«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары БАУЫРЖАН БАЙБЕК ҚЫЗЫЛЖАРДА БОЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек облысымызға келген жұмыс сапарында өңір басшысы Самат Ескендіровпен бірге Петропавлдағы №1 қалалық ауруханада болып, емдеу мекемесінің жұмысымен танысты.

Нұрсайын ШӘРІП, Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш емдеу мекемесінде неврология, терапия және ересектерге арналған жұқпалы аурулар бөлімшелері жұмыс істейді. Аурухананың бас дәрігері Ғалия Мәметованың айтуына қарағанда, жатын орны 150 адамға шақталған. Амбулаториялық емделушілерге де қажетінше ем-дом жасалады. Екі бөлімшеде остеохандроз, инсульт болып ауырғандарды қалпына келтіру шаралары жүргізіледі. Соған орай физиотерапия бөлімшесіне заманауи құрал-жабдықтар қойылған. Емдеу мекемесіне биыл 375 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Оған осы заманғы физиотерапиялық және диагностикалық жабдықтар алу жоспарда бар.

 

Ғалия Мәметова ауруханада жұмыс істейтін жоғары білімді дәрігерлердің орташа айлық еңбекақысы – 163 мың, медбикелердікі 71 мың теңгені құрайтындығын, емдеу мерзімі шектеулі болса да, сырқаттанып келгендерді қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрі жасалатындығын айтты.

“Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен облыс әкімі Самат Ескендіров неврология бөлімшесінде емделіп жатқан қариялармен тілдесіп, жаттығу құрылғылары орнатылған кабинеттің жұмысымен танысты, медициналық қызмет көрсетудің сапасы жайлы сөз қозғады.

 

Облысымызға сапары барысында Бауыржан Байбек “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының ғимаратында азаматтарды қабылдады. Оған келгендердің бірі – оралман Жанат Отыншинов. Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында тұратын азамат аталмыш елді мекен тұрғындары атынан электр энергиясын беру қуатын арттыру үшін аралық станция салу жөнінде көмек сұрады. Ал өзі ағаш тілетін қондырғы алып, жеке кәсіпкерлікпен айналыспақшы. Осыған орай жер телімін ресімдеу бойынша қол ұшын беруді өтінді.

Ал “Блок” ЖШС-нің директоры Иван Шеферге қосымша материал алу үшін қаражат жетпей тұр екен. Сол себепті кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары негізінде көмек сұрай келіпті. Егер айналым қаражатына қол жеткізсем, өндірісімнің көлемі жыл сайын 50 пайызға артып, қосымша 10 жаңа жұмыс орны ашылар еді, деді кәсіпкер. Бауыржан Байбек өтініш білдірген екі азаматқа да қажетті көмек жасалатынына уәде берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp