“Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы өзге ұлт оқушылары арасында қазақ тілінен “Тіл – мемлекет тәуелсіздігінің символы” алтыншы республикалық қашықтық олимпиадасының қорытынды кезеңін өткізді. Еліміздің әр өңірінен жиналған балалар Көкшетау қаласында түйісті.
Олимпиаданың екінші кезеңі таяуда “Балдәурен” республикалық оқыту-сауықтыру орталығында өтті. Оған Айыртау ауданының оқушылары да қатысты. Сайыс барысында дарынды балалардың қазақ тілін меңгерудегі үш түрлі қабілеті: тыңдап түсінуі, қазақ тілінің лексикалық-грамматикалық құрылымын білуі және өздерінің оқығанын түсінуі сыналды. Оқушылар “Қазтест” бағдарламасы бойынша өздеріне ұсынылған 150 тапсырманы орындап шықты. Әр тапсырмаға бір минуттан уақыт бөлінді. Сынақ нәтижесі бойынша Арықбалық мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Андрей Багаев “Олимпиададағы айрықша жетістіктері үшін” грамотасымен, Светлана Журина ІІ дәрежелі дипломмен, аудан орталығындағы №2 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Александр Клецко ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Марапаттау рәсімінде жүлдегерлерге мемлекеттік тілді үйренуге арналған типтік бағдарламалар жинағы табыс етілді.
Мемлекеттік тілді үйренуге талабы бар жасөспірімдердің басын қосуға, тіл мәртебесін биікке көтеруге атсалысқан, оқушыларды олимпиадаға даярлаған ұстаздарға да алғыс білдірілді. Олардың еңбектері бағаланып, бірнеше мұғалім “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамотасымен марапатталды.
Сәния ЖУРИНА,
Арықбалық мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
СУРЕТТЕ: Светлана ЖУРИНА.
Айыртау ауданы.