«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫСТЫҚ АССАМБЛЕЯ – этносаралық бірліктің сенімді тірегі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз”, – деген еді.

Елена МЕЗЁВА,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, қазақстандық тұтастық пен ұлттық бірлікті қалыптастыру – ассамблея құрамында жұмыс істейтіндердің тікелей қатысуын және әрқайсысының қалтқысыз қызмет етуін талап ететін, күн тәртібінде тұрған басты мәселе.

2020 жылға дейін Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту стратегиясын жүзеге асыру облыстық ассамблеяның барлық жұмысын қамтиды. Оның бірқатар пункттері этномәдени бірлестіктерді қолдауға бағытталған. Оның ішінде облыс аудандарындағы этномәдени бірлестіктер де бар.

 

Бүгінгі таңда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында 22 этнобірлестік жұмыс істейді. Бірлестіктер жанынан 11 жастар клубы құрылған. Ал облыс аудандарында 95 этнобірлестік бар.

Түрлі ұлттың мәдениеті мен өнеріне қызығушылықты қалыптастырып, олардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттау үшін аталмыш этномәдени бірлестіктер Наурыз мейрамы, Қазақстан халқы бірлігі күнін, Астана және қала күндерін, “Сабантой”, “Покровский перезвон” славян мәдениеті күнін, “Солтүстік Қазақстан облыстық еврейлер мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің 20 жылдығына арналған еврейлер кітабы фестивалін, поляк билерінің өңірлік фестивалін, белорус, армян, әзірбайжан мәдениеті фестивалін, рождестволық кездесулерді, облыстық ассамблеяның жастар қанатының Тәуелсіздік күніне арнаған “Қазақстанда өмір сүргенімізге мақтанамыз” атты жыл сайынғы фестивалін өткізді.

Облыстық ассамблея IPO сияқты жобаларды насихаттауға, “Нұр Отан” ХДП-мен бірлесіп индустриялық бағдарлама және экономиканы жаңғыртуды жүзеге асыру аясында жұмыс берушілер тарапынан әлеуметтік жауапкершілік және әділдік ұстанымдарының сақталуының қоғамдық қадағалауын қамтамасыз етуге қатысты. Ассамблея өкілдері қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың инновациялық жобалары және “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламалары бойынша жұмыс істейді. Бізде ғылыми-сараптамалық топ, журналистер клубы құрылған. Қазір жастармен жұмыс істеуге зор мән берілуде.

Ғылыми-сараптамалық топ ауқымды ғылыми-танымдық жұмыстар жүргізіп, “Жастар және этносаралық келісім: мәселелері мен перспективалары” өңірлік конференцияның материалдарын әдістемелік құрал ретінде, “Адольф Янушкевичтің өмірі мен шығармашылығы” туралы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның тезистерін, “Коперник” поляк мәдени орталығы сияқты этномәдени бірлестіктердің жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруде білім беру ұйымдарымен ынтымақтастығы жөнінде әдістемелік ұсыныстарын, Солтүстік Қазақстан облысындағы қолөнерді әлеуметтік зерттеудің қорытындысы жөніндегі материалдарды қарап, ұсынды. “Ассамблея” корпоративтік қоры 2012 жылдың шілде-тамыз айларында облыстың 13 ауданында “Ұлттық кәсіп, қолөнер және сәндік-қолданбалы өнерді дамыту үшін ауылдық этномәдени бірлестіктердің серіктестігі” тақырыбында “дөңгелек үстелдер” өткізді. Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесінде әр этномәдени бірлестік ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын көрсеткен “Салт-дәстүр – 2012” облыстық фестивалі жоғары деңгейде өтті. Облыста тұратын барлық этнос өкілдері ұлттық мәдениет пен өнерді сақтау мәселесіне зор ықылас танытып, құрметпен қарайды. Тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуына да зор көңіл бөлінуде. Облыс орталығындағы Достық үйінде мемлекеттік тілді үйрететін топ құрылған. Оған түрлі этнос өкілдері барып жүр. Сондай-ақ поляк, неміс, татар және иврит тілдерінің курсы жұмыс істейді.

№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде неміс, армян, поляк, татар, кәріс, әзірбайжан, украин, шешен-ингуш, қазақ – барлығы 9 бөлім жұмыс істеп, онда 213 бала білім алуда. Ассамблеяға депутаттар қауымының да көрсетіп отырған қолдауы айтарлықтай. Облыстық мәслихатта татулық, қоғамдық және этносаралық келісім мәселелері жөніндегі депутаттық ынтымақтастық тобы жұмыс істейді.

Біз үшін 5-7 қыркүйек күндері аралығында облыс орталығында “Қазақстанда мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру және конфессияаралық қарым-қатынасты реттеу” тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының, облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен аймақтық семинар-тренинг өткені маңызды. Аталмыш шараның тыңдаушылары ретінде біздің және Қостанай облысының этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынас мәселесімен айналысып жүрген мемлекеттік қызметшілері, қалалық, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің бастықтары, этномәдени орталықтардың жетекшілері, жастар және өзге қоғамдық бірлестіктер, конфессия, ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық тобының, жоғары оқу орындарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Семинарға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі, саясат ғылымының докторы Ералы Тоғжанов қатысып, “Этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі этносаралық қатынасты қалыптастырудың негізі: даму тәжірибесі және перспективалары” тақырыбында дәріс оқыды. Семинар республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрсетілді.

Қоғамдық келісімді, ұлттар бірлігін нығайту, пікірлерін білдіріп, тәжірибе алмасу мақсатында өткен жылдың 1 қарашасы күні “Достықтың жол картасы – 2012” мега-жобасы аясында Петропавл қаласында Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының өңірлік ассамблеяларының кездесуі өтті. Ал 21 қараша күні Қостанай облысында біз жергілікті облыстық ассамблеямен кездестік. Аталмыш кездесу барысында облыстардың этномәдени бірлестіктері арасында сындарлы сұхбат болып, өзара пікір алмасып, жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, салтанатты жағдайда “Достықтың жол картасы – 2012” мега-жобасының эстафетасын тапсырдық.

Гуманитарлық және ұлттық-мәдени салада шекаралық ынтымақтастық үшін Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен Ресей Федерациясының Түмен облысының қазақ ұлттық-мәдени автономиясы, Қорған облысының Зауралье халқы Ассамблеясымен келісім жасалған. Омбы облысымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Өткен жылдың тамыз айында Түмен қаласында өткен “Құрылтай – 2012” шарасына Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының делегациясы қатысты. Түмендегі жексенбілік мектептерге қазақ тілі кітаптары мен сабақтарының CD дискілері табыс етілді.

Этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, белсенділері, жастар клубтарының өкілдері Тұңғыш Президент күнін атап өтуге қатысып, Елбасының “Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласын қызу талқылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауын да зор ықыласпен қабылдадық. Аталмыш бағдарламалық құжатпен танысуға және талқылауға арналған “дөңгелек үстелде” облыстық ассамблея мүшелері оның негізгі бағыттарын толық қолдады.

Өңіріміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің күн сайынғы жұмысы татулықты, келісімді сақтауға, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған. Біздің ассамблея тың идеялардың генераторы, сонымен бірге ұлттық бірлікті сақтаудағы мемлекеттік саясаттың сенімді тірегі болуы керек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp