Жамбыл ауданы әкімінің қызметін бұдан былай Саят Қаятұлы Әшімов атқармақ. Облыс әкімі Самат Ескендіров ұсынған оның кандидатурасын 5-ші шақырылымның 12-сессиясында аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан мақұлдап, дауыс берді. Бұдан соң жаңа басшы жамбылдық активке таныстырылды.
Самат ЕСМАҒИ,
журналист.
Саят Әшімов Жамбыл, Қызылжар аудандары әкімдерінің орынбасары болып қызмет істеген. Жаңа тағайындауға дейін “ҚазМұнайГаз-Өнімдері” АҚ Көкшетау қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары бойынша филиалы директорының орынбасары болды. Жиын барысында облыс әкімі Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып өтті. Былтырғы жылы өндіріс 2,3, инвестиция көлемі 34,6, қолданысқа берілген баспана 1,6 пайызға өсіп, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл ретте Жамбыл ауданында да атқарылған жұмыстар қомақты, алайда шешімін күткен мәселелері де жоқ емес.
Бұл ретте Самат Ескендіров: “Тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму болуы керек. Әсіресе, бөлшек саудадағы тауар айналымын арттыру қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету де ұдайы назарда болуы қажет”, – деп, нақты міндеттер жүктеді.
Саят Әшімов өзіне артылған сенім үшін өңір басшысына алғысын айтып, жүктелген міндетті абыроймен атқаруға уәдесін берді.
Жамбылдықтар алдағы уақытта бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақтаса қызмет ететіндіктерін білдірді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі ендігі жерде тек ерінбей еңбектену керектігін атап көрсетіп, ортақ іске сәттілік тіледі.