада белсенді пайдалану біздің негізгі міндетіміз болып қалмақ. 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу мәселесі – ұлт болашағы үшін жасалып отырған жағдай. Сондай-ақ өз тілімізбен орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгеру өмірде үлкен мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Сол себепті мектебімізде осы пәндерді оқытуда көп жұмыс атқарылуда. Оқушылармен сырттай өткізілетін “Русский медвежонок”, “Британ бульдогі”, тағы басқа олимпиадалар осының айғағы. Бұған дейін қатарынан екі жыл ағылшын тілінен волонтерлер келіп, пән мұғалімдерімен бірге сабаққа қатысып отырды. Оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылықтары артып, көптеген іс-шаралар жүргізілді.
Осы Жолдауда белгіленген қазақстандық патриотизм ұғымы да көңілімізге жағып отыр. Көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстан үшін өз Отанын сүю, өз Отаны үшін ерен ерлік жасау, еңбек ету бүгінгі таңда аса қажеттігін ескере отырып, мұғалімдер өздерінің оқушылармен жүргізетін тәрбиелік жұмыс жоспарларын осы негізде құрды. Мектебімізде өткізілетін түрлі іс-шаралар, сайыстар, байқаулар еліміздің қадір-қасиетін ұғынуға, Отанымыздың ордалы жетістіктерін түсінуге, болашаққа деген сенімді нығайтуға бағытталуда.
Елімізде ұлтаралық тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуына Елбасымыз ерекше көңіл бөлуде. Осының нәтижесін бүгінгі таңда көріп отырмыз. Қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз еткен күшті әлеуметтік саясаттың негізінде қуатты да табысты мемлекетке айналдық. “Дүниені өзгерткің келсе – өзіңнен баста” деген қанатты сөзді басшылыққа ала отырып, Қазақстан халқы Елбасының Жолдауында көрсетілген істерге бел шеше араласуымыз керек. Өйткені, осындай іргелі де ірі істер болашағымызды айқындап береді. “Елім үшін, елімнің дамуы үшін менің қолымнан не келеді, қандай қызмет көрсете аламын?” деген сауалдарға жауапты сөзбен емес, іспен көрсете алатын уақытқа бәріміз жеткен сияқтымыз. “Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біз “Мәңгілік Ел боламыз” деген Елбасының өрелі ойы жалғасын тауып, Қазақстан қазақ мемлекеті – мәңгілік ел болатынына сенімім мол.
Меңдігүл ОЛЖАБАЕВА,
Саумалкөл қазақ ОМ-нің директоры,
аудандық мәслихаттың депутаты.
Айыртау ауданы.