«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘБЗЕЛШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен ғасырларда “сыған”, “табор” деген сөздер ажырамас ұғым сияқты көрінетінді. Десек те, бүгінде бұл ұлыстың өмір салты әжептәуір өзгеріске ұшырай бастағандай. Ата-баба салт-дәстүрінің, әдеп-ғұрпының тарихтың терең қойнауына кете бастағанын сезінген аға буынның өкініш білдіргені орынды. Оған біз петропавлдық Александр Бондаревичпен жүздескен кезде көз жеткізе түскен едік.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Бүгінгі қоғамнан қаны таза сығанды кездестіру қиын. Тегіміздің басқа ұлттармен араластығы көбейіп кетті. Мәселен, менің әкем сыған да, анам орыс ұлтынан еді. Алайда, мен өзімді сығанмын деп есептеймін. Сығандығымның бір белгісі – жылқыға деген ерекше сүйіспеншілігім деп білемін. Жылқыны көлік те, табыс көзі де еттім. Қорамда 20 жылқыға дейін тұратын кездер болды. Соғымдық жылқы сатып алып, одан табыс та көрдім. Мұның бәрі өткен күннің белестері болып қалды. Бүгінгі әуесқойлығым – жылқының асылтұқымын баптау. Ондағы мақсат осы түлікті немерелеріме мұра етсем бе деймін. Қорамда екі байталды балаша мәпелеп отырмын, – деп жүзінен қуаныштың белгісін сездірді. Әрі қарай ол өзінің көңіл күйін көтерген әңгімені жалғастырды.

 

Оның қорасындағы қос байталдың асыл текті екендігін атбегілігі жоқ адамның өзі-ақ бағалай алғандай. Дене бітімдері сұлу әрі ірі, көздері жанып тұрған жылқының бірі – орлов тұқымынан да, екіншісі – араб сәйгүлігі. Ол жылқыға деген әуесқойлықты қанмен дарыған қасиет деп білсе, ал қолөнерге деген сүйіспеншілікті қажырлы еңбектің нәтижесі деп ұғынатынын жеткізді. Александр Бондаревич – ат әбзелі бұйымдарының шебері. Оның қолымен жасалған ер-тұрмандар мен шана-арбалар бір көргеннен көздің жауын алады. Оның бұйымдарына Алматы, Қарағанды қалаларынан келіп, саудаласатындар да бар екен. Қолөнершінің өрнектерін терең ойып жасаған арбасынан үлкен ізденіс пен шеберліктің қолтаңбасы аңғарылады. Арбаның атқосшы отыратын орындығының астына қуыс жасап, сол орынға музыкалық аспап мен шам жағатын аккумулятор орнатып қойыпты. Сондай-ақ арбаның артқы бөлігінде олпұл қоятын шағын сандық та бар.

– Бұл арбаның құрылысында үлкен жаңалық жоқ. Оның жасалуын ата-бабамыз өлшеп, кескіндеп кеткен. Бала кезден ат әбзелінің жасалу үлгісі санамда сақталып қалған. Мен оларға тек көркемдік белгілер қосамын, – деген әбзелші өткен өміріне көз жүгірткендей үнсіздік сақтап, сөзін былай жалғастырды: – Менің атам Ұлы Отан соғысының ардагері, сондай-ақ қолы шебер ұста болған. Сол кісіден мен біраз нәрсені үйрендім. Ол Иркутск маңында туыпты. Қазақстанның біраз жерін аралап, өмір сүрген атама бір уыс топырақ Павлодар жерінен бұйырды. Біздің ата-бабамыз ат үстінде жүріп, көшпелі өмір кешкен ғой. Осы жағынан қазақтарға ұқсастығымыз бар. Мен де балалық шағымда Қазақстанның біраз өңірін араладым. Қызылжарлық болғаныма 25 жыл болыпты. Жасым ұлғайған сайын мені қатты толғандыратын мәселе – біздің ұлыстың ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрпы, салт-санасы. Тым болмаса осы қолөнерімді ұрпағымның бірі жалғастырса деп ойлаймын. Жалғыз ұлым жылқыға жаны әуес болғанымен, қолөнерге ешқандай қызығушылығы жоқ. Ал бес жастағы немерем Даниил мен бірдеңе істеп жатсам, қасымнан шықпайды, яғни оған ұнайды. Ендеше соған үйретуге тырысамын. Қолөнермен айналысу үшін адамға еңбекқорлық пен қызығушылық дарыса жеткілікті. Үйренуге, білуге құштар адамның тәжірибесі жылдан-жылға молайып, біліктілігі артады. Сондай-ақ саналы азаматтың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін сызып тастау мүмкін емес. Осы ата-бабамыздың салған ізін жалғастыруға аз да болса үлесімді қосқаным үшін қуанамын.

Оның жып-жинақы, тап-таза үй орамында шағын шеберхана бар екен. Онда темір мен ағаш шеберіне қажетті барлық құрал-саймандар ұқыпты жиналып қойылған. Қолөнерші бұйымдардың әр бөлшегін өз қолымен жасағанды ұнатады. Сондықтан оның шеберханасынан темір балқытатын пеш те, шағын дәнекерлегіш құрал да, ағаш өңдейтін станок та табылады. Бұл құрал-жабдықтармен шебер талай әсем бұйымдар жасапты. Оның сатылғандары отбасының қаржылық сұранысын өтесе, тамыр-таныс, дос-жаранға сыйланғаны да қаншама?!

– Кей кездері өзіме арнап жасаған бұйымға біреу қатты қызығып тұрса, сатып жіберемін немесе сыйға тартамын. Кім болсын өзінің өнерінің жоғары бағаланғанын ұнатады емес пе?! Ондайда мен де мейірімді бола қаламын, – деп әзілдеген оның шын мәнінде табиғатынан мінезі жұмсақ, кішіпейіл, қонақжай екендігін біз алғашқы кездескен сәттен-ақ аңғарған едік. Зайыбы Софья тәтейге дастарқан жайдырып, өзі біздің әр сауалымызға жарқын жауап беріп отырды.

Бұл отбасының басты табысы – сауда-саттық. Олар өздерінің қолөнер туындыларын базарға шығармайды, тұтынушылар ұзын құлақтан естіпақ, әкетіп жатады. Шебердің қыс мезгіліндегі басты ермегі – қолөнер. Оның тапжылмай отырып, бір жүгенді өріп тастауы әп-сәтте. Ол сатылған кезде отбасылық бюджетке 10-15 мың теңге қаржы қосады. Арзан емес, бірақ қолөнерді бағалай білетін адам оның құнын түсінері анық. Шетелдік тауарөндірушілерден алынатын қайыс, кендір жіп сияқты материалдардың құны бұйымдарды арзан сатуға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ ол кейбір бөлшектерді арнайы тапсырыспен алдырады. Мәселен, дәлдікті талап ететін арба дөңгелектері үлкен өндіріс орындарында жасалады.

Шындығында, осыдан 20-30 жыл бұрын жылқыны көлік ретінде көп пайдаланған кезде ат әбзеліне сұраныс жоғары болатынды. Ал бүгінде жылқының бағылуы басқа мақсатты көздейді. Жалпы бүгінгі таңда ер-тұрмандарға қызығатындар аз. Сондай-ақ оларды жасайтындар да сау-сақпен санарлық қана.

– Кез келген істе бәсекелестіктің болғаны жақсы. Одан тауардың сапасы артады. Сондай-ақ бұйымның кең таралуы сұранысқа да байланысты, – дейді шебер.

Алайда, Александр Бондаревичтің өнері мен талабы – кімге болсын өнеге. Біріншіден, ер-азаматтың отбасы берекесі үшін еңбекқорлық, ізденімпаздық, өнерпаздық танытуы қашанда жоғары бағаланады, екіншіден, сүйікті іс кез келген адамның ішкі жан дүниесін жадыратып, көңіл күйін көтереді. Софья тәтейдің тілімен айтсақ: “Жұбайым қолөнермен айналысқан кезде мен кедергі жасамаймын. Оның әр ісінен жаны рахаттанып, көңілі көтеріліп отырғанын көру – мен үшін үлкен бақыт”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp