«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН БЕРГЕН САБАҚ әріптестер көңілінен шықты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

№8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің ұстаздары “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында өз білімдерін шыңдаған болатын. Жақында “Оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі” технологиясының сабақ үдерісіндегі тиімділігін көрсету мақсатында мектебімізде “Деңгейлеп оқыту технологиясы арқылы оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту” тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен қалалық семинар өтті.  

Бұл семинарда мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұржамал Қожина қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне жаңа технологиялар арқылы оқытудың тиімді жолдары, олардың жеке тұлғаны жан-жақты қалыптастырудағы маңызды ерекшеліктері туралы баяндама жасады. Қатысушыларды қазақ тілі әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Бибігүл Мырзанова мемлекеттік тілді дамыту аясында мектепте пән мұғалімдерінің жүргізіп жатқан іс-шаралар бағыттарымен таныстырды. Семинар барысында білікті, тәжірибелі ұстаздардың іс-тәжірибелерінен көрме ұйымдастырылды. Қала мектептерінен келген әріптестердің назарына білім ошағының тіл мамандары ашық сабақтарын ұсынып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Атап айтсақ, үшөлшемді жүйе технологиясын білікті ұстаздар Айгүл Төлебаева “Астана – бас қала”, Тұрсын Құрманова “Мақта қыз бен мысық” ертегісі, ал деңгейлеп оқыту технологиясын Әлия Мәкішова “Манаш Қозыбаев – тарих тарланы”, Зоя Золотарева “Медеу мұз айдыны” тақырыптарында берген ашық сабақтарында шебер қолданды. Оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын, белсенділіктерін арттыру үшін заман талабына сай оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланған сабақтар жаңашылдық идеяларымен әріптестердің көңілдерінен шықты.

Тәжірибелі ұстаздар Жанар Смайылова мен Сәуле Мұхамедғалиеваның ұлттық салт-дәстүрге негізделген сыныптан тыс шарасы көрсетілді. Мектептің қазақ тілі үйірмесіне қатысып жүрген ұстаздары “Мемлекеттік тіл сағаты” аясында халқымыздың “Қырқынан шығару” дәстүрін көрсетіп, ұлағатты ұстаз Сырға Мәдиева қарт әже тұлғасын шебер орындады. 2-сынып жетекшісі Самал Құдиярова мектебімізде қазақша білім алып жатқан оқушыларымен өз өнерлерін ортаға салып, ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдады. Осы семинардың жақсы дәрежеде өтуіне әріптесім Әлия Смайылова екеуміз де атсалыстық.

Семинар келешек ұрпақты ұлттық құндылықтарымыз арқылы отансүйгіштікке баулып, өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді еркін меңгерулеріне жағдай жасау мақсатын көздеді. Қала мектептерінен келген әріптестер семинардың өз мақсатына жеткенін айта келе, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің тағы бір жолын меңгергендерін жеткізді.

Шынарлы МАҒЖАНОВА,

№8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp